Әскери қызметшілерге арналған «Әскери баспана» ипотекалық несиелеу бағдарламасы қайта іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ведомство басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың кездесуінде белгілі болды.
Кездесу барысында министр «Баспана.кз» сайтында жарияланған жаңа талаптарға назар аударды. Олар әскери қызметшілер үшін жалдамалы тұрғын үй рәсімдеуде қосымша қиындықтар туғызған.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі «Әскери баспана» бағдарламасын қайта іске қосу болды. Дәурен Қосанов бастапқы жарна мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес, – деді Қорғаныс министрі.
Министрдің айтуынша, 15 мыңнан астам әскери қызметші отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан.
Екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайтару керек. Себебі көптеген әскери қызметшілер жөндеуден өткен, инфрақұрылымы дамыған, қызмет орнына жақын орналасқан пәтерлерді қалайды,-деді министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!