Солтүстік Корея құрлықаралық баллистикалық зымыранды ұшырды. Бірақ ол ұшу кезінде сәтсіздікке ұшырады. Бұл туралы Оңтүстік Корея әскерилері хабарлады. Биыл жетінші рет ұшырылған зымыран Жапонияны үрейлендірді. Алайда зымыран нақты нысанасына жете алмады. Бұл туралы ВВС арнасында Тесса Вонг пен Иветт Тан «Пхеньян құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырды» тақырыбындағы мақалада жазды.
Солтүстік Корея жақында ядролық сынақтар өткізеді деген қауіптен шиеленіс күшейді. Сәрсенбі күні екі Корея бір-бірінің жақын жердегі суларын зымырандармен атқылаған. Оқиға нәтижесінде Солтүстік Кореяның бір күн ішінде ең көп зымыран ұшырғанын тіркеді.
Солтүстік Кореяның бірнеше рет зымыран ұшыруы АҚШ пен Оңтүстік Корея өздерінің тарихындағы ең ірі бірлескен әуе жаттығуларын өткізіп жатқан кезде орын алды. Пхеньян бұл жаттығуларды агрессивті арандатушылық деп қатаң сынға алуда.
Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб басшыларының мәлімдемесіне сәйкес Солтүстік Корея бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 07:40 шамасында ұзақ қашықтыққа ұшатын зымыран ұшырған. Зымыран шамамен 760 шақырым ұзақтыққа ұшқан. Бірақ Оңтүстік Корея әскерилері шабуыл сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеді. Одан бөлек Пхеньян қысқа қашықтыққа арналған екі зымыранды да қоса ұшырған.
Зымыран ұшырудың нәтижесінде Жапония үкіметі бейсенбі күні таңертең кейбір солтүстік аймақтардың тұрғындарына үйде болу туралы ескерту жасауға мәжбүр болды.
Токио бастапқыда зымыран Жапонияның үстінен өтті деп мәлімдегенмен, кейін қорғаныс министрі Ясуказу Хамада оның Жапон архипелагын кесіп өтпегенін, бірақ Жапон теңізінің үстінде жоғалып кеткенін мәлімдеді. Премьер-министр Фумио Кишида кейінірек Солтүстік Кореяның қайта-қайта зымыран ұшыруын «арандату» деп айыптады.
Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрінің орынбасары Чо Хён Дон мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Вэнди Шерман бейсенбі күні телефон арқылы сөйлескен кезде зымырандардың провокацияға алып келетінін айтқан.
Құрлықаралық баллистикалық зымыранды ұшырудан кейін АҚШ пен Оңтүстік Корея жұмада аяқталуы жоспарланған бірлескен әуе жаттығуларын ұзартуға келісті, − деп хабарлады Оңтүстік Кореяның әуе күштері.
Жалпы қатаң санкцияларға қарамастан Пхеньян 2006-2017 жылдар аралығында алты ядролық сынақ өткізді және жетіншісін жоспарлап отыр.
Сәрсенбі күнгі атқылау кезінде Пхеньянның баллистикалық зымырандарының бірі екі Корея арасындағы даулы теңіз шекарасы Солтүстік шекара сызығын кесіп өткен. Ол Оңтүстік Кореяның аумақтық суларынан тыс жерге қонса да бұл Солтүстік Кореяның шекараға ең жақын ұшырылған зымыраны болды.
«Солтүстік Корея қыркүйек айының соңынан бастап өзін көп «жарнамалап» жүргендіктен соңында ядролық атқылауға қабілеті барын дәлелдейтін жетінші ядролық сынақ болуы мүмкін», − деді Евха әйелдер университетінің Солтүстік Кореяны зерттеу профессоры Пак Вон Гон арнаға берген сұхбатында.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!