Шығыс Африкада тағы жанжал шықты. Ендігі даулы орта – Уганда елі. Апта басында мемлекетте жаппай тәртіпсіздік орнап, қақтығыс нәтижесінде 40-тан астам азамат көз жұмған. Кикілжіңнің басты себебі президенттікке үміткер оппозиция серкесі Боби Вайнның қамауға алынуы еді. Осыған орай «The New York Times» газеті кезекті санында Абди Латиф Дахирдің «Шығыс Африка көшбасшылары саяси қарсыласын жаныштауда» атты мақаласын жарыққа шығарды. Басылымның Африка құрлығындағы теңдессіз тілшісі саналған Абди Латиф Дахирдің бірнеше мақаласына бұған дейін де талдау жасаған болатынбыз. Автор бұл жолғы сараптамалық ізденісінде оқиғаға жан-жақты баға бере суреттеп, түрлі пікірді бір арнаға топтастыра білген.
«Угандадағы сайлау науқаны қарашада басталды. Сайлауалды шараның бірінде полицейлер оппозиция көшбасшысы Боби Вайнды көзжасауратқыш газбен атқылап, ұрып-соғып қамауға алған. Соттағы басты негіздеме – саясаткердің коронавирус шектеуіне мойынсынбай үгіт-насихат шарасын жүргізген айыбы. Телефон арқылы байланысқан сәтте қамауға алынған оппозиция серкесі: «Олардың мақсаты мені өлтіру екенін білемін. Алайда біз алға қойған мақсатымызды тоқтатпаймыз» деді. Жалпы Африкада саяси қадам жасап, билікке ұмтылған партия басшысы мен белсенділерді қудалау белең алуда. Ресми биліктің үйреншікті әдісі – түрмеге тоғыту, райынан қайтару, үнін шығармау. Мысалы, Эфиопия билігі медиа-магнат, оппозиционер Джавар Мохаммедті терроризм айыбымен бес ай абақтыға қамаса, Танзанияның кейбір депутаты саяси қысымнан елден кетуге мәжбүр болған. Сарапшылар болса мемлекет басшылары өз билігін нығайтуға және өзге пікірдегі азаматтарды жаныштауға коронавирусты желеу етеді деп алаңдауда».
Автордың сөзінше, кезекті сайлау уақыты келер жылдың қаңтарына дөп келмек. Алайда жойқын қысымға ұшыраған Боби Вайн жақтаушыларының билікті қолға алу, президент Йовери Мусевениді тақтан тайдыру ойы жүзеге аспайтын секілді. Қарсылық шарасында 600-ден астам адам қамауға алынып, 40-тан аса адам қаза болғанымен, билік Боби Вайнды бостандыққа шығаруға көнбей отыр.
Сондай-ақ мақалада «Африкадағы көтеріліс: ұлттық қарсылық пен саяси өзгеріс» кітабының авторы және Нью-Йорк қалалық университетінің профессоры Захария Мэмпиллидің пікіріне де орын беріпті:
«Демократия дәуірі келген 1990 жылдан бері оппозиция көп кедергіге душар болды. Билік қауқарлы оппозиция өкілдерін көзі шалса, қолда бардан айырылмау үшін жаныштау амалын қолданады», – деген З.Мэмпилли.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!