Ақмола облысында өңір әкімі Марат Ахметжанов пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің аграрлық сала өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңесті ашқан облыс әкімі егін жинау барысы мен ауыл шаруашылығына жасанды интеллектті енгізу туралы айтып өтті.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 91%-дан астам егіс жиналып, орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құрап, 6,8 млн тонна астық бастырылды. Биылғы жылдың астық сапасы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары: шамамен 75% астық үшінші сыныпқа сәйкес келеді, – деді Марат Ахметжанов.
Ол бұл көрсеткіштерге диқандардың жанқиярлық еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетілген жан-жақты, уақытылы қолдаудың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Биыл жеңілдетілген несие түрінде 928 ақмолалық шаруашылыққа 118,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Лизингтік жеңілдіктер бағдарламасы бойынша 43,6 млрд теңгеге 1 100-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 63 млрд теңгеден астам қайтарымсыз субсидия төленді. Бұдан бөлек, егіс және орақ науқанын өткізу үшін мемлекет тарапынан 172 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі саланың алдында Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде өндіріс көлемін арттырумен қатар, ауыл шаруашылығының тұрақты, тиімді және бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру маңызды.
Биыл еліміздің диқандары саланы жеңілдетілген қаржыландыру көлемі шамамен 1 трлн теңгеге жеткен – бұл агроөнеркәсіп саласы үшін рекордтық көрсеткіш. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жаңа маусымға алдын ала дайындалуға және барлық қажетті жұмыстарды уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері «Даму» қоры жалпы сомасы 230 млрд теңгеге 1300 кепілдік берген. Бұл шара жеткілікті кепілдік мүлкі жоқ фермерлерге несиеге қол жеткізіп, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда жаңа мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленуде. Онда несиелік өнімдер желісін кеңейту, инвестициялық жобаларды қолдау және «Даму» қорының 80%-ға дейін кепілдік беру тетігі қарастырылған. Бағдарлама тауарлық шаруашылықтарды, құс фабрикаларын және өнімді қайта өңдеу кәсіпорындарын да қамтиды.
Өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілері субсидиялау, логистика, инфрақұрылым және қаржыландыруға қолжетімділік мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар мен сұрақтарын жеткізді. Барлық ұсыныстар салалық бағдарламаларды әзірлеу кезінде ескерілетіні айтылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!