Ауғанстан мен Тәжікстан елдері шекараға қарулы әскерлерін жинай бастады, деп хабарлайдыDeutsche Welle сайты.
Бұл жайында Ресей сыртқы істер министрлігі мәлім етті. Атап айтқанда, Тәжікстанмен шекаралас Тахар аумағына арнайы бөлімшелердің ондаған мың сарбаздары жиналып бара жатқаны айтылады. Министрлік Душанбе мен Кабулды жағдайды шешудің бейбіт жолдарын табуға шақырды.
«Біз екі ел басшыларының өзара қатаң мәлімдемелері аясында тәжік-ауған қарым-қатынасындағы шиеленістің өсуін алаңдаушылықпен бақылап отырмыз. Ортақ шекараға екі жақтың қарулы күштерін орналастырып жатқаны туралы хабарлар келді. Тәліптердің мәліметінше, Ауғанстанның солтүстігіндегі Тахар провинциясының өзінде арнайы күштердің ондаған мың бөлімі орналастырылған», – деді Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Алексей Зайцев.
Зайцев сонымен қатар Кабул мен Душанбе бір-біріне қарсы қатал мәлімдемелер жасап жатқанын да атап өтті.
Бұған дейін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) үкіметін адам құқықтарын бұзды деп айыптап, оны мойындаудан бас тартқан болатын. Ал тәліптердің басшылығы бұған тез жауап беріп, Тәжікстанның Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауын талап етті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!