Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 10:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тәліптер шетелдік валютаға қарсы

07.11.2021

1495 0

Ауғанстандағы билікті тәліптер (Қазақстан­да тыйым салынған) қолға алғалы ауғандар ғана емес, әлем жұрты да алаңдаулы. Ұзақ жылдар бойы еліндегі билікке қарсы соғысқан ұйым билікті өз қолына алған соң жаңа жүйе енгізуде. Осы орайда ел ішіндегі жаңадан енген кейбір шектеулер халықтың көңілінен шыға қоймаған-ды. Соның бірі – шетелдік валютаға деген тыйым. Бұл туралы ВВС арнасы «Тәліптер Ауғанстанда шетелдік валютаны қол­дануға тыйым салды» деген тақырыпта мақала жариялады.

Мақалада тәліптердің ел ішінде шетелдік ақшаны қолдануға тыйым салуы онсыз да құрдымның алдында тұрған экономикаға кері әсерін тигізуі мүмкін делінген. Тәліптер өз мәлімдемесінде «Экономикалық ситуация мен ұлттық қызығушылықтар елдегі әрбір адам сауданы тек ұлттық валютамен жасауын талап етуде», – деген.

Негізінен Ауғанстан жеріндегі билікті тәліптер басып алғаннан кейін мұнда біраз қиындық пайда болды. Халықаралық қаржы ұйымы демеушілігін тоқтатқанының өзі бұл мемлекетті тығырыққа тіреді.

Жалпы ауған жерінде АҚШ доллары көп қолда­нысқа ие. Одан бөлек Ауғанстанға жақын орналасқан Пәкістан еліндегі сауда жүйесінде кеңінен пайдала­нылады.

Жақында желіде талибан ұйымының ресми өкілі Забихулла Муджахид арнайы үндеу жариялады. «Ислам әмірлігі барлық азаматтарға, саудагерлер мен кәпірлерге, жалпы қоғамға ендігі кезде барлық қызметті тек ауғандармен жасасуды және тек ұлттық валютаны қолдануды міндеттейді», – делінген жазбада. Сондай-ақ бұл тапсырманы орындамаған кез келген адам қылмыстық жауапкершілікке тар­тылатыны да айтылған.

Тамыз айында тәліптер билікті басып алғаннан соң Ауғанстанның миллиардтаған долларлық шетелдік активтерін АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі мен Еуропадағы орталық банктер бұғаттап тастаған.

«Біз тәліптерге қарсы санкцияларымызды сақтау керекпіз және ауған халқына заңды гуманитарлық көмек беруге міндеттіміз деп есептейміз. Қазіргі кезде біз дәл осылай істеп жатырмыз», – деді АҚШ Қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемо.

Тәліптер өз кезегінде елдегі экономикалық қиындықты алға тартып, шетелдік банктерде сақталған ұлттық активтерді бұғаттан босатуды сұрап отыр.

Ауғанстан экономикасы негізінен шетелден берілетін көмектің болмауынан да әлсіреді. Себебі шет мемлекеттер берген грант мемлекеттік шығынның төрттен үш бөлігін жауып отырған. Жыл басында сондай-ақ Халықаралық валюта ұйымы Ауғанстан енді өз қаржысына қол жеткізе алмайтынын мәлімдесе, Дүниежүзілік банк елдегі қаржылай қолдаулардың толық тоқтататынын айтқан.

Өткен айда Халықаралық валюта ұйымы мұн­дағы экономика 30 процентке құлдырап, елде гуманитарлық дағдарыс орнап, миллиондаған адам кедейлікке тап болады деп болжаған. Сонымен қатар елдегі дағдарыс босқындардың пайда болуына және олар Түркия мен Еуропа елдеріне қашу арқылы сол мемлекеттерге де кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтқан.

Ауғанстанға қуаңшылықтың да кесірі тиіп, бү­гінгі кезде астық бағасы күрт көтеріліп кеткен. Біріккен ұлттар ұйымының дүниежізілік сауда бағдарламасы ауғанстандықтардың елдегі дағдарыс, эпидемиологиялық ахуал мен сыртқы саясаттағы жағдайы салдарынан аштықтан халық қырылуы мүмкін деп болжауда.

Алайда батыс державалар Ауғанстанда гуманитар­лық апаттың болғанын қаламайтынын айтқанымен, Талибан үкіметін ресми түрде мойындаудан бас тартып отыр.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: