Көптеген қазақстандық 97,6 мың теңге мөлшеріндегі модальды жалақымен күн көріп жүргенде, елде айлық табысы миллиондап есептелетін мамандықтар да бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Finprom дерегіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы ондаған маман ай сайын 15 миллион теңгеден аса табыс тапқан. Олардың қатарында министрлер де, әкімдер де, тіпті банкирлер де жоқ.
Абсолютті рекорд иесі – электр машиналарын, аппараттар мен құрылғыларды сынаушы маман. Оның ай сайынғы жалақысы 15,5 млн теңгені құраған.
Оған жақын көрсеткіш – 15,3 млн теңге еңбекақы инженерлік психология саласының маманына төленген. Бұл маман техникалық жүйелер мен интерфейстерді адам психикасына бейімдеумен айналысады.
Ал алғашқы үштікке шамамен 14 млн теңге жалақы алатын энергия-менеджмент инженері де енген.
Айта кетерлігі, ең жоғары жалақы алатын алғашқы 30 мамандықтың ішінде тек бір ғана басшы бар, ал қалғандарының бәрі – жоғары білікті техникалық сала мамандары.
Қызығы, рейтингте топ-менеджерлерден гөрі «көк жағалылар» көп болды. Мысалы, техникалық сапа бақылаушыларының айлығы 6,7 млн теңгеге дейін жеткен, ал құрылыс саласындағы инженерлер 5,6 млн теңгеге дейін табыс тапқан. Ал тізімнің төменгі жағында бөлім басшылары орналасқан. Олардың жалақысы 4,7–5,6 млн теңге аралығында болған.
Ашық еңбек нарығында мұндай жалақылар кездесе бермейді. Жиі қолданылатын бос орындар сайттарында ұсынылатын ең жоғары айлық 3–3,5 млн теңге шамасында. Оның өзі көбіне тұрақты ставка емес, жоспарды орындау не келісімшарт жасасу арқылы табуға болатын ықтимал табыс.
Мұндай лауазымдар көбіне сату, жылжымайтын мүлік және өнеркәсіп саласында кездеседі. Ал шынайы «топ» мамандарды компаниялар өз ішінде өсіреді немесе HR-платформаларды айналып өтіп, тікелей тартып алады.
Статистикаға сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда ай сайын 1,5 млн теңгеден көп жалақы алатын шамамен 42 мың адам болған. Алайда олардың тек 24%-ы ғана әйелдер.
Гендерлік айырмашылық әсіресе құрылыс саласында (8,5%), көлік саласында (12,6%) және ауыл шаруашылығында (11,4%) айқын байқалады. Тек денсаулық сақтау мен білім беру саласында ғана әйелдердің басымдығының арқасында теңгерім орнаған.
Ал шенеуніктерге келсек, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жоғары жалақы алатындардың небәрі 1,5%-ы мемлекеттік басқару секторында жұмыс істейді. Бұл – бар болғаны 614 адам.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы ҚР Премьер-Министрінің айлығы 2,5 млн теңге болған. Бұл электр машиналарын сынаушының жалақысынан алты есе аз.
Ал әкімдер мен Жоғарғы сот қызметкерлері шамамен 1,7 млн теңге, министрлер – 1,5 млн теңге, Мәжіліс депутаттары тіпті одан да аз – 1,3 млн теңге көлемінде айлық алған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!