Бейсенбі, 19 желтоқсан, 00:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99 (2109)
14.12.2024
PDF мұрағаты

Си Цзиньпин билігін «бекітті»

17.11.2021

2000 0

Қытай басшысы Си Цзиньпин осы аптада Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдық қызметінің символы болған «тарихи қарарды» ұсынбақ. Коммунистік Қытайдың барлық қыз­мет еткен уақытында мұндай құжатты тек екі саясаткер, 1945 жылы Мао Цзэдун мен 1981 жылы Дэн Сяопин жариялады. Осы орайда ВВС арнасында Ип Ваиидың «Си Цзиньпин өз мәртебесін тарихи шешіммен бекітті» тақырыбында мақала жарияланды.

Құжат Қытай билігінде аса маңызды саналатын алтыншы пленарлық жалпы отырыста қабылданды. Онда партияның 100 жылдық қызметінде жеткен жетістіктері мен алға қойған жоспары қысқаша жазылған.

«Си мұндай қарар шығарған үшінші Қытай көшбасшысы болғандықтан, бұл қадам оның деңгейін партияның негізін қалаушы Мао мен мұрагері Дэнге теңестіруді көздейді», – деп жазылған мақалада.

Кей сарапшылар бұл қарарды Си Цзиньпинның Дэн тұсында бастау алып, Цзян Цзэминь сияқты басқа көшбасшылар жалғастырған Қытай басшыларының ондаған жыл бойы орталықсыздандыруын жоюға бағытталған әрекеті екенін айтып, бұл Қытайды «жеке басқа табыну» дәстүріне қайта оралуы әбден мүмкін деп санайды.

Төрт күнге созылған жабық мәжіліске Орталық Комитеттің 370-тен астам толық және 19 балама мүшелері,  яғни елдің жоғарғы басшылығы қатысқан. Бұл партия көшбасшыларының келесі жылғы ұлттық конгресс қарсаңындағы соңғы ірі кездесуі болды. Онда Си Цзиньпин өзінің үшінші президенттік мерзімін жалғастырады деп күтуде. 2018 жылы Қытай президенттік билікті екі мерзімге шектеуді алып тастап, оған өмір бойы билікте қалуға мүмкіндік берді. Арна эксперттері бұл шешім Си Цзиньпин билігін қатаң бекітеді деп бағалаған.

«Ол өзін Қытайдың ұлттық саяхаты эпопея­сының қаһарманы ретінде көрсетуге тырысады», – деді Қытайдағы ағымдағы оқиғалар туралы China Neican ақпараттық бюллетенінің редакторы Адам Ни. Ал Сингапур Ұлттық университетінің докторы Чонг Джа Ян жасалған соңғы қадам Си Цзиньпинды Қытайдағы бұрынғы көшбасшылардан ерекшелендіретінін айт­қан. «Бұрынғы көшбасшылар Ху Цзиньтао мен Цзян Цзэмин ешқашан Си сияқты біріктірілген билікті ұстанған емес. Дегенмен олар мұндай мүмкіндік болса пайдаланар ма еді, белгісіз», – дейді доктор Чонг.

Жалпы бұған дейін мұндай резолюцияны Дэн мен Мао оларға дейінгі билікті жою үшін қабылдаған.

1945 жылы партия пленумында қабылданған бірінші қарар Маоға 1949 жылы Қытай Халық Республикасының құрғанын жариялаған кезде толық билікке ие болуға көмектесті.

Ал Дэн 1978 жылы билікке келгенде, 1981 жылы Маоның 1966-1976 жылдарға дейінгі мәдени ре­волюция кезінде миллиондаған өлімге әкелген «қателігін» сынайтын екінші қарар қабылдауға бас­тамашы болды. Одан бөлек ол Қытайдың экономикалық реформаларының негізін қалады.

Алайда Адам Ни бұрынғы қарарлардан айыр­машылығы, мұнда Си Цзиньпин өз билігін теңдессіз деп бағалауға бағытталған деп санайды. Оның мұндай пікірде болуына бұл қарардың бұған дейін он жыл бұрынды елестету қиын болған, бүгінде Қытай әлемдік державаға айналған тұста қабылдануы себеп болған.

Доктор Чонг «Ел қазіргі кезде экономикасы, әскери күшінің деңгейі едәуір өскен державаға айналды. Одан бөлек Қытай Комунистік партиясы мен оның билігін еш қарсылықсыз тереңге тамыр жайды», – дейді доктор Чонг.

Сарапшылар Си Цзиньпин тұсында Қытай Комунистік партиясы біраз жетістікке жеткенін мойындайды. Дегенмен саясат «ғажайып» болған­дықтан Си өз билігін қанша мықтап бекітсе де алдағы уақытта өзгеріс болуы мүмкін екенін де тілге тиек етуде. Сарапшылар Қытай саясаты анау айтқандай ашық болмағандықтан, алдағы уақытта не боларын нақты пішіп айту мүмкін еместігін алға тартуда.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: