Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 04:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ынтымаққа ұмсынған қол

27.02.2021

1179 0

Әлемде ядролық қаруға қатысты кикілжің де, әрқилы ұстаным да жетерлік. Бірі жойқын қаруға арқа сүйеп, жан-жағына дөңайбат көрсетсе, енді бір ел «ақырзаман қаруын» еншілеуде небір құйтырқы әрекет пен қылмысқа баруда. Сондай ушыққан даудың үлкені – Иранның ядролық бағдарламасы. Даудың басын АҚШ-тың бұрынғы басшысы Дональд Трамп Иранмен екі арадағы ядролық келісімнен бас тарту арқылы ашқан еді. Енді, міне, Еуроодақ өкілдері қос тарапты қайта келіссөз үстеліне отырғызуға талпынып, ұсыныс тастады. Иран болса, АҚШ қарсы қойған санкцияларын алғанда ғана бұл тақырыпқа қайта оралатынын айтып, қасарысуға көшкен. Оқиғаның мән-жайын «The Washington Post» басылымы да бағамдап, Сан Энгель мен Лоуренс Норманның «Иран ЕО және АҚШ-пен келісімге келуге ынталы» атты мақаласын жариялады.
Авторлар БҰҰ-ның Ирандағы ядролық нысандарға жасаған мониторингі, қарсы тараптың қойған талабы, істің болжамды нәтижесі секілді мәселені қаузап, нақты ақпарат беруге тырысады. Тіпті кей тұста екі елдің агрессивті әрекеті Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтыруы ықтимал екенін де атап өтеді.
«Иран 2018 жылы АҚШ-тың ядролық бағдарлама туралы ортақ келісімнен бас тартқанына қарамастан қайта ымыраға келуге ынта білдіруде. Алайда қарсы енгізілген санкциялардың күшін жойғанда ғана толық келісімге қол жеткізуге болатынын кесіп айтты. Иранның Сыртқы істер министрі Джавад Зариф Twitter парақшасында «#CommitActMeet» – «Кездесуге қадам жасау» деген хештегпен жазба қалдырды. Онда министр: «Егер Вашингтон өз жауапкершілігіндегі міндетті орындап, санкцияның күшін жойса, Иран кездесуге дайын» деп анық талабын көрсеткен. АҚШ тарапы бұған дейін келісімге дайын екендігін білдірген болатын. Алайда жайдайға өзге мемлекеттер басқаша қарап отыр. Мысалы, 19 ақпанда Израиль келіссөзбен немесе басқалай болсын Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне түбегейлі қарсы екенін мәлімдеді», – дейді мақала авторлары.
Назардан Еуроодақ шенеуніктерінің Иранды келісімге көндіру әрекеті де қалыс қалмапты. Саясаткерлер ел билігін мәселені ушықтырмай, мүмкіндікті пайдалануға шақыруда. Егер Тегеран Байден әкімшілігімен келіссөз жүргізу мүмкіндігін уысынан шығарып алса, ел билігінің оқшаулану мерзімі ұзап, ішкі-сыртқы саяси ахуал күрделене түсуі мүмкін екенін ескерткен. Оның үстіне кездесу бейресми форматта өтуі мүмкін. Мақала иелері бұл жағдай әр тараптың нақтылықтан гөрі жеке амбицияға басуына жол ашуынан секемденеді.
«Дүйсенбіде ЕО-ның дипломаты Жозеп Боррель Иран келіссөзге қатысады деп мәлімдесе, Тегеран тарапынан ресми өкіл Али Рабии ел билігінің әлі де «мәселені саралап жатқанын» жариялады. Мұнымен қоймай, ирандық үкімет алдағы уақытта ядролық нысандардың күнделікті ақпараты мен күнібойғы бақылау құзыретін БҰҰ инспекторына жолдауды тотатуы мүмкін екенін атап өткен. Оған қоса ұйымның елдегі атом агенттігі мен халықаралық атом энергиясы агенттігінің жұмысын тежеуді де ойға алған. Аталған әрекет Иранның АҚШ-ты санкцияның күшін жоюға итермелеу әрекеті екені белгілі. Бұл мәлімдеме кезекті үркіту әрекеті емес, шынайы қауіпке айналуы мүмкін. Себебі соңғы уақытта Иран уранның тазалық деңгейін 20 процентке жеткізуді қолға алып, ядролық қару жасауға жақын қалған. Тіпті уранға да қол жеткізді. Иранның мұндай қадамға баруы JCPOA (Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары -ауд.) бекіткен нормативтерге қарсы келетіні анық».
Мақала соңында 17 ақпан күні ЕО төрағасы Шарль Мишель мен Хасан Рухани телефон арқылы байланысып, нәтижесінде Иранның келіссөзге қатысатыны айтылған. Әңгіме барысында Хасан Рухани келіссөзді Жозеп Боррелдің жүргізуін өтініп, Вена келісімін сақтап қалуға күш салуға шақырыпты.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: