Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жарылқау

26.10.2020

757 0

Алпауыт елдің саяси ойыны да ірі болады… Дональд Трамптың сайлау­ алдындағы ұтымды комбинациясы осыны ұқтырды. Президент Twitter па­рақшасында оқыс мәлімдеме жа­сап, Судан елін терроризмді қаржы­лан­дыруы ықтимал мемлекеттер қата­рынан шығаратынын жеткізді. Тек миллиондаған өтемақы төлеп, Израильмен арақатынасты оңалтса бол­ғаны. Бұл хабарды естіген судан­дықтар бөркін аспанға атып, жарық күннен хабар келгендей қуана қарсы алды. Себебі елдегі аштық пен індет қарапайым халықты қажыт­са, экономикалық шеңбер кәсіп­кер­лерге тұсау салған еді. Сонымен мұхиттың арғы жағындағы Судан­ның сайлауға қандай ықпалы бар? Бұл өзгерістен екі елге келіп-кетері не? Бұл сауалдың жауабын Абди Латиф­­ Дахирдың «The New York Times» газетінде жарияланған «Судан АҚШ-тың шешімін салтантпен қабылдады» атты мақаласынан іздеген жөн.
«Судан үкіметі мен шенеуніктер 27 жыл өткенде АҚШ-тың қыспағынан құтылмақ. Бұл өз кезегінде елдегі экономиканың аяққа тұруына және демократияның жандануына септігін тигізері сөзсіз. Дональд Трамп Судан мемлекеті 1998 жылы Кения мен Танзаниядағы АҚШ елшілігінде шабуылға ұшыраған азаматтардың отбасына 335 млн доллар өтемақы төлеген жағдайда «террорист айдарынан» арылатынын айтты. Оған қоса АҚШ-тың 3 қараша күні өтетін сайлауы­на­ дейін Судан Израильмен қатынасты жақсартуға міндетті екенін жеткізді». 
АҚШ-пен ымырада болу қара тізімдегі мемлекеттер үшін кезіге бермейтін орай. Сондықтан елдегі белсенділер қандай шарт қойылса да қабылдау қажет екенін ескер­тіп, үкіметтен талап етуде. Мақала авторы Суданның сыртқы істер министрі Омер Исмаилдің оқиғаға қатысты толқынысты пі­кірін жариялауды ұйғарыпты. Онда министр: «Біз судандықтардың абыройы жолында­ғы күресте жеңіске жеттік. Білемін, бұл бар мә­селенің шешімі бола алмайды, бірақ жарқын болашақтың бастауына айналары анық» деген.
Соншама қуаныштың сыры да белгілі. Қара тізімге енген ел есепті Судан экономи­каның жұтауына жолыққан еді. Тіпті АҚШ пен батыс елдерінен тасымалданатын заманауи технология мен ақпараттық қамтама­сыз ету бағдарламасының игілігін де жұрт қатарлы көре алмады. Тауар айналымы тежеліп, аштық жайлады. Салдарынан 10-даған миллион адам аштықтың зардабына шыдамай елден безді. Сондықтан «үшінші әлемнен» шығу үшін мемлекет небір құқай мен өктемдікке төзуге мәжбүр. Бұл жолғы шарт та оң жам­басқа келмесе де қабылдары белгілі болды. Автор сөз соңын судандық белсенді Марва Гибридің Израильмен мәміле төңірегіндегі ұстанымына салмақ бере түйіндейді:
«Біз үшін «Араб әлемінің» бір бөлшегі болып қалғаннан, тиімді тарапты таңдау әлдеқайда маңызды».
Мақаладан соңғы әсер – аяныш! Жалаң ұран, қауқарсыз топтың ізінде азып-тозған жұрттың мұхиттың арғы жағындағы өзге ұлттың жарылқауына тәуелді болғаны өкініш­ті-ақ. Дамыған елдерге шикізат қоры мен арзан еңбек күшіне айналған халыққа бұл хабар қуаныш сыйлары белгілі. Алайда уәде берген басшы орнында қала ма, айтылған сөз іске аса ма, оны уақыт көрсетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: