Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі алкоголь өнімдерін сатуға қатысты талаптарды қатаңдатуды ұсынды. Ұсынысқа сәйкес, спирттік ішімдіктер тек арнайы лицензияланған алкомаркеттерде ғана сатылуы тиіс. Сондай-ақ онлайн сатылымға тыйым салу және лицензиялар санын азайту көзделіп отыр. Алайда кәсіпкерлер мен экономистер бұл бастама шағын бизнесті күйретіп, көлеңкелі нарықтың өсуіне және елдің туристік тартымдылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін деп есептейді. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің эксклюзивті материалында.
ІІМ министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, алкоголь – қылмыстардың басты себептерінің бірі.
Жыл сайын мас күйінде шамамен 10 мың қылмыс жасалады, – деді ол.
Оның сөзінше, жаңа шектеулер тұрмыстық қылмыстардың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
«Бұл – 175 мың шағын кәсіпорын үшін соққы»: саланың реакциясы
Сарапшылар халықтың алкогольге тәуелділігін азайту мақсатын түсінеді, бірақ ІІМ ұсынған тәсіл экономиканың негізгі заңдылықтарына қайшы дейді. Легалды нарықты шектеу – көлеңкелі сауданың өсуіне жол ашады.
Орталық Азия Қонақжайлылық Ассоциациясының президенті Марина Бошельдің айтуынша, бұл өзгеріс 175 мыңға жуық шағын бизнеске, оның ішінде үй маңындағы дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына ауыр соққы болмақ. Дәл осы кәсіпорындар жергілікті сауданың негізін құрайды.
Алкоголь – жай ғана тауар емес. Үй маңындағы дүкендердің табысының 30–60 пайызы дәл осы өнімнен түседі. Бұл қаражат жалға алу ақысы мен жалақыны төлеуге, қажетті азық-түлікті сатып алуға жұмсалады, – дейді Бошель.
Оның есебі бойынша, таза табысы 150 мың теңге болатын шағын дүкен табысының 40 пайызынан айырылса, рентабельділігін жоғалтады.
Ондай жағдайда жұмыс істегеннен гөрі жабылған тиімді, – дейді ол.
Аймақтардағы жағдай және көлеңкелі нарықтың күшеюі
Ірі қалаларда кейбір сауда желілері бөлек алкомаркеттер ашып, бейімделе алады. Ал ауылдық жерлер мен шағын қалаларда бұл мүмкін емес. Мұндай жерлердегі дүкендер көбіне 50 шаршы метрге дейінгі жалға алынған шағын нысандарда орналасқан. Оларға бөлек лицензияланған алкомаркет ашу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Кіші қалаларда үй маңындағы дүкендер – негізгі инфрақұрылым. Егер олар жабылса, сұраныс жасырын нарыққа, яғни заңсыз сатушылар мен самогоншыларға кетеді. Бұл салық түсімдерінің азаюына және сапа бақылауының төмендеуіне әкеледі. Контрафакт өнімдері мен қолдан жасалған ішімдіктердің көбеюі – әкімшілік тыйымның тікелей салдары, – деп ескертеді Бошель.
Экономикалық салдар: салық, жұмыс орындары, тұтыну
Қазір алкоголь – шағын бизнес үшін тұрақты табыс көзі болып отырған санаулы салалардың бірі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, елде 175 мың сауда нүктесі бар, олардың басым бөлігі үшін спирттік өнімдер негізгі табыс көзі болып саналады.
Әрбір жабылған дүкен – жоғалған жұмыс орны, салық және бүтін бір отбасының тұрақтылығының жоғалуы. Бұл тек сауда саласына емес, дистрибьюторлар мен өндірушілерге де әсер етеді, – дейді сарапшылар.
Бошельдің айтуынша, Үкімет бұл бастаманың салықтық салдарын есептемеген. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов та ІІМ бастамасының экономикалық әсеріне қатысты талдау әзірге жүргізілмегенін растаған.
Экономист Расул Рысмамбетов бұл шектеулердің күткен нәтижені бермейтінін айтады. Оның пікірінше, кәсіпкерлер жаңа талаптарға бейімделудің амалын табады, бірақ бұл қосымша шығын мен бюрократияны арттырады.
Бизнес тек заңды тұлғаларды бөледі: бірі азық-түлік сатады, екіншісі – алкоголь. Қазірдің өзінде бұлай істеп жүргендер бар. Нәтиже – нөл, ал шығын көп. Ал ішімдік ішуге бейім адамдар бәрібір өз жолын табады. Мұндай шаралар тек бақылау елесін тудырады, – дейді Рысмамбетов.
Туризм мен ел имиджіне қауіп
Шектеулер қонақжайлылық саласына да әсер етеді. Әсіресе Еуропадан келетін туристер үшін шарап немесе сыраның қолжетімділігі – мәдени тәжірибенің бір бөлігі.
Қатаң шектеулер Қазақстанды Орталық Азия мен Кавказ елдерінің аясында азырақ тартымды етеді. Ірі халықаралық қонақүйлер мен инвесторлар мемлекеттік саясаттың болжап болмайтын және тыйымдарға бейім елдерге абайлап қарайды. Бұл туризм жобаларының тоқтауына және инвесторлардың қызығушылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін, – дейді Бошель.
Оның айтуынша, өңірлердегі шағын қонақ үйлер мен хостел иелері туристерге көбіне сусын мен азық-түліктің шағын жиынтығын ұсынады. Бұл – қосымша табыс көзі. Ал тыйым енгізілсе, олар бұл мүмкіндіктен айырылады, бизнес рентабельділігін жоғалтады.
Ортақ шешімге келудің жолы қандай?
Бошельдің айтуынша, бизнес алкоголь өнімін сатуды реттеу қажеттілігін жоққа шығармайды, бірақ жаппай шектеуге қарсы. Қонақжайлылық Ассоциациясы тыйым салу емес, жүйелі профилактика жолын таңдауды ұсынады.
Үй маңындағы дүкендерді шектеулер тізімінен шығарып, оларға кем дегенде жеңіл алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат ету керек. Бар нормаларды күшейтіп, әсіресе кәмелетке толмағандарға және түнгі уақытта сатуға бақылауды арттыру қажет. Ең бастысы – жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыру, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, ІІМ-нің бастамасы қылмыстың алдын алу құралы ретінде ұсынылса да, іс жүзінде ол заңды сауда мен жұмыспен қамтудың тұтас секторын күйретуі мүмкін. Егер ұсыныс қазіргі күйінде қабылданса, мемлекет салықтан, жұмыс орындарынан және өнім сапасын бақылаудан айрылып қалуы ықтимал — ал оның тиімділігі дәлелденбеген.
«Құрғақ заң» ешқашан жақсы нәтиже бермеген. Ол тұтынуды азайтпайды, тек экономиканы әлсіретеді, – деп қорытындылады Марина Бошель.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!