Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев мемлекеттік инвестициялар ағыны туралы ой қозғап, Қазақстанда одан нақты кімдер пайда көріп отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы реттелетін сатып алулардың жылдық жиынтық көлемі шамамен 30 триллион теңгені құрайды. Бұл мемлекет заң аясында бақылайтын барлық бағытты қамтиды. Олар құрылыс, инфрақұрылым, жол, әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, мемлекеттік компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары.
Бұл елдің дамуына ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтарға жұмыс, тұрақты табыс және ертеңгі күнге сенім беруге тиіс қомақты қаражат. Алайда шындық басқаша болып отыр. Кей компанияларда штатта небәрі бірнеше ондаған немесе жүздеген қызметкер бар. Бірақ сонымен бірге олар ондаған және жүздеген миллиард теңгелік ондаған жобаларға қатысады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында мыңдаған пәтер салады және сатып алады. Әлеуметтік нысандардың мердігері болады. Сумен қамту, жылумен қамту, мектеп, аурухана, инфрақұрылым жұмыстарына қатысады. Сонымен қатар жүздеген миллиард теңгеге ірі квазимемлекеттік компаниялардың мемлекеттік тапсырысын орындайды (!!!). Сонда заңды сұрақ туады. Мұнша аз адам санымен осындай көлемдегі жұмысты физикалық тұрғыда орындау мүмкін бе? Жауап айқын – ол мүмкін емес, – дейді ол.
Әлиевтің пікірінше, осы тұста көлеңкелі схема бар. Нақты орындаушылар – шетелдік жұмысшылар мен есепке алынбаған еңбеккерлер. Олар үшін салықтар, әлеуметтік және зейнетақы жарналары төленбейді.
Тағы да алаңдатарлығы – мемлекеттік органдардың үнсіздігі мен әрекетсіздігі мұндай тәжірибені іштей қолдап отырғандай. Ресми түрде бізде отандық тауар өндірушілерге және қазақстандық қамтуға (тауарлар, жұмыстар, қызметтер) басымдық бар. Бұл мәселелер Индустрия және құрылыс министрлігінің құзыретінде, алайда нақты бақылау көбіне формалды сипатта. Онымен қатар жауапкершілік басқа ведомстволарда да бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нақты жұмыспен қамтуды және еңбекақы қорын бақылауы тиіс, ал фискалдық органдар табыс салығын, әлеуметтік жарналар мен медициналық сақтандыруды қадағалауы керек. Егер осы қаражаттың бәрі қазақстандықтардың қалтасында қалса, біз жұмыссыздықтың азайғанын, әлеуметтік төлемдердің қысқарғанын,
керісінше, нақты экономикада көбірек адамның еңбек етіп жатқанын көрер едік, – дейді Әлиев.
Депутат айтып отырғандай, әсіресе биыл Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылында жүздеген миллиард теңге оқытуға жұмсалып жатқан кезде, мұндай мультипликативтік әсердің болуы тиіс еді.
Мен бұл бағытта аталған министрліктер арқылы да белгілі бір жұмыс жүргіздім. Бұл мәселе экономикалық блок бойынша вице-премьер Серік Жұманғаринмен егжей-тегжейлі талқыланды. Осы тақырыпты экономикалық және әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде күн тәртібіне шығара алатынымызға сенемін. Мемлекеттік қаражат – бұл жай ғана бюджеттік сандар емес. Бұл жүздеген мың қазақстандық отбасы үшін еңбек, тұрақтылық және сенім. Әрбір теңге ел экономикасына қайта оралып, біздің азаматтарымыздың, олардың отбасылары мен Қазақстанның болашағы үшін жұмыс істеуі тиіс, – деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!