Енді несие рәсімдеуге ниетті қазақстандықтар артық төлем нақты қанша сомаға айналатынын алдын ала біле алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. Банктер несие алушыға барлық комиссиясын ашып көрсетуге міндеттеледі. Яғни, қаржы ұйымдары сайтында не мобильді қосымшасында онлайн-есептегіш орналастырады. Ал тұтынушы несие алмас бұрын, керекті сомасын жазып, сыйақы мен өзге де алымдар қосылғандағы несиенің нақты құнын көреді.
Осылайша, банктер мен микроқаржы ұйымдары тек өздеріне ғана оңтайлы тағы бір тетіктен айырылғалы отыр. Өйткені, бұдан былай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін анық әрі қанық бояумен жазуға міндетті. Яғни, шартта әдеттегі ұсақ қаріптер емес, бір қарағанда көзге ілінетін сандар тұрады. Бұл тәртіп сайт пен мобильді қосымшаларындағы жазбалар мен жарнамаларға да қатысты болмақ. Бастысы, банктер несие құнын алдын ала білуге мүмкіндік беретін онлайн-есептегіш ұсынуға тиіс.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдерінің айтуынша, бұл талап тұтынушылардың құқығын қорғауға ықпал етеді. Себебі, тұтынушы алған несиесінің үстінен нақты қанша теңге артық төлеуі керектігін біліп отырады және соған қарай шешім қабылдайды.
“Тұтынушы қарызды рәсімдемес бұрын, оның толық құнын алдын ала көріп, шешім қабылдайды. Жеке және заңды тұлғаларға арналған қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі есебіне қарызды беру мен қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ сақтандыру компанияларының, кепіл берушілердің, бағалаушылардың және делдалдардың кредит беру шарттарына әсер етсе, олар міндетті түрде көрсетілуі тиіс”, – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!