Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Офшордағы ақша да халықтың қаржысы

08.02.2022

1654 0

Қазақстан ақшасының қомақты көлемі шетелдегі сіз бен біз білмейтін есепшоттарға кетіп жатқаны жасырын емес. Осыдан екі жыл бұрын Сенат депутаты Ольга  Перепечина: «Шетел асқан ақшаның нақты сомасын анықтап айта алмаймыз. Себебі бізде бұған жауап беретін арнайы орталық жоқ. Tax Justice Network халықаралық ұйымы таратқан мәлімет бойынша, соңғы 20 жылда Қазақстаннан офшорлық аймақтарға шамамен 140 млрд доллар аударылған», – деген болатын. 

Бүгінде ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Ольга Перепечина 2020 жылы офшор­дағы ақшадан Қазақстанға көк тиын да қайтпағанын мәлім еткен еді.

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілі­сінің отырысы өтіп, онда офшордағы қаржы мәселесі тағы көтерілді. Бұл жолы «Ақ жол» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов депутаттық сауал жол­дап, 160 млрд долларға дейін шетел асып кеткенін жеткізді.

«Біздің фракция соңғы жылдары, «Панама тізімі», «Райское досье» және Швейцария банктерінің Қазақстан­дықтардың  шоттарына  қатыс­ты депутаттық сауалдарымызда осы мәселелерді бірнеше рет көтерген болатынбыз. «Tax Justice network» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең», – деді мәжілісмен.

Халық қалаулысы қаңтар қасіре­тінде кейбір олигархтар Қазақстан­нан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар екенін де атап өтті.

Осыған байланысты Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы Қаржы мони­торингі агенттігінен Қазақстан эко­номикасына офшорлық аймақтардан нақты қанша қаражат қайтарылғаны туралы ақпарат беруді,  қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Қазақстан­нан шетелге қандай ірі қаражат шығарылғанын (миллион АҚШ дол­лар­дан көп суммалар) және оны кімдер шығарғанын, кімдердің шоттары­на түскенін анықтауды, шыға­рылған қаражат халықтан ұрланған болса, елімізге қайтарылып, эко­номикаға жұмыс істесін деген талаптарын айтты.

Ал енді есептейік, 160 млрд дол­лар теңгеге шаққанда қанша болады? Осы жылдың 7 ақпанындағы валюта бағамы бойынша 1 доллардың теңге­ге шаққандағы курсы 433,34 теңгені құрап отыр. Енді осы екі санды көбейтейік. Шыққан теңдіктегі нөл­дерді санап қателесіп кетесің. Де­генмен 69 трлн-нан астам теңге болады. Оның сыртында қаншама млрд-тар мен млн-дар бар екенін айтып қояйын. Өйткені біздің есеп­тегіш құрал 69 трлн 334 млрд 400 миллион деген санды көрсетіп тұр.

Ақжолдық депутат бұл қаржы­ның елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең екенін мәлім еткен. Егер осы ақшалар елге қайтса, мемлекеттің сыртқы қарызы мен халықтың несиесін жабу керек дер едім. Өйткені бұл ақша да халықтың қаржысы екенін ұмытпаған жөн.

А.АҚЫЛБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: