Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Көлік жүргізушілеріне салық амнистиясы жасалуы мүмкін

20.12.2021

2406 0

Қаржы министрлігі көлік жүргізушілерінің кейбір санаттары бойынша салық амнистиясын өткізуді ұсынып отыр. Бұл туралы мәжілістегі үкімет сағатында ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Отырыс кезінде депутат Жұлдыз Сүлейменова салықтық және кедендік рәсімдерді цифрландыру жұмысына тоқталып, көлік салығын қате есептеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, өткен жылы 10 мыңнан астам қазақстандықтың көлік салығы дұрыс есептелмеген. Содан барлығы e-Salyq Azamat қосымшасы арқылы қателікті түзетуге өтініш берген. Олардың арасында көлігі жоқ азаматтар да болды.    

«Осындай ақаулықтар неден шығатынын сұраған кезде ішкі істер министрлігі мен қаржы министрлігі ешқандай қателік жоқ, бәрі дұрыс істеп жатыр деп жауап беріп жатады. Ішкі істер министрлігі барлық мәлімет уақытында және қатесіз беріледі десе, қаржы министрлігі есеп-қисапта қате кетпейді деп ойлайды. Сөйтіп, бір-біріне сілтейді. Ал көлік салығына қатысты проблема шешілмей қалады. Сонымен, қателіктердің нақты себебі неде? Осы бір сұраққа жауап беріңізші?», – деді Сүлейменова.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, көлік салығын түзету жұмыстары жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін екі министрліктің мамандары бір миллионға жуық адамның деректерін жаңартып шықты. Көлік салығына қатысты проблеманың нақты себебі де анықталды. Бүгінде адамдар көлікті есептен шығармай, сенімхатпен сата салады. Содан көлік салығы бұрынғы иесіне келе береді.

«Сосын бізде қайтыс болған немесе 1960-1970 жылдары басқа елге көшіп кеткен азаматтар бар. Ескі автомобильдер де аз емес. Оны ешкім мінбейді. Ал жол апатына түскен көліктер пайдалануға келмейді. Соның бәрі бөлшек сауда арқылы сатылады. Біз осы санаттағы көліктерге қатысты ұсынысты үкіметке енгіздік. Бәлкім, амнистия жасаған дұрыс шығар. Ол көліктер жоқ қой. Біз ішкі істер министрлігімен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деп жауап берді министр.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде eSalyq Azamat қосымшасында 800 мың адам тіркелген.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: