Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты әлеуметтік төлемдерді 10%-ға арттыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстанда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны шамамен 543,7 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар саны 184,1 мың адамды құрады.
Министрліктің мәліметінше, төлем мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Сонымен қатар, бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақыларға қосымша ретінде жүргізіледі.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі дерекке сәйкес:
- 97 мың адам еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайына байланысты,
- 65,9 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Осы төлемдердің көлемі азаматтың соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдарының мөлшеріне, еңбек өтіліне, табысын алмастыру коэффициентіне және асырауындағы адамдар санына байланысты есептеледі.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектік пен асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты 6,5%-ға артты. МӘСҚ-дан төленетін төлемдер де дәл осындай мөлшерге ұлғайтылды.
Мысалы:
- Жалпы аурудан мүгедектігі бар азаматтарға 2025 жылы:
1-топ бойынша – 101 702 теңге,
2-топ бойынша – 81 362 теңге,
3-топ бойынша – 55 474 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Ал 1 қыркүйектегі жағдай бойынша:
- Еңбекке қабілеттіліктен айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері – 71 468 теңге,
- Асыраушысынан айырылған отбасыларға – 74 460 теңге болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!