Суретті түсірген: Н.Нұржаубай
Қазақстанның кен байлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біздегі байлық басқаларда болса халқын алтынмен аптап, күміспен қаптамаса да әлеуетін әлдеқайда жақсартар еді.
Иә, бүгінде жұртшылық осындай әңгімені жиі айтатын болды. Тіпті арабтар сияқты өмір сүріп, елімізде бір емес бірнеше Дубайды салып тастауға болады дейтіндер де бар. Кейбіреулер мұндай әңгімелерді жай сөз деуі де мүмкін. Бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» секілді әлгіндей әңгімелердің жаны болмаса ел ішінде осынша есер ме еді?.. Несін жасырамыз, көп байлығымыз жекенің меншігінде. Тіпті сол байлықтың басым бөлігінің қызығын шетелдіктер көріп жатыр. Бұл сөзімізге ондаған, жо-жоқ жүздеген мысал келтіруге болады. Ал жекенің еншісіне тиген байлықты қайтару мүмкін бе? Иә, мүмкін! Ол әділетті Қазақстанда жүзеге асады.
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатының кен орындарын тексеру мәселесі жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz. Осы жиында алтын, көмір, темір, мыс, боксит, полиметалл және басқа да кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылғаны айтылды.
Міне, жаңалық! Ақпарат көзіне сүйенсек, Үкімет жер қойнауын пайдаланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Талдау барысында өткен жылы уәкілетті органдар қатты пайдалы қазбалар бойынша 115 келісімшарт пен 198 лицензияны, сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 12 келісімшартты бұзған. Нәтижесінде мемлекеттік қорға алтын, көмір, темір, мыс, боксит, полиметалл және басқа да кен орындары қайтарылды, олар кейіннен стратегиялық инвесторларға беру үшін аукционға шығарылады.
2022 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша бюджетке 26 млрд теңге сомасына қол қою бонусы төленді және көмірсутек шикізаты бойынша геологиялық барлауға 50 млрд теңгеден астам инвестиция мәлімделді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ұсынуға арналған аукционға барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Аукциондарды өткізу туралы ақпарат міндетті түрде республикалық баспа басылымдарында және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жарияланады. Сонымен қатар уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл санкцияларын қолдану бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Өткен жылы мемлекет кірісіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 331 млн теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді, сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,8 млрд теңгеге берешек өтелді. Қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде жер қойнауын пайдалану саласына, бірінші кезекте қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеру үшін инвестиция ағыны ұлғаяды.
Үкімет сайты таратқан мына ақпаратқа қарап, «ұстағанның уысында, тістегеннің аузында» кетіп жатқан талай байлыққа толы кен орындарын қайтаруға болады екен ғой деген тұжырым жасадық. Баяғыда бір көкем шындап келсе бәрі биліктің өз қолында деген еді. Шынында солай екен-ау. Енді мұнай кеніштері қайтарылса, мемлекет меншігіне берілсе, ол халықтың игілігіне жараса деген тілек бар бізде. Өйткені үкімет бұл бағыттағы жұмысты әлде де жалғастырады екен.
А.АҚЫЛБЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!