Жұма, 22 қараша, 13:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Жаңа президент – жаңа қағида

06.02.2021

945 0

Джо Байден билікке келгелі АҚШ-тың сыртқы саясаттағы бағдарында біршама өзгеріс пайда болды. Жаңа басшы басым бағытты екі тарапқа  – Араб түбегі мен Тайвань аралына негіздеу арқылы Сауд арабиясы мен Қытайға қыр көрсетіп, түрлі жарғы шығарды. Тайвань аралында әскери іс-қимылды үдетсе, Араб түбегінде, керісінше, тежеуге кіріскен. Тайваньдағы текетірес түсінікті, Қытайдың ықпалына қалдырмау амалы, ал Араб түбегінде «уысын» босатудың сыры неде? Бұл туралы «The New York Times» газетінің бейсенбілік санына Эрик Шмитт пен Дэвид Сэнджердің «Байден Трамп қалдырған сыртқы саяси ұстанымды өзгертпек» атты бірлескен мақаласы жарияланды. 

Мұндай өзекті де маңызды мәселенің тінін тарқатуды қос тілшіге жүктеудің өзіндік мәні бар. Себебі авторлардың аталған тақырып төңірегінде кәсіби тәжірибесі мен ақпарат қоры өзгелерге қарағанда жеткілікті әрі ықпалы да жоғары. Дэвид Сэнджер 30 жылдан астам ұлттық қауіпсіздік қызметінің ресми тілшісі болып қызмет етсе, Эрик Шмитт Пентагонның журналисі міндетін атқарған. Мақала авторлары Джо Байденнің Йемендегі шиеленісті біржола доғару, Сауд Арабиясына қару-жарақ тасымалын азайтуға қатысты пікірін саралап, салдары мен себебін талдауға тырысқан.

«Йемендегі ахуал 2014 жылдың тамыз айынан бастау алды. Оған қоса дағдарысқа 2015 жылы наурызда Сауд Арабиясы бастаған әскери коалицияның да ықпалы жоғары. Осылайша Йемен бүгінге дейін жалғасқан әскери қақтығыс нәтижесінде әлемдегі ең ірі гуманитарлық дағдарысты бастан кешіруде. БҰҰ-ның мәліметінше, 24 млн йемендік гуманитарлық көмекке мұқтаж. Джо Байден 4 ақпан күні АҚШ Мемлекеттік департаментінде елдің сыртқы саясатқа қатысты ұстанымдарын нақтылады. Ол өз сөзінде, Йеменді осындай халге жеткізген Сауд Арабиясына көмек беруді тыйып, өңірдегі «Ресейдің агрессивті әрекетіне қарсы тұру» жоспарын тоқтатуға үндеді. Президент бейсенбіде Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысында қару сату және өзге де көмек көрсетуді тежейтін ресми бұйрық берді. Сондай-ақ Сауд Арабиясының әрекетіне «гуманитарлық және стратегиялық апат» деген баға берді».

Мақала авторлары Байденнің бұлайша «шошына қалуының» себебі сыртқы саясаттағы ықпалын күшейту емес, Трамп қабылдаған қағидаларды бұзу амалы деген ойда. Бұл да жансақ пікірге ұқсамайды. Байқасақ, Трамп елдегі ең көп көтерілген мәселенің бірі – Таяу Шығыстан әскерді шығару, Сауд Арабиясын ауыздықтау ісін үнемі кейінге қалдыра беруші еді. Тіпті АҚШ-ты «мыңдаған жұмыс орнын ашуға септеседі» деген желеумен Сауд Арабиясына қару сатты деп айыптаған тілші Джамаль Хашоггидің өлімі де Трамп тарапынан аса бір елене қоймаған. Енді міне, Байден Йемендегі азаматтық соғысты тоқтатып, жағдайды тұрақтандыруға көшті. Өткен айда ел билігі құны 478 млн доллар тұратын қару-жарақты Сауд Арабиясына тасымалдауға тиым салған. Әкімшілік болса, Біріккен Араб Әмірліктеріне де қару сату ісін қайта қарауды ұсынуда.

«2014 жылы Иранмен одақтасқан хуситтер Йемен астанасы Сананы басып алды. Ізін ала саудтықтар қарап қалмай, Парсы шығанағындағы одақтастарымен бірлесе қарсы әуе соққысын жасады. Кейіннен Сауд Арабиясы хуситтерді солтүстік Йеменнен қуып шығу үшін млрд доллар көлемінде америкалық қару-жарақ сатып алуды бастаған. Президент Барак Обама Сауд Арабиясының көңілінен шығу үшін барын салып, қару сатуға келісті. Ал екі жыл өткесін Трамп  Сауд Арабия ханзадасы Мухаммед ибн Салманды қабылдап, қолдау білдірді. Бұл сыртқы саясаттың ушыққан кезі-тұғын. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінде Йемендегі қантөгіс пен жазықсыз жандардың оққа ұшуына АҚШ-ты кінәлап, азаматтық соғысқа бастау болған келісімді жазғырғандардың қатары көбейді. Енді Байден Йемендегі қақтығысқа нүкте қойып, бейбіт тұрғынның қаза табуын тоқтатуды көздеуде. Дипломатиялық келісімге қол жеткізу үшін білгір маман Тимоти Лендеркингті арнайы елші етіп бекітті. Байден мемлекеттік департамент жиынында «Соғысқа нүкте қою қажет» екенін айта келе, бұл қадамның маңызын былайша тәпсірледі: «Аталған әрекет – әлемге Американың қайта оралғанын білдіреді» деді.

Сонымен қатар мақалада АҚШ президентінің Трамп бастаған өзге де әскери стратегияға қатысты мәлемдемесі сараланған. Ол – Германиядан әскер шығаруды тоқтату. Байден Германия аумағындағы АҚШ әскерін кері қайтару жобасына түбегейлі қарсы. Ол Трамптың Германиядағы 12 мың әскерді кері қайтару бұйрығының күшін жойды. Яғни неміс жеріндегі америкалық әскер орнында қалады деген сөз. Мақала авторлары бұл қадамды сынаған саясаттанушылардың пікірін де жариялаған. Мамандар бұйрықтың күшін жою – Байденнің көрегенділігін көрсетпейді және Трамптың одақтас елдерге НАТО-ға қаржы төлету батылдығына мардымсыз жауап деген байламда.

 «Байден мырза Ресейдің америкалық демократияны тұншықтыруға жасаған әрекеті мен SolarWinds-ке жасаған кибершабуылын қатты сынға алды. SolarWinds-ке шабуыл жасау арқылы мемлекеттік және жеке желілер қорғансыз қалып, келген зардап мөлшері әлі зерделенуде. Өткен аптада Джо Байден Ресей президенті Путин мырзамен әңгіме барысында «Сайлауға араласу, кибершабуыл, азаматтарды улау «дәуірі өткенін» және Ресейге қарсы тұру шығынын молайтуды еселейміз» деген болатын. Оған қоса, Алексей Навальныйды босатуды да талап етуді ұмытпады».

Көлемді жазбаның берер мәліметі мұнымен бітпейді. Эрик Шмитт пен Дэвид Сэнджердің ұтымды тұсы – Джо Байденнің  Ресейге көзқарасын айқындауы. Жай қарағанға үйреншікті пікір, жауыр болған тақырып кейпінде көрінгенмен, бұл жолғы Байден мәлімдемесі алдағы бес жылдықтағы екі елдің арақатынасын болжағандай.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: