Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі азаматтарға көлікті лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігін қарастыратын жаңа бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатқа сәйкес, азаматтар көлікті белгілі бір мерзімге лизинг шартымен рәсімдеп, кейін оны сатып алу немесе қайтару құқығына ие бола алады. Лизинг рәсімдеу ішкі сауда ережелерінде бекітілген типтік шарт формасы негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, лизинг беруші тарап клиенттің жағдайын жақсартатын қосымша талаптарды енгізе алады.
Министрлік бұл бастама көліктердің қолжетімділігін арттырып, ішкі автолизинг нарығын дамытуға және әділ бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Алайда жаңа жоба қолданылған көліктерге жүрмейді – лизинг тек жаңа көлік сатып алу кезінде қолданылады.
Бұйрық жобасы 28 қазан мен 2 қараша аралығында «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Министрлік барлық мүдделі азаматтар мен ұйымдарды талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын енгізуге шақырады.
Белгілі болғандай, Қазақстанда халыққа арналған автолизинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта банктер мен мемлекеттік институттар болашақ бағдарламалардың нақты шарттарын – пайыздық мөлшерлемелерді, мерзім мен бастапқы жарнаны әлі жариялаған жоқ. Дегенмен сарапшылар бұл тетіктің қалай жұмыс істеуі мүмкін екенін және оның қазақстандықтар үшін қаншалықты тиімді болатынын қызу талқылап жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
