Сенбі, 21 желтоқсан, 21:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Банкрот» деген жақсы ат па?

05.04.2022

1294 0

Қала тұрғыны Айымкүл отбасымен ойласа келе көпқабатты пәтерін сатып, жер үйге көшті. Пәтерін сатқан ақша зәулім үй алуға жетпейтіні белгілі. Жаңа үйін кепілге қойып, ипотекалық несие рәсімдеді. Он жыл табысының 80 процентін банкке беріп отыруға келісті. Алайда бұл отбасының банкке баруы мұнымен аяқталған жоқ. Үй болған соң жаңа дүние керек дегендей, майда-шүйде сияқты көрінген тұтыну несиесінің де саны көбейді. Бір күні баласы үйленем деген сүйінші хабарын айтты. Той десе, қарап қалатын қазақ бар ма? Елден қалмай той жасау үшін тағы да банк табылдырығын тоздырды. Бұл жолы отағасының атынан бірнеше миллион несие алды. Несиенің шыжығы той біткен соң басталды. Күн сайын қымбаттаған баға, бір емес, бірнеше несиелер тізбегі, коммуналдық төлем, той-томалақ және басқа шығындар біріне тартса, біріне жетпейтін хал­­ге жетті. Қарыздан-қа­рызға күн кешетін Айым­күлді айналасы шеттетін болды. Қарыз сұрай бергенді кім жақ­сы көрсін? Бір күні телефонына хабарлас­қан банк өкілі күн сайын қарыз үстіне қарыз қосы­лып жатқанын түсін­діре келіп, бұлай жал­ғаса берсе, кепілдегі жыл­жымайтын мүл­кін сатуға шы­ғаратынын ес­кертті….

Бұл бір ғана отбасының басындағы жағдай. Несие тарихы том-томға айналған талай адам бар. Несиеден-несиеге күн кешкен халық енді бір ғана нәрседен үмітті. Ол – «Банкроттық туралы» заң. Заң қабылданса, несиеміз кешірілер ме екен деген үмітпен жүргендер қаншама? Мұнан бөлек, осы несиемізді мемлекет жауып тастаса, енді несие алмас едім деп өз-өзіне уәде беріп жүргендер де бар. Әйтеуір, несие қамытын мойнына іліп алып, тапқан табысы несие төлеуге жетпей жүргендер қатары аз емес. Бұған ел экономикасындағы инфляция, бағаның өсуі де әсер етуде.

Шынында, төленбей қалған несие мәселесі бүгінгі күннің тақырыбына айналды. Жуырда «Qazaqstan» телеарнасындағы «Мәселе» ха­барында әріптестеріміз несие жайын егжей-тегжейлі тарқатты. Мұнда қазақстандықтардың бүгінгі қарызы жайлы сандар сөйледі. Атап айталық, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, Ұлттық банк қазақстандықтардың банктерге берешегі 7 трлн, 96 млрд, 772 млн теңге екен. Қазақстанда 9,23 млн адам экономикалық белсенді халық болса, соның 7,5 миллионында несие бар. Тек 1,7 млн тұрғынның басында ғана несие жоқ. Бұлар – бақытты жандар қатарынан болар. Тағы да статистикаға сүйенсек, өткен жылдың соңында қазақстандықтар қайтармаған қарыз көлемі жалпы берілген несиенің 9,7 процентін құраған. Бұл берілген әр несиенің 9-ыншысы қайтарылмауы мүмкін дегенді білдіреді. Сарапшылар қайтпаған несие 10 проценттен асса, банктер қаржылық дағдарысқа ұшырайтынын ескертуде.

Осы орайда «Бірінші несиелік бюросының» атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның кел­тірген деректеріне сүйендік. Оның айтуынша, елде кредиттік денсаулық индексі 2022 жылдың басында 62,1 процентті құрап, бір жыл ішінде 3,9 пунктке төмендеген. Бұл индикатор қарыз алушылардың келесі жылы қарызы көбейе түсетінін көрсетеді. Борышкерлердің 18,2 про­центі несие төлеу мерзімін 90 күннен асырып жіберген, ал 19,7 проценті әлі белгісіз аймақта. Яғни, бұл азаматтар несие төлеу тәртібі қалай болатынын әлі өзі де білмейтін, алдағы уақытта төлей алатынын болжай алмайтындар санатында. Әлемдегі геосаяси ахуал, валюта бағамының өзгеруі қазақстандық тұтынушылардың ақша жинау және қарызын мерзімінде төлеуіне әсер етпей қоймады. «Бірінші несиелік бюро» статистикасы әзірге несие төлеудің қиындағанын анықтап көрсетпегенмен, несие төлеушілердің несие талабын жеңілдету жағын көбірек сұрайтынын айтады. Мұндай санаттағылар 5-10 процент. Ал қалған бөлігі несиені уақытылы төлемеуден мемлекет бір шешім қабылдар деген үмітте. Қарыз алушылар  пікірінше,  бүгінде сотқа дейінгі іздестіру шаралары көбейіп кеткен. Қазір тұтыну сег­мен­тіндегі берешектің орташа сомасы – 200-250 мың теңге. Осы қарыз­дың өзі уақытылы төленбеуде, бұл банкроттыққа беруге және несиені қайта қаржыландыратындай емес екені түсінікті.

Қарыздан қажыған ел мемле­кеттің жақсылық жасап, қарыздан құтқаруға көмектесуінен үмітті. Алайда бұл ертегідегі алтын балыққа тілегін айтқанмен бірдей десек артық айтқандық емес. Шыны керек, мемлекет бір кездері халықтың белгілі бір санатының несиесін жауып та көрді. Алайда бұл жақсылық суға сіңгенмен бірдей. Себебі қайтадан несиеге жүгінгендер қатары бүгінде көбеймесе азайған жоқ. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетелік, 2019 жылы жарты млн тұрғынның 120 млрд қарызын мемлекет кешірді. Алайда бұл уақыт өте ұмыт болды. Сондықтан сарапшылар халықтың жап­пай несиесін кешіру қай жағынан да тиімсіз екенін айтады.

Ал ел мойын созып күтіп жүрген жаңа заңнан үлкен үміт күтеді. Бір қарағанда заңмен ісі жоқтай көрінетін қарапайым халықтың осы заңды асыға күтіп жүргенінен-ақ несие төлеуде бір жеңілдік болар ма екен деген үміт басым. Ал бүгінде жобасы дайын заңның қарапайым халық үшін тиімді тұсы қандай?

Наурыздың 25-і күні Үкіметте Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы талқыланды. Қаржы министрлігі заң жобасы бойынша жұмыс аяқталып, 21 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Бұл заң жобасы азаматтардың борыш жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлемдерді ынталандыру және борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Заң жобаларын талқылау барысында жұмыс тобының 10 отырысы өтіп, 100-ден астам ұсыныс пен ескертулер қаралған. «Электронды үкімет» платформасы арқылы қойылған 276 сұраққа жауап беріліп, ұсыныстар негізінде заң жобасына өзгерістер енгізілген. Оның ішінде банкроттық туралы өтініштерді беру рәсімі жеңілдетілген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға мемлекеттік көмек қарастыру, бітім­гершілік келісім жасау мүмкіндігі енгізілген. Сондай-ақ банкрот болғандардың қаржылық сауатын арттыру курстарынан міндетті түрде өту қажеттігі де қамтылған.

Бұған дейін заң жобасымен танысқан са­рапшылар, экономистер мен ғалымдар өз пікір­лерін білдіруде. Мәселен, заң ғылымда­рының кандидаты Асқар Қалдыбаев «Капитал» газетінде жарияланған мақаласында заң жобасының кемшін тұстарын атап өтеді. Заң­гер-ғалымның пікірінше, банкроттық түрлі жағдайдың әсерімен болуы мүмкін. Өмірдегі түрлі сәтсіздіктер немесе өз еркімен дегендей. Алайда заң банкротты жазалау ұстанымында болмауы керек. Банкрот болған адамның аты-жөні қоғамда жариялануы тиіс. Қоғам ол туралы мәлімет білуі керек. Ал адам тағдыры ше? Заңгердің пікірінше, бұл онсыз да қарыздан қиналған адамға үлкен соққы болуы мүмкін. Психологиясына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Заңгердің айтуынша, заңда адамды жазалау элементтері байқалады. Мәселен, 3 жылға шетелге шығуға тыйым салу. «Кез келген азамат шетелге бір мақсатпен, оқуға, жұмыс істеуге немесе отбасылық мәселелерімен баруы мүмкін. Бұл адам құқын шектеу болып саналады. Банкрот болу мен шетелге шығуға тыйым салу арысында еш байланыс жоқ», – деп жазады заңгер.

Ғалымның тағы бір келіспейтін тұсы – банкрот болған адамға мұнан кейін несие алуға тыйым салу. «Оның бір бизнес жобасы болуы мүмкін. Тиімді бизнес-жобасына қаржылық сектор қызығушылық танытып, несие беруі мүм­кін. Бұл мәселені банк өзі шешу керек. Жауапкершілігін де өзі көтереді» деген пікірде. Заң жобасында көрсетілгендей банкрот болған адамның табысын несие өтеуге бөліп, ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі соманы ғана өзіне қалдыру да көкейкесті мәселе. «Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 мың теңге. Бір азамат 36 мың теңгемен қалай күн көреді? Не сатып алады? Азық-түлік қалай алады? Отбасын қалай асырайды? Баласын қалай оқытады? Банкроттық адамның кедейшілікте өмір сүруіне әкелмеуі тиіс» – деп жазады заң ғылымдарының кандидаты Асқар Қалдыбаев. Сондай-ақ тұратын үйінен кішірек үй алып беру, көлігін сату секілді тұстардың да кемшілігін атап көрсетеді. «Оның үйі зәулім әрі қымбат үй болса, осындай шешім қабылдаған жөн болар. Ал қарапайым үйді сатудың қажеті жоқ. Бұл бір отбасының өмір салтын бұзады. Сол сияқты көлігі де қымбат көлік болса сатуға келісуге болады. Ал ескі көлігімен ол отбасын асырап отырған шығар» деген пікірі де бар. Бір сөзбен айтқанда, заң жобасына талдау жасаған ғалым қарызын төлей алмаған адамды банкрот деп жариялаудың өзі аз соққы емес екенін, оған түрлі тыйым салу артық екенін жазады. Ғалымның пікірінше, банкрот болған адамды өмірді «таза парақтан» бастап, өзгелер сияқты қалыпты өмір сүруге, қоғамға пайдалы азамат болуына мүмкіндік беру керек.

Ал белгілі экономист Мақсат Халық бұл заң­ның қажет екенін айтады:

– «Банкроттық туралы» заң қажет. Бұл көп­тен бері айтылып жүргенмен, кейінге шеге­ріліп келді. Бұл да түсінікті. Себебі бұл жерде банктік сектордың мүддесі жатыр. Осы уақытқа дейін банктік сектор арқылы қаржы жинақтаған олигархтардың мүддесі десек те болады. Сондықтан да бұл заң осы уақытқа дейін қабылданған жоқ. Қазір сең қозғалды деп айтуға негіз бар. Бұл заңды қазір парламенте қарастыруда. Енді бұл заң не үшін қажет? Менің ойымша, несиені алуын алып, қайтармай қойған кейбір адамдар бар. Оларға қатысты ешнәрсе айтқым келмейді. Бірақ несиені алуын алып, қиын жағдайға тап болып, қайтара алмағандар да, асыраушысынан айырылып, атадан-балаға мұра болып қалған несиелер бар. Осы жағдайларда коллекторлық ұйымдар, сот орындаушылар келіп қысым жасайды. Ол өз еліміздің азаматы ғой. Неге қарызға батқан адамды қыспаққа алуымыз керек? Бұл шара несие берген ұйымның пайдасына шешіліп, азаматтар зардап шегеді. Сондықтан бұл заң шығару болса, қиын жағдайда қалған азаматтарға дем беру. Қаржылық жағдайын қайта түзеуге мүмкіндік беру. Себебі бес жылға дейін ол адамға не сот орындаушысы, не коллектор хабарласпайтын болады. Ол адам бес жыл ішінде қаржылық жағдайын жақсарта алса қарызын төлеуге міндеттеледі. Ал жақсармаса, онда одан ешкім сұрамайды да.

Банкроттық бойынша заң жобасы әлі қара­лып жатыр. Мәселен, азаматтың 5 млн теңгеге дейінгі қарызы болса, сонда оны сотқа дейін-ақ шешуге болады. Ал қарызы 5 млн-нан асатын болса, онда ол сотта қаралады. Егер мүлкі кепілге қойылған болса, кредитор тәркілеуге құқы бар. Қазір жалғыз баспанасына тимеу туралы ұсыныс қарастырылуда. Бұл заңда қалса деп ойлаймын. Себебі адамның жалғыз баспанасы­на тиіспеу керек. Ал енді өзінің басқа да мүлікте­рі болса, қарызын өтеу үшін сататын болады. Бұл электронды үкімет арқылы жүзеге асатыны айтылуда. Яғни, азаматтар ешқайда бармай, электронды үкімет арқылы шешуге мүмкіндік алады.

Ал енді кейбір адамдар құйтұрқылыққа барып, артық жылжымайтын мүлкін туысына сыйға бергендей болып, жасырғаны болса, қосымша әкімшілік-құқықтық айыппұл салу мәселелері де қарастырылуда.

Бұл заң азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға ықпал етеді деп үміттенемін. Әрине, заң қарастыру үстінде заң шыққан кезде нақты айта аламыз. Дегенмен заң біз ойлаған дәрежеде болмаса, азаматтардың банкроттығы туралы жұмыс істейтін мекеме коллекторлық компаниялардан асып түсетін функцияларға ие болмаса екен деймін. Сондықтан бұл процесске жіті қарап, халық игілігі үшін жасау қажет. Тиімді тұсы – жалғыз баспанасын тартып алмайды, арнайы шот ашылады, ешкім оның шотын бұғаттамайды. Сол шотқа өзінің тапқан табысын аударып отырады. Қарызының белгілі бір бөлігін төлеу керек болса, айлығы отбасының күнкөрісіне есептеледі де, үстіндегі қаражат алынып отырады. Банкрот болған адамның шетелге шығуына тыйым салуы секілді ұсыныстар бар. Бұл азаматтарға мұнан кейін несие беру процесі қиын болады.

Бұл ретте қаржылық ұйымдар қандай шешім қабылдауда? Биыл ақпан айында Ұлттық банк базалық ставканы 13,5 процентке көтерді. Мұнан соң екінші деңгейлі банктердің де несие проценті бірден қымбаттады. Сарапшылар пікірінше, несие процентін қымбаттату арқылы елдің несие алуға деген ынтасын азайтады, нәтижесінде баға да түседі. Ресми ақпарат бойынша екінші деңгейлі банктердің несие проценті 18-ден 56 процентке дейін қымбаттаған. Алайда бұл мәселені шеше ме? Ешкім-ешкімге қарыз бер­мейтін заманда халықтың банкке әлі талай жүгінетіні белгілі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: