Сәрсенбі, 18 наурыз, 16:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20 (2232)
17.03.2026
PDF мұрағаты

Онлайн сауданың дамуы елімізге экологиялық залал келтіріп жатыр — депутат

18.03.2026

50 0

Фото: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында бір реттік қолдануға арналған қаптаманың экологиялық кері әсері туралы мәселені көтерді, – деп хабарлайды KAZINFORM

— Соңғы жылдары электрондық сауда экономиканың маңызды сегментіне айналып, онлайн-платформалар арқылы сауда жасау кең тарады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы электрондық саудаға қатысты 18 237 өтініш тіркеліп, бұл сала тұтынушылық қатынастардың маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. Онлайн сауданың кеңеюі бір жағынан халыққа үлкен қолайлылық әкелсе, екінші жағынан экологиялық мәселелерді де алға шығарып отыр. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, тауарды зақымданбай жеткізу үшін пластик, пленка, картон секілді көптеген «шығын материалы» қолданылады. Жеткізілгеннен кейін олардың басым бөлігі қоқысқа тасталады. Салдарынан тұрмыстық қатты қалдықтар құрамындағы қаптама үлесі артып, полигондарға түсетін жүктеме жылдан-жылға көбейіп келеді, — деді Мархабат Жайымбетов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның пайымынша, электрондық сауданың дамуы экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Табиғатты қорғау — тек мемлекеттің ғана емес, бизнес пен қоғамның да ортақ міндеті.

— Осыған байланысты электрондық сауда саласының қарқынды дамуын ескере отырып, экологиялық жүктемені азайту және қалдықтарды тиімді басқару мақсатында мынадай нақты ұсыныстарды қарастыруды ұсынамыз.

Біріншіден, электрондық саудада қолданылатын бір реттік қаптаманы қысқарту бойынша нақты нормативтік талаптар енгізіп, қайта пайдаланылатын әрі экологиялық қауіпсіз қаптама үлесін кезең-кезеңімен арттыру.

Екіншіден, ірі онлайн-платформалар мен жеткізу компаниялары үшін қаптама қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша кеңейтілген экологиялық жауапкершілік механизмін енгізу.

Үшіншіден, ірі қалаларда қайтарымды контейнерлер, жәшіктер және көп рет қолданылатын қаптама жүйесін енгізуге арналған пилоттық жобаларды іске қосу.

Төртіншіден, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мақсатында өңірлерде заманауи сұрыптау кешендерін көбейтіп, осы салаға инвестиция тарту үшін экономикалық ынталандыру шараларын күшейту маңызды, — деді депутат.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: