Сенбі, 23 қараша, 00:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қытай кімді жақтайды?

31.07.2021

891 0

Байқасақ, соңғы уақытта «Әбігер әлем» айдарымен жарияланған мақалалардың басым дені тәліптердің іс-қимылына арналыпты. Басылым бетінде Ауғанстан жағдайы мен әскери шешім, НАТО сарбаздарының шегінуі мен ахуалдың Орта Азияға ықпалы тұрақты қаузалды. Оқырман да ондағы қоғамдық көңіл-күй, қарулы шабуыл, мүдделер қақтығысына қаныққан болар. Сондықтан кезекті тарқатар тақырып ауанын өзге өңірге бұруды жөн көрген едік. Алайда апта басындағы Чао Дэннің «The Wall Street Journal» газетіне жарияланған сараптамасы тағы да тәліптер тақырыбына оралуға түрткі болды. Себебі бұл жолғы ақпардың салмағы басым, айтары мол. Тіпті салдары Таяу Шығыс тұрмақ, Орта Азия мен ислам әлемінің даму деңгейін түбегейлі өзгертуі ықтимал.

Мақала өзегі – Қытай мен тәліптер байланысы. Сейсенбіде Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И мен «Талибан» ұйымының белді өкілі Абдул Ғани Барадар кездесіп, келіссөз жүргізді. Әзірге лаңкестік ұйым мен Қытай арасында қандай екіжақты жобалар қозғалғаны белгісіз. Дегенмен Ауған жеріндегі дауға қытайлықтардың араласуы, оған қоса тәліптерді арнайы шақыруы алда жаңа саяси комбинацияның жүзеге асарын аңғартып тұрғандай.

«АҚШ әскерінің Ауғанстан аумағынан кетер сәті таяған сайын Қытай билігі белсенділік танытуда. Сәрсенбі күні Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И «Талибан» ұйымының делегациясымен кездесу ұйымдастырды. Қытайдың солтүстік-шығысындағы Тяньцзинь қаласында өткен басқосуға тәліптер тарапынан молда Абдул Ғани Барадар қатысқан. Келіссөз барысында министр тәліптерді лаңкестік топтардан аулақ болуға, бейбітшілікті сақтауға шақырды. Ван И «Талибан» ұйымын Ауған жеріндегі ықпалды топ деп атап, мемлекетті қалпына келтіруге қауқарлы күш екенін жеткізді. Осы арқылы Қытай билігі АҚШ әскері кері қайтқан шақта аймақтағы негізгі басымдықты өзіне алатынын білдірген».

Осы ретте сәл шегініс жасап, кездесудің саяси салмағы мен қос тараптың атынан шыққан тұлғаларға тоқтала кетейік. Бұл тегін емес. Басқосудағы барлық қалтарыс детальдарды талдағанда ғана әлемдік БАҚ-тың оқиғаға неліктен ерекше назар аударғанын, келешек мән-маңызын жете түсінуге жол ашылмақ.

Алдымен кездесудің деңгейінен бастайық. Жыл басында тәліптер Мәскеуде келіссөз өткізгені мәлім. Онда Ресей Федерациясынан президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, тәліптер тарапынан Шахабуддин Делавар қатысқан еді. Бұл кездесудің аса бір салмағы болмағандықтан кейіннен лаңкестер атынан айтылған уәде мен мәлімдемелердің басым бөлігі шала күйінде қалған-тұғын. Оған тәліптердің орыстарға арқа сүйеуге аса құлықты болмағаны себеп болса керек. Олай дейтініміз, кездесуге ұйымның көшбасшылары емес, «тәліптер иерархиясындағы екінші санатты» Шахабуддин Делавар секілді өкіл­дер­дің келуі-ақ аңғартқан. Ал Қытайда өткен кездесу­дің жолы бөлек. Мұнда қатардағы шенеунік емес, Қытай атынан сөйлеуге құзіретті министр Ван И мен «Талибан» ұйымының негізін қалаушылардың бірі Абдул Ғани Барадар кездесті.

Оқырманға түсінікті болу үшін қос өкілдің саяси сахнадағы позициясы мен ықпалына көз жүгіртейік. Мәселен, Сыртқы істер министрі Ван И АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Иран секілді мемлекеттер мен БҰҰ, НАТО сынды ұйымдар алдында Қытайдың мүддесін «жан шыққанша» қорғайтын әккі дипломат есебінде таныс. Сондықтан дәл Ван Идің басқосуға баруы қос тараптың шынайы ынтасын білдіреді. Ал Абдул Ғани Барадар болса, Мұхаммед Омарға «Талибан» лаңкестік ұйымын құруға жәрдемдескен ең ықпалды содыр. Интерпол оны іс жүзінде ұйымдағы қолында билігі бар ең танымал лаңкес деп көрсетуде. Міне, кездесудің салмағы мен мәні енді ашыла бастағандай…

Қытай кімді жақтайды?

«Бұған дейін де Бейжің ұзақ жыл тәліптермен байланыс орнатып келді. Ауғанстан жерінде лаңкестердің билігі нығайған сәтті қатынас қайта жанданып сала берген. Тәліптер Қытайды Пәкістанға ықпал ету құралы және экономикалық потенциалы жоғары серіктес есебінде пайдаланбақ. Ал Қытай болса, АҚШ-тан кейін Ауғанстанда бос қалатын ықпал вакумын толтырып, «Бір жол, бір белдеу» жобасын жүзеге асыруды көздейді. Оған қоса пандемияға дейін Қытай, Ауғанстан, Пәкістан үкіметі Пешавар мен Кабулдан өтетін автомагистраль құрылысын жүргізуге келіскен болатын. Сол үшін Қытай алдымен аймақтағы қауіпсіздікті сақтауға және лаңкестікті тоқтатуға құлықты.

Алайда Бейжің тәліптермен байланысты кү­шейтсе, Ауған билігімен арақатынасты ушық­тыруы мүмкін. Ай басында Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен телефон арқылы байланысып, екіжақты ынтымақты дамытуға шақырған еді. Сарапшылар Қытайдың тәліптер мен Ауған билігін ымыраға келтіруге жасаған әрекеті АҚШ-тың ойымен астасуы қажет деген пікірде».

Сонымен мақаладан аңғарғанымыз, Қытай­дың содырлармен келіссөз жүргізуінің бірнеше себебі бар. Оған сауда жолы, аймаққа билік жүргізу, АҚШ-пен бәсеке секілді негізгі мақсат енбек. Алайда Қытайды лаңкестерді «өз үйіне шақыруының» тағы бір мәні жасырулы. Ол – солтүстік-батыс аймақтағы ислам дінін ұстанатын азшылық ұлттарды бақылауда ұстау. Соңғы уақытта тәліптердің идеологиясы ел асып, Қытайдың мұсылман ұйғырлар қоныстанған Шыңжаң аймағына да сіңе бастады. Жалпы Шыңжаң аймағы Ауғанстанның таулы өңірімен шектеседі. Соңғы уақытта Қытай билігі ұйғырлардың шетелде діни оқу оқып, елдің ішкі тыныштығын бұзуды көздейтінін жиі айтып келеді. Тіпті мұсылмандарды қатаң тәртіптегі лагерлерге қамау себебін де осымен байланыстырады. Сон­дықтан Қытай үкіметінің тәліптерге дегенін істетуге талпынуы елдегі радикалды бағыттағы мұсылмандардың айылын жиюға жасаған қадамы деп түсінсек болады. Содан болар, содырлар жетекшісі Абдул Ғани Барадар кездесу барысында Сыртқы істер министрін Қытайдың ішкі ісіне араласу «Талибанның» ойында жоқ екеніне сендірді.

«Қытайдың тәліптермен байланысын ел азамат­тары әртүрлі қабылдауда. Бірі мемлекет қауіпсіздігі үшін содырлармен келіссөз жүргізу дұрыс десе, енді бірі лаңкестердің уәдеге беріктігіне күмән келтіреді. Қытайдағы «Global Times» таблоиды аталған басқосу Қытай қауіпсіздігі мен мүддесін қорғауға әсер етеді деген көзқараста. Цинхуа университетінің зерттеу бөлімінің басшысы Цянь Фэн болса, бізге берген пікірінде: «Бәрін уақыт көрсетеді. Тәліптер Шыңжаңдағы ахуал туралы немесе Қытайға қарсы ешқашан ресми мәлімдеме берген емес. Егер олар бізге берген уәдесінде тұрса, бәрі оңынан болатын секілді», – деді».

Ғасыр басында БҰҰ Қауіпсіздік Қеңесі «Талибан» тобын лаңкестік ұйым деп таныды. Содырлармен тікелей немесе жанама байланыс жасаған кез келген елді бейбітшілік жақтаушысы деп санамайтынын білдірген-тұғын. Алайда бұл ортақ ұстанымды назарға алу соңғы уақытта сиреп кеткен секілді. Себебі қатарында 70 мыңға жуық қаруласы ғана бар тәліптердің әлі күнге толық жеңіліс таппауы, өкілдерінің Ресей мен Қытайда ел кезіп, ресми сапар­мен жүруі астар мен күдікті көбейтеді.

Шындығында, «шаңырағымыз» бөлек болғаны­мен, жер шарындағы мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Ақиқатқа тура көз тастау келер кеселдің жолын кесері анық. Ал көзден таса қалдырсақ, салқыны соғып, жалыны шарпуы ықтимал. Сон­дықтан сыртқы қауіпсіздікті ойлағанда Шығысқа да мойын бұрып қойған жөн.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: