Еліміз келер жылдан бастап Германияға жеткізілетін мұнай көлемін 30%-ға ұлғайтпақ. Бұл келісім «ҚазМұнайГаз» ҰК» басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен Rosneft Deutschland GmbH компаниясының бас директоры Йоханес Бремер арасындағы кездесу барысында белгілі болды, деп жазады Egemen.kz.
Келіссөздер кезінде отандық мұнайды Германияға тасымалдау мәселелері талқыланып, тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Қазақ мұнайын жеткізу туралы қолданыстағы келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. Құжатқа сәйкес, ай сайынғы жеткізу көлемі 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін өседі. Мұнай «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының ресурстарынан экспортталады.
Айта кетсек, 2024 жылы «ҚазМұнайГаз» алғаш рет Қарашығанақ кен орнынан Германияға мұнай жөнелтуді бастаған болатын. Ал 2025 жылы «Тенгизшевройл» өндірген мұнай экспортқа шығарылды.
Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстаннан Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына шамамен 1,5 млн тонна мұнай жеткізілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!