Жексенбі, 19 қазан, 08:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79, 2191
18.10.2025
PDF мұрағаты

Жасыл дәуір басталды: Қазақстан JETP платформасын іске қосты

17.10.2025

250 0

Фото: Анеля Өсерхан

Қазақстан 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына (яғни, ауаға шығарылатын көмірқышқыл газы мен оның сіңірілуі тең болатын жағдайға) жетуді көздеп отыр. Осы мақсатта әділетті энергетикалық ауысуға арналған ұлттық платформаны құруда. Бұл жаңа құрылым елдегі саясатты үйлестіріп, климатқа бағытталған қаржыландыруды тартумен айналысады және көмір мен мұнай сияқты дәстүрлі энергия көздеріне тәуелді өңірлер мен халықты қолдауға бағытталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов «Диалогтан әрекетке: Орталық Азиядағы әділетті энергетикалық ауысуды жеделдету» атты дөңгелек үстелде мәлімдеді.

Іс-шара гибридті форматта өтіп, үкімет өкілдерін, халықаралық даму серіктестерін, қаржы институттарын, азаматтық қоғам мен бизнесті біріктірді. Талқылаудың басты тақырыбы Қазақстанның таза энергияға көшуіндегі инклюзивті және практикалық стратегиялар болды. Дөңгелек үстел жұмысына Ұлыбританиядан келген сарапшылар да қатысты. UK Department for Energy Security and Net Zero (DESNZ), Powering Past Coal Alliance, Carbon Trust және Green Grids Initiative ұйымдарының өкілдері болды.

Біз алдымызға нақты мақсат қойдық. 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына жету. Бұл мақсат біздің әлем алдындағы жауапкершілігімізді ғана емес, экономиканы жаңғыртуға және болашақ ұрпақ үшін энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген ұмтылысымызды білдіреді, – деді Сұңғат Есімханов.

Бүгінде Қазақстандағы электр энергиясының шамамен 70%-ы көмірден өндіріледі, бірақ энергия теңгерімінің құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту жоспарына сәйкес, 8400 мегаватт жаңа қуат енгізу көзделген. Бұл мақсатта Қазақстан маневрлік қуат көздерін дамытуға, жүйелерді жаңғыртуға және энергиямен жүйелі алмасуға басымдық беріп отыр. Бұл жаңартылатын көздерді ұлттық энергетикалық жүйеге қауіпсіз енгізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстандағы электр энергиясының шамамен 70%-ы көмірден өндіріледі, бірақ энергия теңгерімінің құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту жоспарына сәйкес, 8400 мегаватт жаңа қуат енгізу көзделген. Бұл мақсатта Қазақстан маневрлік қуат көздерін дамытуға, жүйелерді жаңғыртуға және энергиямен жүйелі алмасуға басымдық беріп отыр. Бұл жаңартылатын көздерді ұлттық энергетикалық жүйеге қауіпсіз енгізуге мүмкіндік береді.

Вице-министрдің айтуынша, энергетикалық ауысу әділетті және инклюзивті болмаса, табысты болуы мүмкін емес. Ерекше назар көмір аймақтарына яғни Қарағанды мен Екібастұзға аударылып отыр. Осыған байланысты Қазақстан әділетті энергетикалық ауысудың ұлттық платформасын JETP (Just Energy Transition Partnership) — құруда. Бұл тетік саясатты үйлестіріп, климаттық қаржыландыруды тартуға және дәстүрлі салаларға тәуелді өңірлерді қолдауға бағытталады.

JETP арқылы біз үш негізгі міндетті шешеміз: дәстүрлі салаларда жұмыс істейтіндер үшін жаңа жұмыс орындары мен қайта даярлау бағдарламаларын құру, желілерді, энергия жинақтау жүйелерін және таза технологияларды дамытуға климаттық инвестицияларды тарту, сондай-ақ ұлттық басқаруға ESG және MRV халықаралық стандарттарын енгізу, – деді Есімханов.

Министрлік JETP-ті Жасыл климаттық қордың (Green Climate Fund) Readiness Programme бағдарламасына енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл Қазақстанға тікелей қаржыландыру алуға және энергетикалық жобаларды дайындау мен іске асыру үшін институционалдық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді.

Есімхановтың айтуынша, Қазақстан Ұлыбританиямен ынтымақтастықта үлкен әлеует көреді. Атап айтқанда, UK Department for Energy Security and Net Zero (DESNZ) ұйымымен көмір өңірлерін қайта бейімдеу жолдарын әзірлеу және аймақтық әртараптандыру бағдарламаларын іске асыру бағытында жұмыс жүргізу жоспарлануда. Carbon Trust ұйымымен серіктестік инновациялық және технологиялық орталықтарды қолдауға, энергетикалық сценарийлерді модельдеуге және жаңартылатын энергияны электр желілеріне интеграциялауға бағытталады. Ал Green Grids Initiative бастамасымен ынтымақтастық өңірлердің энергия жүйелерінің тұрақтылығын арттыру және трансшекаралық желілік шешімдерді дамытуға мүмкіндік береді.

Бірлескен серіктестік идеяны нақты нәтижелерге пилоттық жобаларға, инвестициялық портфельдерге және білім алмасуға айналдыра алады. Біздің көзқарасымыз айқын. Бәсекеге қабілетті және тұрақты өсімді қамтамасыз ететін заманауи, әртараптандырылған, цифрлық энергетика құру. Осы жолда Ұлыбританиямен әріптестік негізгі тіректердің бірі болып қала береді, – деді вице-министр.

Сұңғат Есімханов Қазақстанның таза энергияға көшу процесі қазірдің өзінде белсенді жүріп жатқанын айтты.

Бұл енді жай ниет емес, нақты жүзеге асып жатқан процесс. Біз институттар құрып, серіктестіктер орнатып, осы ауысуды қамтамасыз ететін мамандарды дайындап жатырмыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен тұрақты қолдауларыңыздың арқасында бұл жол Қазақстан үшін әділетті, ал бүкіл аймақ үшін шабыттандырарлық болады деп сенеміз, – деді ол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: