2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның әлеуметтік саясаты азаматтарды жүйелі түрде қолдауды күшейтті. Бұл бағыт зейнеткерлерден бастап, балалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен жұмыссыздарға дейінгі барлық топты қамтиды. Үкімет әлеуметтік төлемдердің атаулылығына, қызметтердің цифрлануына және өмір сапасын арттыруға басымдық беріп отыр. BAQ.KZ тілшісі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі көрсеткіштер мен үрдістерге шолу жасады.
Зейнетақы: инфляциядан жоғары өсім
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде 2,5 млн зейнеткер бар. Жыл басынан бері базалық зейнетақыны қоса алғанда, зейнетақылар 8,5%-ға артқан — бұл инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары. 2026 жылы тағы 10%-ға өсіру жоспарланған.
Қазір ең төменгі жиынтық зейнетақы — 95 131 теңге, ең жоғарысы — 213 046 теңге, ал орташа зейнетақы 179 327 теңгеге жетті.
Биыл зейнетақы төлемдеріне 4,2 трлн теңге бөлінді, келесі жылы бұл сома 4,9 трлн теңгеге дейін өседі.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі
Жинақтардың жалпы көлемі 24,6 трлн теңгеден асты. 3,6 млн-нан астам өтінім (5,1 млрд теңге) тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге жұмсалған.
Сонымен қатар, 69 мың зейнеткер өз жинағын пайдаланып, 135 млрд теңге алған. Жүйе жұмыс істейтін халықтың 65%-ын қамтиды.
Әлеуметтік сақтандыру: төлемдер өсті
Жыл басынан бері еңбекке жарамсыздық пен асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер 6,5%-ға артты. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтері 1,02 трлн теңгеге жетті. Барлығы 1,2 млн адамға 714 млрд теңге төленді.
Отбасы, аналық және балалық шақты қолдау
2025 жылы балалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар 6,5%-ға ұлғайды. Бұл бағыттағы жалпы шығын 843,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,2%-ға артты.
Жәрдемақы алғандар саны – 1,3 млн адам, соның ішінде:
- бала тууға байланысты – 46,5 млрд теңге,
- 1,5 жасқа дейінгі күтім үшін – 32,7 млрд теңге,
- көпбалалы отбасыларға – 391,1 млрд теңге,
- марапатталған аналарға – 58,7 млрд теңге,
- мүгедектігі бар балаларды асырап алушылар мен қамқоршыларға – 77,4 млрд теңге.
Адресті көмек пен инклюзия
274,4 мың адам адресті әлеуметтік көмек алды (жалпы сома — 26,2 млрд теңге). 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылған.
Мүгедектігі бар 743,9 мың азамат әлеуметтік қолдау алды.
Орташа жәрдемақы — 78 267 теңге, жалпы төлем көлемі — 525,5 млрд теңге. 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданып, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 56%-ы бейімделді.
Әлеуметтік қызметтер және оңалту
2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер лицензиялануда. Елде 588 ұйым (оның ішінде 145 ҮЕҰ) 93 мың адамға қызмет көрсетуде. Мүгедектігі бар адамдарға арналған 12 оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр, олардың жетеуі — Шымкент, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Тараз, Қостанай және Ақтөбе қалаларында — іске қосылған.
Әлеуметтік қолдаудың цифрлануы
Негізгі бағыт – мұқтаждық деңгейіне негізделген біртұтас цифрлық әлеуметтік платформаға көшу. Жаңа әдістеме отбасыларды 6 санатқа бөледі — аса мұқтаждан бастап қамтамасыз етілгенге дейін. Пилоттық жоба Шымкент пен Қарағанды облысында іске қосылған.
Еңбек және табыс
2025 жылдың II тоқсанында орташа жалақы 448 620 теңгеге жетіп, 11,3%-ға өсті. 85 000 теңге көлеміндегі ең төменгі жалақы 1,8 млн адамның табысын арттырды.
Жұмыс істейтін халық – 9,3 млн адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,6%. 616 мың адам жұмысқа орналасты, оның 278 мыңы – жастар. 365 мыңнан астам адам оқыту мен қайта даярлаудан өтті, 9 мың адам бизнес ашуға грант алды.
Еңбек қауіпсіздігі және жаңа стандарттар
Өндірістегі жазатайым оқиғалар 5,3%-ға азайды. 3 262 кәсіпорында қауіпсіздік стандарттары енгізіліп, 18,5 мың өндірістік кеңес құрылды.
Цифрлық бақылау құралдары іске қосылды: еңбек тәуекелдері картасы, кәсіпорындар картасы, кәсіподақтың жұмыс орны жүйесі.
2025 жылғы әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін тұрақты арттыру және әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау.
Зейнетақы мен жалақының өсуі, әлеуметтік көмектің цифрлануы және атаулылығы – реформаның негізгі бағыттары.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!