Жұма, 29 наурыз, 13:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қазақстан-Ауғанстан: Екі ел арасында не өзгеруі мүмкін?

24.08.2021

1467 0

Ауғанстан жерін Талибандар (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) басып алғаннан кейін жұрттың алаңдап қалғаны рас. Ендігі жағдай не болмақ? Қазақстан билігі қандай саясат ұстанады? Міне, осы сынды басқа да сауал көптің көкейінде жүр. Тіпті әлеуметтік желіде сол елден қашып келген босқындарды қабылдайды деген ақпарат та бар. Тәліптердің билікке келуінен Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы байланыс өзгере ме?

Көпшілікті алаңдатқан мәселенің бірі – Ауғанстандағы елшілік жұмысы болатын. Қазақстан елшілігі ол жақтағы жұмысын тоқтатпайды екен. Бұл туралы 18 тамызда ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті. «Қазақстан аумағындағы Ауғанстан азаматтары еліне оралуға қатысты сұраққа жауапты елордадағы өз елшіліктерінен біле алады. Азаматтар жүгінген жағдайда Қазақстандағы Ауғанстан елшілігі мәселені біздің құзырлы органдармен бірлесіп қарастырады. Ал Қазақстан аумағында ресми қызмет етіп немесе білім алып жатқан ауған азаматтары жұмысы мен оқуын жалғастыра береді», – деді ол.

Сонымен қатар Отандық елшілік тәліптермен де келіссөз жүргізгендей. Себебі олардан талибан өкілдері «Сендер кімсіңдер?» деген сауал қойып, қызметтерін анықтаған. «Саяси тұрғыда келісім болған жоқ. Кабулдағы елшілігіміздің мәліметі бойынша, тәліптер Кабулды басып алған кезде, олар біздің елшілік орналасқан аймаққа кірген. Ол кезде елшіліктің күзеті болмаған. Осы сәтте елші тәліптермен сөйлесуге шыққан. Олар «Сендер кімсіңдер? Қандай елшілік?» деп сұрапты. Біз бұл Қазақстанның елшілігі екенін айттық. Олар «Ештеңеден қорықпай жұмыс істей беріңдер. Сендер біздің қорғауы-мыздасыңдар» деді. Әзірге тек осы деңгейде байланыстар болды», – деді Ақан Рахметуллин ОКҚ онлайн брифингінде.

Бірақ бұл Қазақстан талибан ұйымын қолдайды және алдағы уақытта бірге жұмыс істейді дегенді білдірмейді-мыс. Бұл туралы 20 тамызда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақан Рахметуллин Қазақстанның ауған еліндегі жағдайға қатысты ұстанымын айтты. «Біз Талибанды мойындаған жоқпыз. Күні кеше сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Біз осы елдегі жағдайды жіті бақылап отырмыз», – деді Рахметуллин орталық комму-никациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда вице-министр Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәлімдемесін де қолдайтынын еске салды. Ол құжатта ауған жерінде инклюзивті және өкілдік үкімет құру, аз ұлттар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу мен халықаралық құқықты сақтау туралы жазылған.

«Қазіргі кезде барлығы жағдайды бақылап отыр. Ұйымның айтқан сөздері іс-әрекетіне қаншалықты сай болады, көп нәрсе соған байланысты болып тұр. Кабулдағы Талибан – бұл өмір шындығы, осы шындықпен жұмыс істеу керек. Бірақ Талибанмен саяси немесе басқа бір деңгейде ешқандай байланыс болған жоқ», – деп атап өтті Рахметуллин.

Сондай-ақ желіде 1000 босқынды елге алып келу туралы желдей ескен құжаттың суреті де жүр. Бұл құжаттың негізгі мақсатын төтенше жағдайлар министрлігі түсіндіріп берді. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері «босқындарды орналастыратын орындар туралы ақпарат беруі тиіс» делінген құжаттың дайындық жұмыстарына арналғанын айтты.

– Егер біз басқа елдерден сұраныс алсақ және мемлекет басшылары деңгейінде бұл елге көмек көрсету туралы шешім қабылданатын болса, онда ТЖМ оларды қабылдауға дайын болуы керек. Бұл сол жоспарланған жұмысты орындауға бағытталған дайындық. Мұны Ауғанстаннан келетін босқындарды қабылдауға дайындық ретінде қабылдауға болмайды, – деді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Демалыс күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына барды. Өз сөзінде ол Ауғанстандағы жағдайға байланысты пікір білдірді. Президент қарулы күштердің қандай жағдайға да дайын болуы керегін айтты.

– Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Алматыдан Ауғанстанға апаратын әуе дәлізін ашқысы келеді екен. Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының арнайы өкілі және басшысы Дебора Лайонс миссия қызметкерлері Алматыдан Кабулға қалай қатынауы мүмкін екенін айтты.

– Біз Алматыдан Ауғанстанға тікелей рейс жасау үшін келісімшарт жасай аламыз. Бірақ қазір бұл мүмкін емес. Дегенмен халықаралық қызметкерлеріміз Ауғанстанға ұшып, бір-бірін ауыстырып отыруы үшін алдағы айларда осындай дәліз құра аламыз деп үміттенеміз. Бұл бізге Ауғанстандағы жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, қызметкерлерді алмастырып отырар едік, – деді Дебора Лионс орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қысқасы, алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыстың қандай болатыны әзірге белгісіз. Дегенмен Қазақстан барлық жағынан да дайындық жұмыстарын жүргізіп, кез келген жағдайда жұмыс істей алатынын да көрсеткендей. Елшілік қандай жағдай болсын жұмысын жалғастыруда, әскерилер ел тыныштығын күзетуде, БҰҰ-мен де жұмыс жасалуда.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: