Бүгін, 19 қазан күні Ақтау қаласы әкімдігінің өкілдері 1-шағын аудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде 1-шағын аудан 33-үйдің аумағынан “Халық қатысатын бюджет” жобасы шеңберінде 560 шаршы метр аумаққа салынғалы жатқан аллея құрылысының мәселесі қаралды. Алайда аумақтың жеткіліксіз болуына байланысты айлант және қураған жасыл желектерді кесу шешімі қабылданған.
Осыдан кейін шағын аудан тұрғындары наразылық танытқан соң, бүгін әкімдік өкілдері олармен кездесу өткізді. Кездесуде Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев аталған аумақтағы аллея құрылысының жобасын тұрғындармен бірлесіп тағы да қайта қарастыруды сондай-ақ кесілген ағаштардың орнына биік ағаштар егілетінін айтты.
Тұрғындар ұсынысты қолдап, алдағы жұмыстарды қадағалайтынын жеткізді.
Біз аллея құрылысына қарсы емеспіз. Бүгін әкімдік өкілдері жобаны қайта қарап, тұрғындардың өтінішімен өзгеріс енгізуге уәде берді және 50 ағаш егетінін айтты. Біз мұны қолдаймыз, – деді тұрғын.
Айта кетерлігі, бұған дейін қаладағы 1-шағынауданның тұрғындары №33 үйдің жанында ағаштарды кесу жұмыстары басталғаннан кейін наразылық танытқан еді. Олардың айтуынша, жасыл аймақтың орнына жаңа балалар алаңы салынбақ.
Мұнда әрдайым сая болған, құстар сайрап тұратын. Жазда серуендеуге өте жайлы еді. Енді бәрін сүріп жатыр. Біреулер ағаш отырғызады, ал енді біреулер оларды кесіп тастайды, – деген уәж айтқан тұрғындар.
Куәгерлердің айтуынша, бұл жер ауданның аз ғана көлеңкелі әрі жасыл аймақтарының бірі болған.
Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бұл жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізілуде. 2024 жылы бағдарлама бойынша 50-ден астам дауыс жинаған 10 жоба жүзеге асып жатыр.
Бірінші шағынауданда мердігер ұйым 33 үйдің ауласында жаңа балалар ойын алаңын орнатуға кіріскен. Ведомствоның мәліметінше, жасыл желектің бір бөлігін кесу туралы шешім болашақ ойын алаңының аумағы кең болғандықтан және маңайдағы қураған әрі жабайы ағаштарды көшіру мүмкін болмағандықтан қабылданған.
Бар болғаны үш ағаш кесілді, ал қалғандары – қысқа бұталар еді, – деп нақтылады бөлім өкілдері.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!