Бейсенбі, 02 мамыр, 09:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Білім берудегі бағдар

08.11.2022

550 0

Өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші – білім. Елдің болашағы білім саласымен тікелей байланысты болғандықтан, ол әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Бұл бағытта жаңа әдістер, тың тәсілдер қолдану қажет-ақ. Осы үдерістен шығу үшін білім сапасын көтеру бағытындағы іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Соның дәлелі ретінде Үкімет отырысында бекітілген білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын айтуға болады.

Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырым­дамасы талқыланды. Онда Премьер-министр Әлихан Смайылов негізгі бір­қатар міндетті атап өтті. Мәселен, 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектеп салу жоспарланған. Айта кеткен жөн, тұжырымдаманың барлық жоспары балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. «Балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару керек. Жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл өз кезегінде колледж түлек­терінің 75 пайызын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар «Білімді ұлт», «Жайлы мектеп» жобасымен үйлестіру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап айтты.

Тұжырымдамада жасалатын жобалар жөнінде кеңінен тоқталсақ, алдағы уақытта білім беру саласы цифрландыруға бағыт алады. Яғни бірнеше жылда аталған саланы біраз өзгеріс күтіп тұр. Мәселен, балабақшалар мен мектептердің білім беру бағдарламалары қайта жаңғырады. Оның ішінде ғимараттар көптеп салынады. Сала мамандарының жалақысы тағы өседі. Ерекше қуанарлығы, 2026 жылға қарай білім беру саласы түгел цифрландыру жобасын қолға алмақ. Атап айтқанда, ұстаздар мен оқушылардың жеке мәлеметтері енгі­зілген цифрлы портфолиосы әзірленеді. Ал аттестаттар мен дипломдар да QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Оқулықтар электронды форматта болады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкесі планшетке ауыстырылуы мүмкін.

Бұл мәселеге оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кеңінен тоқталды.

– Планшетті, әлде басқа да құрыл­ғыларды егер бала қолданбаймын десе, ешкім ешкімге оны мәжбүрлеп жатқан жоқ. Ол тек мүмкіндік. Ол ертең мектепке барып мұғалім сабақ бермей, сабақ басқаша өтеді дегенді білдірмейді, солай ғой?! Сондықтан мұғалім кәдімгідей сабағын өткізеді, бірақ бұл қосымша құрылғы. Министрліктегілер планшеттермен қам­тудың қамына кірісіп те кеткен. Келесі жылы 400 мың бірінші сынып оқушысын осы электронды құрылғымен қамту ұсы­нылды. Бірақ цифрлы салаға жауапты бас маман интернеттің әлі де әлсіз екенін айтып, көңілге күдік ұялатты. Елдегі 7 мыңнан астам мектеп интернетке қосыл­ғанымен сапасы сын көтермейді, – деді.

Алайда оқу-ағарту министрі өз саласын цифрландыруға дайын екенін айтқанмен, цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин еліміздің 90 пайыз мектебі, яғни 6 мыңнан астам мектеп бұл талапқа сай келмейтінін алға тартып отыр. Сондықтан әкімдіктер мектептерде интернет жылдамдығын арт­тыру үшін қаражат бөліп, тиісті жұмыстарды жүр­гізуі қажет.

– Ведомство әкімдіктерге иек артып отыр. 2023 жылдың соңына дейін әр мек­тепте локалды желі болуы қажет. Жаңа салынған мектептер талшықты-оптикалық байланыс орнатуы шарт. Ал жоғары білім беру бойынша «Цифрлық университеттің эталондық стандарты» әзірленіп, онлайн оқыту жүйесі енгізіледі, – деді Бағдат Мусин.

Білім саласының маңызды деңгейі балабақша екені белгілі. Яғни баланың интеллектуалды, әлеуметтік дамуына балабақшалардың да әсері зор. Сондықтан алдағы уақытта 2 ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін жаңа балабақшалар ашылады. Сондай-ақ мемлекеттік тап­сырысты жекеменшік балабақшаларға орналастыру жұмыстары жалғасады.  Тұ­жы­рымдамаға сәйкес балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілуде. Бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға сапалы білім мен тәрбие берудің маңызы зор. Осы орайда тәрбиешілердің біліктілігін арттыру мен аттестаттау жұ­мыстары жетекші рөл атқаратыны белгілі. Сол үшін осы мәселелер шешімін табуы тиіс.

Білім саласында қолға алынатын мәсе­лелер мен жасалатын жобалар бойынша әр аймақ өз жұмысын бастап та кетті. Мәселен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша өңірде білім сапасын жетілдіру және мектептердің құрылыс мәселелеріне тоқ­талып, сала бас­шы­ларына нақты тап­сырмалар жүктеді.

– Оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау – біздің басты мін­детіміз. Жаңа тұжырымдамада көзделген бар­лық көрсеткіштер өз мерзімінде орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Аймақта білім саласына жеткілікті көңіл бөлінген.  Атап айтқанда, жаңадан бірнеше мектептің құрылысы жүргізіліп, ғимараты ескірген мектептер күрделі жөндеуден өтуде. Биыл өңірде 4350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылына 1 мемлекеттік және 2 жекеменшік мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін Қызылорда қаласында бір мектеп, Жаңақорған ауданында 3 мектеп Қазалы ауданында 1 мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар аймақта алдағы жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 15 жаңа мектеп салынады. Демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептер саны 20-ға жетті.

Бүгінгі таңда білім сапасы үлкен мәселе екені ақиқат. Жыл сайын білім беру үдерісі жаңару үстінде. Сондай-ақ қазіргі кезде білім беру саласына жаңа көзқарас, жаңаша талап қойылып отыр. Яғни білім беру саласындағы жаңа жобалар заман талабы екенін айқындай түседі.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: