2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңартылған Салық кодексі күшіне енеді. Құжат салық жүйесін жеңілдетуге және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа кодексте бірқатар маңызды өзгеріс қарастырылған:
• салық есептілігін 30%-ға қысқарту,
• салық түрлерін 20%-ға азайту,
• салық жеңілдіктерін оңтайландыру,
• дифференциалды ставкаларды енгізу,
• инвестициялық белсенділікті ынталандыру,
• сән-салтанат заттарына салық жүктемесін арттыру және басқа да өзекті бағыттар қамтылған.
Жеке тұлғаларға арналған өзгерістер
Жеке тұлғалар үшін де бірқатар жаңалықтар енгізілді. Соның ішінде:
• БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады, егер олар мұрагерлікке немесе елден тыс жерге шығуға байланысты болмаса;
• Жеңіл автокөліктерге салық мөлшері төмендетілді:
• пайдаланылғанына 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктер үшін – 30%-ға,
• 20 жылдан асқан көліктер үшін – 50%-ға азаяды;
• І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім мөлшері 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Сән-салтанат заттарына жоғары салық
Жаңа кодексте жеке “сән-салтанат салығы” енгізілмейді, алайда қымбат мүлік пен тауарларға жоғары салық ставкалары қарастырылған.
• 450 млн теңгеден асатын мүлік (үш және одан көп нысан болған жағдайда) жоғары мөлшерлеме бойынша салық салынады;
• 75 млн теңгеден қымбат көліктерге, 100 млн теңгеден жоғары теңіз және әуе кемелеріне, сондай-ақ қымбат алкоголь мен темекі өнімдеріне жоғары акциздер қолданылады.
Мәслихаттарға жекелеген объектілердің есептік құнын 50%-ға дейін арттыру құқығы беріледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!