Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл абаттандыру бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Елордамыз жыл сайын көркейіп, құлпырып келеді. Бұрын бос жатқан аумақтар мен күтімсіз жерлер бүгінде біртіндеп «жасыл мекенге» айналып келеді. Биыл қала аумағында 1 миллионнан астам жасыл желек (көшет, бұта, ағаш) отырғызамыз. Оның ішінде елорданың жасыл белдеуі де бар, – деп атап өтті елорда әкімі.
Айтуынша, саябақтар мен қоғамдық орындарды ғана емес, сол сияқты тұрғын үйлерді, аулаларды, көрікті жерлерді, әлеуметтік нысандарды ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгін «ҚазМұнайГаз» гүлзарында ағаш отырғызу іс-шарасына қатыстым. Ашық аспан астында ғарыш музейінің жанындағы бұл аумақ біртіндеп жайлы әрі жасыл алаңға айналып келеді. Биыл 170 аула мен қоғамдық орынды (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырдық. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын қамтиды, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!