Біз кейде ашықтық, сөз бостандығы секілді құндылықтарды зерделегенде азаматтық қоғам мен журналистиканың мән-маңызын ескере бермейміз. Бұл дамушы елге ғана емес, демократия ұстыны берік мемлекетке де тән қателік. Себебі соңғы уақытта журналистиканың ықпалы мен мүмкіндігін топшыламау мемлекеттік құпияны жариялау, геосаяси ахуалға ықпал ету сынды екіұшты тенденция әкелуде. Бұл Джейсон Дугластың тілші Джулиан Ассанж туралы «The Wall Street Journal» басылымына жариялаған «АҚШ Ассанжды беруді сұрады» атты көлемді мақаласынан кейінгі ой еді…
Алдымен сәл шегініс жасап, «Апта бойы әлемдік басылымның назарында болған Джулиан Ассанж кім?», «Оны АҚШ-пен не байланыстырады?» деген сауалға жауап іздейік. Джулиан Ассанж – атышулы «WikiLeaks» ұйымының негізін қалаушы, аустралиялық интернет-тілші. Ұзақ жыл АҚШ-тың Ауғанстанда жасаған озбырлығы, әскери бюджет, мемлекеттік бұйрықтар, Пентагон туралы құпия құжаттарды жариялап, әлемді өзіне қаратқан-тұғын. Тіпті ұйымның ресми сайтын ашып, онда белгілі тұлғалардың заңсыз әрекетін әшкерелеп отырды. АҚШ тілшіні мемлекеттің құпия ақпаратын жариялады, тыңшылық жасады деп айыптап, тұтқындауға бұйрық шығарғанын айтқан болатын. 2010 жылдан бері мекен-тұрағын Лондонға көшірген Джулиан Ассанждың сол сәттен күйі тайып, бас сауғалаумен болды.
Қызығы, ол заңнан қашып, Эквадордың Лондондағы елшілігінде жеті жыл жасырынған. Алайда 2019 жылы Эквадор билігі тілішіні Ұлыбритания билігіне тапсырып, мәселені шешкендей болып еді. Содан бері АҚШ Ұлыбританиядан журналисті беруді сұрап, экстрадициялау туралы талапты тоқтатпауда. Ал екі жыл Лондонның Belmarsh түрмесінде қамауда жатқан Ассанж болса, үрейге бой алдырып отыр. Оған себеп те жоқ емес. АҚШ билігі Джулиан Ассанжға 175 жыл қамау туралы үкім шығарып қойған.
«АҚШ билігі Ұлыбритания Джулиан Ассанжды экстрадициялаған жағдайда оның барлық қауіпсіздігін сақтайтынын айтты. Тіпті кінәсін мойындаса, жазасын туған жері – Аустралияда өтеуіне де мүмкіндік береді екен. Осылай АҚШ «WikiLeaks» ұйымымен ұзаққа созылған текетіреске нүкте қоймақ. Бүгінде экстрадициялау туралы талап Ұлыбританиядағы патша прокуратурасы, Лондон мен Уэльс прокуратурасына жолданған. Британдық сот талапты қарауға келісіп, отырыс күнін белгілеуді жоспарлауда. Басты бір талап – Ассанж мырза АҚШ-тағы ADX абақтысы мен қатаң режимдегі Колорадо түрмесіне қамалмауы қажет.
Қазіргі таңда Джулиан Ассанждың қорғаушысы мен Заң министрлігі ресми мәлімет беруден бас тартып отыр. Мамандардың пікірінше, тілшінің жазаны туған елінде өтеуі мүмкін емес. Мәселен, Лондондағы «Peters&Peters» заң фирмасының өкілі Ник Вамос АҚШ-тың бұған дейін шетелдік қылмыскерлер мен терроризм бойынша айыпталған азаматтарға мұндай мүмкіндік бермегенін ескертті».
Байқағанымыз, тілшінің Лондондағы жағдайы да мәз емес секілді. Қатаң режимдегі түрмеде жазасын өтеп жатқан Джулиан Ассанжға туған-туысымен қатар, жоғары лауазымды тұлғалардың өзімен кездесу қиындығы. БҰҰ мамандары журналистің құқықтары шектеліп жатқанын айтып, ел билігін шара қолдануға шақырды. Сондай-ақ мақалада автор парламент депутаты Джемери Корбиннің мынадай пікірін мысалға келтіріпті: «Мойындау керек, Джулиан Ассанж – АҚШ пен қуатты елдердің жасырғысы келген құжаттарды жариялаған тілші. Менің ойымша, оны бостандыққа шығару керек» деген.
«Түрмеде Джулиан Ассанждың денсаулығы сыр берді. Жауапты дәрігер тұтқын депрессия мен аутизмге шалдықты деген диагноз қойып, жағдайды сотқа жеткізіпті. Алайда сот тілшіге денсаулығына байланысты рақымшылық жасау өтінішті кері қайтарды. Ал куәгерлер болса, түрмедегі ахуалдың нашарлығын айтып, тиісті органға шағымданған болатын. Тұтқынды мұндай жағдайда ұстау ел ішінде «арнайы әкімшілік шара» деп аталып кеткен. Ол адамға психикалық соққы жасаудың бір тәсілі».
Осы орайда тілшіні екі жыл азапты түрмеге тоғытып, 175 жылға қамау үкіміне ұшыратқан «WikiLeaks» сайты туралы айтайық. «WikiLeaks» ұйымы 2010-2011 жылдары ресми сайтына Ирак пен Ауғанстандағы қанды қырғын туралы бейнежазба, сурет, құжаттарды жариялап, әлемнің «көзін ашып» келді. Тіпті тілші «WikiLeaks» жобасын саяси журналистиканы дамыту, адам құқығын қорғау, құқықбұзушылықты тоқтату, қоғамдық пікірді қалыптастыру үшін жасағанын бірнеше рет дәлелдеп берген. Сондай-ақ сайтта жарияланған құпия ақпараттардың зерттелу деңгейін бағалаған қарапайым халық та тілшілердің ізденісі кәсіби ізкесу ұйымынан кем нәтиже бермегеніне көз жеткізген-тұғын. Еуропадағы қоғамдық ұйымдар мен халықтың Ассанжды ақтауға ұмтылу себебі де осы еді.
Біз де көпті дүрліктірген «WikiLeaks» ұйымының ресми сайтына көз жүргізіп, ішкі құрылым мен ақпараттық ресурсын бағамдап көрдік. Әділдік үшін айтайық, сайттың ақпарат беру тәсілі мен нақты деректерді мысалға келтірудегі батылдығы таңдай қақтырады. Сайтта Рим папасының таққа таласқанын растайтын хат, АҚШ әскерилерінің Ирак пен Ауғанстандағы кісі өліміне қатысын дәлелдейтін бейнежазба, әскери бюджет есебі, мемлекеттік сатып алу жүйесінің жасырын мәліметі секілді аса құпия ақпараттар легінен көз сүрінеді. Мақалаларға тұздық болған карикатураның өзі бір төбе. Джулиан Ассанждың тұтқынға алынуына байланысты соңғы шығарылымы екі жыл бұрын ғана жарияланған сайттың қаралым деңгейі толастар емес.
Жалпы қоғамның жүйе мен өзгеріске бейімделу мерзімі жылдам өтеді. Сайтты бақылау барысында бұған тағы бір көз жеткізгендей болдық. Ұйымдастырушылар қорқыныш пен қауіптен түрлі ұйымдар мен бағдарламалардың көмегіне жүгінген екен. Соның ішінде «WikiLeaks»-ке байқалмай ғаламторға кіруге арналған «Tor» веб шолғышы (браузер), ғаламның әр түкпірінен өз оқиғасын баяндайтын «Couragefund» порталы секілді мүдделес жобалар серіктес болған. Мұны сайттағы сілтемеден аңғаруға болады.
Еркін қоғамда шындықты айту, зұлымдықты әшкерелеу батырлыққа пара-пар екені анық. Алайда ол ерліктен елдің тыныштығына зақым келсе, қауіп көзіне айналмақ. Көпшілік әділдігі үшін Джулиан Ассанжды құрметтегенімен, бір бөлігі аса құпия мәліметтердің қарапайым тілшінің қолына тигенінен күдіктенеді. Ондағысы, бірнеше сатылы қорғаныс жүйесі бар нысанда сақталатын деректің табылу тарихы. Тілші ешбір құпия мәліметтің қайдан алынғанын, кімнің бергенін атаған емес. Содан болар, құқық қорғау мамандары «WikiLeaks» жобасын жасырын ұйымдардың, мүмкін кей мемлекеттің құйтырқы амалы болуЫ мүмкін екенін айтуда. Мәселен, ғаламторда Ауғанстан әскерилерінің озбыр әрекеті туралы дерек жарияланғалы АҚШ қоғамы арасында Таяу Шығыстан әскер шығару идеясын қолдаушылар көбейген. Ал қаржы есептері салдарынан көп мемлекет әскери бюджет көрсеткішін тұрақты түрде халық назарына ұсынып отырады.
Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кейбір заңсыз шешімдер мен құпия жобалардың жүзеге асатыны шындық. Оны қоғамдық деңгейде талқылау, мәліметтерді жария ету қай тарапты болмасын жақсылыққа жетелемейді. Джулиан Ассанждың ауқымды жоба арқылы саяси журналистиканы жаңа деңгейге көтеріп, ақпаратты талдау, адам құқығын қорғау ісіне ерекше ықпал жасағанымен, еларалық толқу мен қоғамдық алауыздыққа түрткі болуының сыры да осы. Сондықтан бұл жолғы тілшінің жазасы қылмыстың емес, шындықтың өтеуі болмақ.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Ерсін ШАМШАДИН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!