Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, табиғи мұраны сақтау үшін мемлекет пен қоғам күш біріктіруі қажет екенін айтты. Бұл туралы министр XII Азаматтық форум барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экология – бұл әр мемлекетті, әр азаматты тікелей толғандыратын өмірлік маңызды тақырып. Біз оған ғаламдық мән береміз. Ел көлемінде өткізілген “Таза Қазақстан” акциясының ұлттық идеяның бір бөлігіне айналуы да тегін емес, – деді министр.
Қазақстан Каспийді сақтау жөнінде ғаламдық диалог бастамақ
Аида Балаева БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөнінде бастама көтергенін еске салды.
Бұл жай ғана экологиялық шара емес. Бұл – табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, болашақ ұрпақ үшін таза әрі жайлы орта құру, – деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінде экологиялық мәдениет елдің жаңа қоғамдық идеологиясының ажырамас бөлігіне айналып келеді және ол билік пен азаматтарды ортақ мақсатта біріктіреді.
Азаматтық қоғам мен экологиялық ағарту – өзгерістердің кілті
Аида Балаеваның пікірінше, экологиялық мәдениетті дамыту мен экосананы қалыптастыруда азаматтық қоғамның рөлі шешуші.
Қазір кейбір отбасылар демалысқа шыққанда, ең алдымен табиғатты тазалаудан бастайды. Бұл – тамаша үрдіс. Егер әр адам табиғатқа осылай қараса, ол балалардың да бойында табиғатқа құрмет сезімін қалыптастырады, – деді министр.
Оның айтуынша, мұндай мысалдар қоғам санасындағы нақты өзгерістерді көрсетеді. Ал жаңа буын экологиялық мәдениетті азаматтық жауапкершіліктің ажырамас бөлігі ретінде қабылдауы керек.
Біздің буынның борышы – экологияны, қоршаған ортаны келер ұрпаққа аман жеткізу, – деп түйіндеді Аида Балаева.
Экологиялық тәрбие және заңнамалық бастамалар бойынша дөңгелек үстел
Министр депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі бірыңғай ұлттық бағдарлама әзірлеу мәселесін талқылайтын кең ауқымды дөңгелек үстел өткізуді ұсынды.
Бағдарламаны жүзеге асыруға барлық үкіметтік емес ұйымдар тартылуы тиіс. Себебі кез келген бастама қоғам мен халықтың қатысуымен ғана тиімді болады. Талқылаудан кейін осыған ұқсас дөңгелек үстелді Үкімет пен Парламент деңгейінде өткізіп, заңнамалық бастамаларды қарастыруға болады, – деді ол.
Аида Балаеваның айтуынша, осы бағыттағы жүйелі жұмыс Президенттің және мемлекеттің экологиялық бастамасын барша қазақстандықтарды біріктіретін ұлттық идея деңгейіне көтереді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!