Жұма, 10 қазан, 16:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

10 күннен кейін қазақстандықтар мемлекеттен 1,5 миллион теңге алу үшін өтінім бере алады

10.10.2025

176 0

Фото: архив/ Арман Мухатов

20 қазаннан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталады. 9 өңірдің тұрғындары 1,5 млн теңге көлемінде грант ұтып алу мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, үнемделген қаражат есебінен Абай, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында барлығы 270 грант беру жоспарланып отыр.

Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Негізгі мақсаты – жаңа бизнесті ашуға және дамытуға қолдау көрсету. Грант көлемі – 400 АЕК (1 572 800 теңге). Әр қатысушы грантты тек бір рет ала алады.

Бұл қаржы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз әлеуетін ашуға, өндірісін жолға қоюға және тұрақты табыс көзіне ие болуға мүмкіндік береді.

Өтінім беру тәртібі

Грантқа өтініш беру үшін үміткерлерге қажет:

• Business.enbek.kz порталында тіркелу;
• грант алу шарттарына сәйкестік бойынша тексеруден өту;
• бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, толтыру және порталға енгізу;
• өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ адамдар өтінімді мансап орталықтары мен ХҚКО-лардың өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында бере алады.

Кімдер грант ала алады?

Грантқа:

• тіркелген жұмыссыздар,
• жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) қатыса алады.

Сонымен қатар үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы қажет:

• мүгедектігі бар адамдар;
• қандастар;
• өңіраралық қоныс аударушылар;
• аз қамтылған отбасы мүшелері;
• көпбалалы отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы);
• мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар;
• асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы шарт.

Қаражатты қайда жұмсауға болады?

Грант қаражатын:

• құрал-саймандар мен еңбек құралдарын,
• технологиялық жабдықтарды,
• мал, құс, көшет, тұқым сатып алуға,
• орын-жайды жалға алуға жұмсауға болады.

Алайда грант тұтынушылық мақсаттарға, несиелерді өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе салуға, жер учаскесін алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Комиссия шешімі қалай қабылданады?

Грант иегерлерін Еңбек мобильділігі орталықтары жанындағы аудандық/қалалық комиссиялар анықтайды. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Бағалау келесі критерийлер бойынша жүргізіледі:

• бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі,
• өткізу нарығының нақты жоспарлануы,
• жобаның қаржылық өміршеңдігі,
• кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі,
• жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті.

Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Оң шешім қабылданған жағдайда, қатысушы банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және қаражаттың жұмсалуы туралы есепті тоқсан сайын электронды түрде тапсырады.

Барлық процесс онлайн форматта, Еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ жүргізіледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: