Жұма, 11 қазан, 21:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Қытайды алаңдатқан мәселе

24.04.2021

1838 0

Өткен аптада әлемдік БАҚ «Қытайдың халық саны төмендеуі мүмкін. Жастары шаңырақ көтеруге асығар емес» деп өре түрегеле, жарыса жазды. Алғашында, рейтинг үшін жасалған әдіске жорып, елемей өткенімізбен, ақпарат ауқымы мүйізі қарағайдай басылымдарға ойысқанда сәл кідіруге тура келді. Әйтпесе, «сұрбойдақ» пен «оң жақта отырған қыздың» жайы қалың Қытайды алаңдатады дегенге кім сенер..? Миллиардтан астам халықтың мұндай мәселені көтеріп, күн тәртібіне шығаруы қисынға да келмейді. Оның үстіне, түрлі таптаурындар мен ұғым-түсінік Қытайдың нақты санын көмескілегендіктен, бүгінгі жұрттың сене қоюы қиын еді. Алайда ақпаратқа дендей енгенде мәселенің мән-жайы нақтылана түсті. Осыған орай «The Wall Street Journal» газетінің тілшілері Чао Дэн мен Лиянь Цидің «Қытайдағы отбасы құндылығы: бұзылған неке қаупі» атты мақаласына талдау жасау жөн секілді. Себебі көршінің бүгінгі шешімі келешек бізге де салқынын тигізбеу үшін «ішкі тінін» тарқату дұрысырақ.

Сейсенбіде жарық көрген мақалада «аспан асты елінің» демографиялық өзгеру тарихы, саяси және партиялық бағдарламалар, әлеуметтік-тұрмыстық көр­сеткіш қамтылып, мәселеге толыққанды зерттеу жүр­гізілген.

«Си Цзиньпиннің басқаруы тұсында Қытай ком­мунистік партиясы отбасы құндылығы, жастардың ерте некеге тұруы, елдегі әйел рөлі секілді мәселені қайта қарап, ұсыныстарды талқылау көбейді. Ондағысы, шаңырақ көтеруге асықпайтын, тіпті жұп болуға мүлде қарсы замануи қытай әйелдерін «отбасына қайтару» екені анық. Партия әйел теңдігі хақында біршама жұмыс атқарғанымен, қазіргі таңда қыз-келіншектің отбасын ойлауы қажет деген ұғымды сіңдіруде. Соған сәйкес, әйелдің «от басы, ошақ қасында» болып, балаға қарау, қарттарға жәрдемдесу секілді әрекетті естен шығармауын қалайды. Оған қоса бала туу көрсеткішінің төмендеуіне және некеге тұру азайғанына алаңдаушылық білдірді. Мао Цзэдун басқарған тұста әйелдерді еңбекке араласуға үндеп, тұрмыс құру мен балалы болуға асықпауға шақырған еді. Тіпті кейін «Бір отбасы – бір бала» қағидасын бекіткені мәлім. Ал бүгінгі билік керісінше әрекет етуге көшкен».

Расында, Қытайдағы демографиялық ахуал жаңа әлеуметтік-саяси сипат алған секілді. Мұны партияның басты ұранынан да байқауға болады. Ғаламторда жарияланған мемлекеттік ұранда «Отбасы, отбасы сауаты мен отбасы құндылығы» тіркес жиі кездеседі. Мамандар болса, мұндай қадам кәнігі саяси комбинация болуы ықтимал деген пікірде. Себебі өткен жылдың қараша айынан бастап ҚХР-да жалпыұлттық халық санағы жүргізілуде. Халық саны төмен түспеуі үшін партия санақтың мерзімін ұзартып, жағдайды өз ыңғайына жығуы мүмкін екен.

«Қаладағы қытай қыздары тұрмыс құруға құлықты емес. Мысалы, 28 жастағы Лян Вэйді алайық. Ол жылына бір рет қана кездесуге барады, ал жігітпен ең ұзақ қарым-қатынасы төрт жыл бұрын болған. Шанхайдағы білім беру ұйымында қызмет атқарғандықтан оның қаржылай қиындығы жоқ. Ол өзінің Цзянси аймағында тұратын әке-шешесіне тұрмыс құруға қыстамауын, ешкімге қоспауын, «танысу бұрышына» (Қытайдағы отбасын құруға көмектесетін агенттіктер -ауд.) бармауын үнемі ескертіп отырады. Ол бізбен әңгімесінде: «Мен өмір бойы тұрмыс құрмауым мүмін» деді.

Кэролайн Чен – Бейжіңге жақын маңдағы Чжанцзякоу қаласында тұратын 32 жастағы Қытай азаматшасы. Ол да өз шаһарындағы қыздардың тұрмыс құруға асықпайтынын, жұмыс пен достармен уақыт өткізуге құштар екенін растады. Тіпті «Егер маған біреу шаңырақ көтеру туралы сөз бастаса, қашып кетер едім» деп ойымен бөлісті» – дейді мақала авторы.

Осы тұста сәл кідіріп, шығыс халықтарына ортақ әлеуметтік әдет-ғұрыпқа көңіл бөлгім келеді. Бұрынғы қазақ қоғамында қалыпты саналған «атастыру», «әке-шеше ықпалымен бас қосу» ұғымы Қытайдың дәстүр-салтында әлі күнге кездесетінін білгенде таңданыс туды. Себебі өткен ғасырдың ортасында ел билігі ата-ана баланың некеге қатысты ісіне араласуға болмайды деген заң шығарған-тұғын. Авторлар Қытайда сонда да болса ата-ананың күйеубала/келін таңдауда баланы үгіттеуі, балалары туралы ақпарат алмасып, кездесу ұйымдастыруы тыйылмағанын айтады.

Сонымен қатар мақалада «қыз-келіншектер неліктен күйеуге шығуға асықпайды?» деген сауалға жауап іздел­ген. Шешім ретінде бірнеше маманның пікірін келтіреді. Алдымен «аспан асты еліндегі» әйелдердің болмыс-бітімі туралы еңбектердің егесі Хонг Финчердің сөзі қосылыпты. Ол қытай қыздарының тұрмыс құруға қарсылық білдіруі феминизм әсері емес, өзгерген орта деген ұстанымда екенін айтқан. «Билік үшін ең үлкен мәселе – жайдан-жай отбасы құруға қарсылық білдіретін қарапайым әйелдер» дейді Хонг Финчер. Ал Калифорния университетінің әлеуметтану профессоры Ван Фэн: «1990 жылы әрбір қытайлық қыз 30 жасқа дейін тұрмыс құрушы еді. 2015 жылдан бастап Шанхай секілді үлкен қалаларда 30 жасқа дейінгі әрбір бесінші қыз-келіншек мүлде тұрмыс құрмаған» дейді.

«Мемлекеттік статистика көрсеткендей, қытай эми­грант­тарының 85 проценті отбасын құратын жас­қа келген. Алайда олар аптасына 44 сағат жұмыс істеп, отбасын құруға, қарым-қатынас жүргізуге уақыты болмайды. Сондай-ақ жас қытай қыздары неке институтының келеңсіздігі туралы көп айтады. Қазір туысқандар мен ата-ана тарапынан болатын тұрмыс құруға үндеу, қысым көрсетуге қарсылық шарасы белең алды. Оның үстіне косметика жарнамасымен айналысатын SK-II компаниясы ұйым­дастырған қарсылық шарасы отқа май құйып, қарсы­лықты қолдаушылар саны артып келеді. Алайда бұл жалғыз басты қыз-келіншектер некеге тұруға түбегейлі қарсы дегенді білдірмейді. Оған итермелейтін  мемлекеттегі гендерлік теңсіздік, жұмыс пен білім алудағы кемсіту оқиғалары себеп болуда.

Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін партия көптеген бағдарлама қабылдаған. Си Цзиньпин мырза болса, қоғамдағы құндылықты қалпына келтіру, ұлт болашағын қалыптастыру, отбасы беріктігін нығайту үшін әйелдердің ықпалын көтеру керек дегенді айтуда. Алайда мұндай ділмар сөз де нәтиже берер емес. Жыл сайын отбасы құрғандар саны кеміп келеді. Мысалы, 2014 жылы елдегі 1000 адамның 9,6 проценті шаңырақ көтерген болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 6,6 процентке азайған. Көрсеткіштің мұнша төмендеуіне ықпал еткен – ондаған жылға созылған «бір бала» саясаты. Қазір Қытайда отбасын құруға қауқарлы адам саны тым азайған. Сондай-ақ елдегі ажырасу оқиғалары да өз әсерін тигізген. Осы мақсатта биыл билік сотқа жүгінген ажырасуға ниетті жандарға 30 күндік татуласу мерзімін бекітті».

Portrait Of Multi-Generation Chinese Family Relaxing In Park Together Smiling To Camera

Авторлар ажырасудың тағы бір басты итермелеуші күшін көрсетеді. Ол – отбасындағы зорлық-зомбылық. Мақалада Бейжіңдегі әйел құқығын қорғауға арналған «Equality» ұйымының басшысы Фэн Юанның қоға­мындағы әйелге көзқарас, зорлық-зомбылық туралы пікірі қамтылған. Оған қоса қытайдың жоғары лауазымды сотының мына бір дерегін ашық жариялапты. Онда ажырасуға келген өтініштің 70 проценті әйелдер тара­пынан түсетіні айтылған. Сондықтан «аспан асты еліндегі» қыз-келіншектердің отбасын құрудан қашуы зорлық-зомбылыққа қарсылық белгісі көрінеді.

Ажырасу мен отбасын құруға құлшынбау дәстүрлі қоғамның ағаттығы деген пікірдің жаны бар секілді. Өйт­кені дәстүрлі сана-сезім берік қалыптасқан материктік Қытайға қарағанда, өзге елдің дәстүр-салты араласқан Гонконг, Тайвань аралдарында жастар ерте жастан шаңырақ көтереді екен.

Сонымен, миллионның жайына «мұрты қисаймайтын» қытайдың ерте шаңырақ көтеруді жалпыұлттық науқанға айналдыруының сыры неде? Неліктен партия жиыны мен бағдарламасында бұл мәселе көтеріліп, Төраға не үшін келеңсіздікті шешуді тапсырды? Оның мәнісін білу үшін мақаладан тыс Қытайдағы және әлемдік ағылшынтілді басылымдар мен агенттіктерге шолу жасау жеткілікті еді. Соған орай, ғаламторда соңғы бір жылда қытайдағы «сұрбойдақтар» мен «оң жақта отырған» қыздар туралы жарияланған мақалаларды адақтап шықтық. Бағамдасақ, қытайдың мұнша алаңдауының астары жалғыз «қыз қамы» емес, жалғызбасты ерлер мен ұлт сапасы екен…

Ол былай. Қазір қытай қоғамында ауылда өскен сауатсыз, кедей, үйленбеген ерлер көп. Нақтырақ, 24-33 миллион. Мұны қытайдың әлеуметтік жіктемесінде «тұл бұтақ» санаты дейді. Яғни қаржылай қауқары жоқ, әлеуметтік тұрғыда әлсіз азаматтар. Қызығы сол, партия елде кездесетін түрлі қылмыстың өршуіне осы санаттағы және отбасын құрмаған азаматтар ықпал етті деп, ұлт сапасына қауіп төндірмеу мақсатында «оңалтуға» көшкен. Мысалы, елдегі ықпалды «Жэньминь жибао» (ағл. «People’s Daily») газетінде осы тақырыпта мынадай дерек келтіреді: «Үйленбеген ер-азаматтар тұрмыс құрмаған қыз-келіншектерге қарағанда қауіпті. Себебі некеге тұрмаған ауылдағы азаматтар арасында құмар ойын, қылмыс, адам саудасы, жөзекшелік ұйымдастыру тобына қатысы болғандар кездеседі» деген.

«Алайда партия қол қусырып отырған жоқ. 2016 жылы билік кеш үйленгендерге (25 жастан жоғары ерлер мен 23 жастан жоғары қыз-келіншектерге) жаңа шағырақ көтергендерге берілетін қосымша жетікүндік демалысты бермейтін болды. Сондай-ақ кең көлемде үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, некеге тұру көрсеткішін арттырмақ».

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: