Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

ҰҚШҰ әскері елден шығарылды

25.01.2022

512 0

Озбырлардың ойранынан кейін елге ҰҚШҰ әскері кіргізілген еді. Республикамызда өз күштік құрылымдарымыздың арқасында конститутциялық тәртіп қалпына келтірілді. Стратегиялық нысандарды күзеткен бітімгершілік әскері де елден шығарылды.

Жалпы содырлардың лаңынан кейін еліміз сырттан көмек сұрауға мәжбүр болды. Сөйтіп Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына елдегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін Біріккен бітімгершілік контингентін енгізу туралы 5 қаңтарда өтініш жасады. Бітімгершілік ұйымы ұсынысты сол күні-ақ қолдады. Осылайша 6 қаңтар күні ҰҚШҰ әскері елге келіп, әскери міндетін орындай бастаған болатын.

Бұл туралы «Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің басты мақсаты  – бейбітшілік. Арнайы жасақ Қазақстанға алауыздық тудыру үшін емес, ел тыныштығын күзету үшін келді. Артық әрекетсіз нақты тапсырма бойынша жұмыс жасайды. Бәрі аяқталғаннан кейін елге оралады» деді Ұжымдық Қауіпсіздік Туралы Шарт Ұйымының баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов.

Нақтырпақ айтсақ, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан аумаққа 2030 адамнан тұратын әскері мен 250 техника жіберді. Негізі Ұйымның жедел әрекет ету ұжымдық күшінің саны 18 мыңға жуық. Бізге тек екі мыңнан аса қарулы күш тартылды. Әскердің басым бөлігі – Ресейден. Беларусиядан жеткен қарулы күш саны – 100-300 арасында. Ал Армения – 70, Қырғызстан – 150, Тәжікстан – 200 сарбазын жіберген. Бұл Қазақстандағы жағдайды қалпына келтіруге деген бауырластық көмек болды. Алайда елдегі Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері мемлекеттік, әскери объектілер мен әлеуметтік маңызы бар объектілерді қорғау бойынша тапсырмаларды ғана орындады.

Осылайша ұйымдағы елдер лаңкестік әрекет кезінде қолдау білдіріп, дер кезінде көмек көрсете білді. Бітімгерлердің аса маңызды нысандарды күзетуге алуы Қарулы Күштер, құқық қорғау органдары мен құралдарының негізгі бөлігін босатып, лаңкестермен күресуге мүмкіндік берді. Осы жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының тиімділігі білінді. Осы тұста айта кету керек, ҰҚШҰ күштері тек Нұр-Сұлтан мен Алматыға табан тіреген болатын.

Ұйымға әскері міндетін ойдағыдай орындады. Елдегі ахуал да тұрақталды. Соған орай, ҰҚШҰ бітімгершілік контингентін елден кезең-кезеңімен шығару Қазақстан Президенті белгілеген мерзімге сәйкес 13 қаңтардан бастап жүзеге асырылды.

Алғаш болып біріккен контингенттің негізін құраған Ресей әуе-десант әскері Отанына оралды. Ізін ала ертесіне белорусь және армян әскери қызметкерлері Қазақстаннан кетті. Беларусь, Тәжікстан және Армения әскерін өз елдеріне жеткізген кезде Ресей әуе-ғарыш күштері авиациясының ұшағы пайдаланылған. Ал Қырғыз әскері өз әскери техникаларымен еліне жеткен. Біз өз кезегінде ҰҚШҰ мемлекеттері бітімгершілік әскер командирлерінің пікірін бергенді жөн санадық.

Талантбек Калибов, Қырғыз Республикасы бітімгерлік контингентінің командирі:

«Жергілікті халық бізге жылы қабақ танытты. Жақсы тілектерін де аямады, бұған қуанып қалдық. Қырғыз контингенті де бауырлас елге барынша көмек беруге тырысты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында бұндай бітімгерлік операция алғаш өтті және ол сәтті жүзеге асты деп санаймын. Қазақ еліне өркендеу мен бейбітшілік тілеймін».

Мировар Хушбахт, Тәжікстан Қарулы күштері бас штабы басшысының бірінші орынбасары:

«Міндетті түрде салтанатты қарсы алу болады, Тәжікстан аумағындағы әскери контингент, Тәжікстан Республикасының қорғаныс министрі және бүкіл тәжік халқы елде күтіп отыр. Бізге жүктелген міндетті абыроймен атқардық деген мақтанышты күйде, өз отанымызға аттанып жатырмыз. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін әскери операцияда қолданған алғашқы ел. Сәйкесінше әскери қызметшілер де алғаш тәжірибе алғандарын жасырмады. Оның ішінде стратегиялық нысандарды қорғау аса маңызды міндет екенін іс жүзінде көрді».

Тарон Качарян, Армения Республикасы бітімгерлік контингентінің командирі:

– Біріншіден, бітімгерлік операцияға қатысу біз үшін үлкен тәжірибе. Екіншіден, Армения бауырлас елдерге қол ұшын созуға әрдайым дайын. Қазақстан біз үшін солардың бірі. Бұл біз үшін абырой да, міндет те. Осылайша Ұйымның Бас хатшысы Станислав Зась атап өткендей, бітімгерлік күш жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Ұйымға мүше елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекет тұтастығын сақтауға зор үлес қосты.

Қазақстан тарихында алғаш рет республика бойынша тараған терроризм мен экстремизм әрекеттеріне қарсы күресте елге көмек қолын созған Бітімгершік әскеріне ел президенті де алғысын айтты. Осылайша одақтас елдерден тартылған әскер сындарлы сәтте қолдау көрсетіп, өз орнына келгенде елдеріне қайтты.

Жалпы ҰҚШҰ әскерінің елдегі ахуалды тұрақтандыруда көмегі зор болды. Қазақстанның қарулы күштері негізгі мемлекеттік мекемелерді қорғауға емес, ел ішіне іріткі салып, төңкеріс жасамақ болған бүлікшілерді ұстаумен айналысты. Өз кезегінде бұл жұмыстар нәтиже берді. Қазірдің өзінде Қазақстандағы жалпы ұсталғандардың саны 10 мыңнан асты. Оққа ұшып, қарсылық көрсетіп, қаза болғандардың саны әлі белгісіз.

Қазір жағдай тұрақты. Ел еңсесін тіктеп, елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Келтірілген шығын көлемі есептеліп, террорлық әрекет кезінде зардап шеккен нысандар қалпына келтірілуде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: