Қазақстан Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер органдары мен Ұлттық банк арасындағы валюталық операциялар туралы деректермен алмасу тәртібін айқындайтын бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа сәйкес, ақпарат алмасу 50 мың АҚШ доллардан асатын операцияларды қамтиды. Олардың қатарына тауарсыз мәмілелер, резидент еместердің кірістері және «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қатысушыларының операциялары жатады.
Қазақстан Республикасының Салық кодексін іске асыру мақсатында Мемлекеттік кірістер органдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 50 000 АҚШ долларынан астам валюталық операцияларды, тауарсыз мәмілелерді, бейрезиденттердің кірістері мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығына қатысушылардың операцияларын қоса алғанда ұсыну бойынша өзара іс-қимыл қағидалары белгіленеді, – деп жазылған құжатта.
Жоба валюталық операциялардың ашықтығын арттыру мақсатында Ұлттық банк пен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай қағидаларын белгілеуге бағытталған.
Жобаның мақсаты Ұлттық Банк пен мемлекеттік кірістер органдары арасында ақпарат алмасудың бірыңғай қағидаларын белгілеу. Капиталды заңсыз шығару жағдайларын анықтау, жалған операцияларды жүзеге асыру тәуекелдерін азайту күтілетін нәтиже болып табылады.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа тетіктерді енгізу капиталды заңсыз шығару фактілерін уақтылы анықтауға және жалған мәмілелердің тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ведомствоның ақпаратына сәйкес, бұл бастама қаржылық мониторингтің тиімділігін арттырады.
Бұл жоба мемлекеттік кіріс органдарының ірі валюталық операциялар туралы ақпаратқа уақтылы қол жеткізуін, капиталды заңсыз шығару жағдайларын анықтаудың тиімділігін арттыруды, жалған операцияларды жүзеге асыру тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді, осыған байланысты теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарлар жоқ, – делінген хабарламада.
Жобаны қоғамдық талқылау 2025 жылдың 28 қазанына дейін жалғасады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!