Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 19:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Баспана бағасы – басты мәселе

15.10.2022

1196 0

Сенімді инвестиция саналатын жылжымайтын мүлік бағасы қай кезде де түскен емес. Тіпті баспана бағасы түседі ме деген сұрақтың өзі артық болар. Дегенмен баспана бағасына шолу жасап отырған жөн. Әсіресе үй алуға үміттенгендер үшін бағаны сараптап отырғанның артығы жоқ.

Биыл да баспана бағасы біраз шарықтады. Құрылыс бағасының қымбаттауы, жұмысшы күшінің жетіспеуі және тағы басқа дәйектер баспана бағасын жылдағыдан да қымбаттата түсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері екінші нарықтағы үйлер 26 пайызға қымбаттаған. Ал жаңа үйлер бағасы 17,7 пайызға дейін өсіпті. Баспана бағасы әр аймақта әртүрлі. Мегаполистерде жылжымайтын мүлік бағасы өзге аймақтармен салыстырғанда жоғары болатыны заңдылық. Дегенмен қай аймақта болсын, тұрғын үй бағасы арзан емес. Жаңа үйлер бағасының қымбаттауынан көш басында Ақтөбе, Қостанай, Астана, Өскемен, Көкшетау, Ақтау қаласын атап айтуға болады. Сандарды сөйлетсек, бірінші нарықтағы Ақтөбеде 32,5, Қостанайда 27, Астанада 26,6, Өскемен 20,3 пәтер бағасы, Көкшетауда 20,3, Ақтауда 19,3 пайызға қымбаттаған. Павлодар мен Талдықорғанда да жаңа үй бағасы сәл де болса қымбаттапты. Мәселен, Павлодарда 0,9, Талдықорғанда 1,8 пайызға өсіпті.

Ал екінші нарықтағы үйлердің баға­сы қай қалада қымбаттағанына зер салсақ, баға қымбаттығы Қызылорда қаласында (45 пайыз), Ақтөбеде (44,3 пайыз), Өскеменде (40,4 пайыз), Талдықорғанда (38,8 пайыз), Ақтау мен Астанада (38,4 пайыз) байқалады. Ал Түркістан мен Атырау­да екінші нарықтағы үйлер бағасында аса өзгеріс жоқ.

Күн сайын құбылатын бағаға бұғау жоқ екені белгілі. Баспана бағасындағы айтарлықтай өзгеріс қыркүйек айының өзінде байқалады. Атап айтсақ, қыр­күйекте екінші нарықтағы үйлер елдің 10 қаласында қымбаттай түсіпті. Баға қымбаттығы жағынан Алматы қаласы көш басында. Мұның түрлі себебі бар. Күз айы пәтер іздейтіндердің көбейетіні, баспана алуға арналған бағдарламалардың қарқынды жүзеге асатын уақыты. Сондай-ақ студенттердің көбеюі де нарыққа әсер етпей қоймасы анық. Қалай айтсақ та, Алматы қаласында тұрғын үй бағасы қыркүйек айының өзінде 1,9 пайызға өскен. Баға қымбаттығы жағынан екінші орында Семей, Астана қалалары (1,3-1,2 пайыз). Ал Ақтөбе, Орал, Шымкент, Тараз, Павлодар, Көкшетау, Ақтау қалаларында 1 пайызға қымбаттаған. Ал Өскемен, Талдықорған, Қарағанды қаласында күз мезгілі бағаға әсер етпеген екен. Бір қызығы, күздің алғашқы айында Қызылорда, Атырау, Қостанай, Петропавл қаласында екін­ші нарықтағы үй бағасы сәл де болса арзандағаны байқалады (0,1-1,3 пайыз).

Бір сөзбен айтқанда, баспана нарығында жыл ішінде елеулі өзгеріс бар. Тағы да сандарға жүгінсек, өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда елде баспана бағасы жыл ішінде 21 пайызға қымбаттай түсіпті.

Жыл сайын бағасы шарықтай түскен баспана алудың қарапайым халық үшін тиімді жолы қандай? Бұл ретте елдегі баспана алуға арналған мемлекеттік бағ­дарламаларды атап айтқан жөн. Бүгін­де елде халықты баспанамен қам­тамасыз ету үшін түрлі жеңілдетілген бағдарламалар іске қосылуда. Мәселен, жастардың баспаналы болуы үшін «Алматы жастары» бағдар­ламасы секілді өзге өңір жастары үшін де мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар жуырда ғана «7-20-25» бағдарламасына балама тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылатыны айтыла бастады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев  жа­қын­да жаңа ипотекалық бағдарламамен таныстыратынын айтты. Оның айтуынша, бастапқы жарна мен мөлшерлеме халық­қа тиімді болу қажет. Тіпті жылдық мөл­шерлеме 7 пайыздан аспайтынын жеткізді.

«Заң аясында қарастырып жатырмыз. Ең бастысы алғашқы жарна және тиімді мөлшерлеме болады, яғни 7 пайыз. Есте болса, «Баспана Хит» бойынша 12 пайыз болған еді. Сол кезде қайталама нарықтағы үйлер қатты сұранысқа ие болды. Бұл жолы 7 пайыздан асырмаймыз деп отырмыз, – деді министр.

Сонымен қатар бұл бағдарлама халық­тың белгілі бір санаты үшін емес, жалпы халыққа тиімді болмақ. Тағы да министр Қ.Өскенбаевтың сөзінен үзінді келтірейік:

«Біз халықтың әлеуметтік осал тобының баспанамен қамтылғанын қалаймыз, бірақ жалпы халықты назардан тыс қалдырамыз. Біз оларды да бағдарламамен қамтамасыз ету үшін отбасының цифрлық портреті арқылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қарастырудамыз. Яғни, категорияға бөл­мей, әр отбасыға жеке мән беру керек», – деді министр.

Ресми дереккөздеріне сүйенсек, енді іске қосылатын бағдарлама бойынша үй алудың тиімді тетіктері қарастырылуда. Атап айтқанда, алғашқы жарна сатып алатын үй бағасының 20 пайызынан кем болмайды. Тұрғын үй алуға берілетін несиенің мөлшері өңірлерге қарай әртүрлі. Мәселен, Алматы, Астана қаласында 35 млн теңгеге дейін, Ақтау, Атырау, Шымкент қаласында 25 млн теңгеге дейін, Қарағанды қаласында 20 млн теңгеге дейін. Ал өзге аймақтарда 15 млн теңгеге дейін болады деп жоспарлануда. Әрине, бұл әлі де талқылау үстіндегі бағдарлама. Қалай айтқанда да, баспаналы болсам деген жандарға тағы бір үміт сәулесі жарығын түсіргендей.

Баспана тақырыбы туралы жазғанда, сарапшылар пікіріне құлақ ассақ, олар арнайы бағдарламалардан гөрі екінші деңгейлі банктер тиімді пайызбен несие беру керектігін алға тартады. Себебі әр бағдарламаның «дүниеге келуі» тұрғын үй нарығында бағаны өсіреді екен. Қалай болғанда да, халыққа тиімді жағын қарастырған жөн.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: