Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк тобы елімізде қандай жобаларға қаржы салатынын айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM
Палата отырысында депутат Қайрат Балабиев Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастық аясында елімізде 8 млрд долларды құрайтын 50-ден астам жоба іске асырылғанын айтты.
— Атап айтқанда, көлік, білім беру, қаржы жүйесі, жасыл технологиялар, экология, сондай-ақ цифрландыру салаларында. Менің нақтылағым келетіні, алдағы 2-3 жылда әлеуетті қоржын бойынша қандай болжам? Қандай жобалар және экономиканың қандай секторларында жоспарланып отыр?, — деп сұрады депутат Серік Жұманғариннен.
Вице-премьер дерегінше, Дүниежүзілік банк тобы Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жедел цифрландыру жобасына 84 млн доллар салады. Ол Үкіметтің қарызы саналады. Мұнан бөлек, Жезқазған-Қарағанды жолына 1,2 трлн теңге, ал Бейнеу-Сексеул жолына 750 млн доллар құяды. Жобалар пайдалануға берілгеннен кейін жолда жүру уақытының қысқаруы нәтижесінде экономикалық пайдасы 93 млрд теңгеден асуы мүмкін. Құрылыс барысында 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
— Мұнан бөлек, инновацияны ынталандыру жобасына — 75 млн доллар, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруге — 100 млн доллар, суару және дренаж жүйелерін жетілдіруге — 300 млн доллар, темір жол қатынасын және көлік байланыстылығын трансформациялау жобасына 850 млн доллар, Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға — 350 млн доллар, Қамбар ата-1 ГЭС-ін салу жобасына 500 млн доллар көзделеді. Осы жобалардың бәрін келісім ратификацияланған кейін іске асыруға мүмкіндік болады, — деді Серік Жұманғарин.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
