Жексенбі, 29 желтоқсан, 07:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Отбасы бюджетін жоспарлай білесіз бе?

03.08.2021

16064 0

Бүгінде екі қазақтың басы қосыла қалса, әңгіме тақырыбы бірден-ақ несиеден-несие, қарыз жайына ойысады. «Бүгін несие алып, несиені жаптым» деген әңгіме былай қарағанда күлкілі жағдай болғанымен, бұл таза шындық. Қарыздан-қарызға өмір сүруге мәжбүрлеген не? Әрине, баға қымбаттығы, жалақының аздығы деген жауаптар айтылатыны сөзсіз. Алайда мәселенің екінші жағы қолдағы барды ұқсата алмауда жатқан секілді. Отбасы бюджетін жоспарлай білу әр отбасы үшін маңызды. Осы тақырыпта оқырманға пайдалы кеңес беруге экономика ғылымдарының магистрі Гүлшат Мұсаевадан сұраған едік. Экономист-маман бұл ретте тәуір дүние жолдапты. Отбасы бюджетін жоспарлауға, қаржылық сауаттылығыңызды арттыруға маман кеңесі артық болмас деп жариялағанды жөн көрдік.

Отбасы бюджетін жоспарлай білесіз бе?

Отбасы – шағын мемлекет. Олай болса, әрбір отбасында кәдімгідей мемлекеттегі сияқты функциялар жүзеге асырылады. Мысалы, отбасын құруды жоспарлаудан бастап, ондағы шаруашылықты тиімді жүргізу, бюджетті қалыптастыру және бөлу, қаржының мақсатты жұмсалуы мен тиімділігін қадағалау, қауіпсіздік қорын жинақтау, отбасының әрбір мүшесінің құқықтары мен міндеттері, олардың қажеттіліктерінің қанағаттандырылуы, табысқа қол жеткізуі. Отбасының қалыптасуы, нығаюы, өсуі мен өркендеуі немесе тоқырауға ұшырау, ыдырау, құлдырау кезеңдері…

Отбасы шаруашылығын, әсіресе, отбасылық бюджетті жоспарлау және басқару істерінің дұрыс және үйлесімді тұрғыда үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етудің сол отбасы үшін де, тұтастай еліміз үшін де маңызы аса зор. Сондықтан осы бағытта бірнеше тақырыптық талқылаулар жасауға болады. Бүгін отбасы бюджетін жоспарлау жайлы сөз қозғаймыз.

Отбасылық бюджетті жоспарлау дегеніміз – бұл отбасы кірістері мен шығыстарын есептей отырып жасалатын қаржылық жоспар. Мұны әрбір отбасы өзіндік ерекшеліктеріне орай дербес анықтап, жасайды. Дегенмен, отбасылық бюджетті жоспарлау барысында негізге алатын жалпыға ортақ жағдаяттар бар. Соларға тоқталайық. 

Отбасылық бюджетті жоспарлау мен басқаруға келесідей бірқатар жалпылама факторлар әсер етеді:

1. Отбасы жағдайын дәл анықтау. Біз халықты Кеңес үкіметі теңестіргенге дейінгі тарихымызда айтылатындай таптарға бөлуден аулақпыз, дегенмен, «ауруын жасырған ажалынан бұрын өледі» демекші, қазіргі қоғамда мәдениетті түрде «аса байлар», «байлар», «орташа тұрмыстылар» және «кедейлер» бар екендігін мойындауға тиіспіз. Сонымен қатар, денсаулығы мен мүмкіндіктеріне байланысты да түрлі категорияларды келтіруге болады. Бүгінгі әңгіме ол жайында болмағандықтан, бұл мәселеге терең тоқталмаймыз, жалпы түсінік беру жеткілікті.

Алдымен, жарияға жар салмай-ақ, табысыңыз бен тұрмыс-тіршілігіңіздің деңгейіне өзіңіз жан-жақты сараптама жасап, қайсы категорияға жататындығыңызды дұрыстап анықтап алғаныңыз жөн.

2. Отбасындағы бірлік пен ынтымақтастық. Отбасындағы жеке және ортақ мақсаттары, жеке және ортақ міндеттері, жеке және ортақ жауапкершілік, т.б. осы сипаттағы мәселелер өте маңызды.

Әсіресе, кез-келген лауазым мен қызметтен отбасын жоғары қоятын біздің ұлттық ментелитетімізде мұның орны ерек.

Егер сіздің отбасыңыздың нақты мақсаты болмаса, онда сіз оған қол жеткізуге көмектесетін бюджет жасай алмайсыз. Міндеттерді дер кезінде дұрыс атқару, жауапкершіліктің салмағын сезіну жағдайларының да бюджетке ықпалы зор.

3. Отбасы мүшелері. Отбасы мүшелерініңсаны, жасы, жынысы, мүдделері, қызығушылықтары, мұқтаждықтары мен қажеттіліктері, мінез-құлықтық үйлесімділік, бір-біріне деген көзқарастары, ықыластары, ашықтық, сенімділік, құрмет, ізет пен ілтипат, өзара сыйластық, т.б.

Біреулерде «мұның не қатысы бар?» деген заңды сұрақтар туындауы мүмкін. Бірақ, солай, тікелей қатысы бар. Өзіңіз байқаңызшы, отбасы мүшелері «бас-басына би болса», қаржы қажеттілігіне орай емес, қалауына қарай жұмсалса нәтиже қалай болмақ?

Отбасының негізгі қарызы өтелмей, міндеттемелері орындалмай, жағдайы құлдырайды, шаңырақта айғай-шу, ұрыс-керіс басталады, ары кеткенде мәселенің шешімі тамыр-таныстарға жағдай айтып, тағы бір қарызға кіруге немесе шартты түрде несие рәсімдеуге саяды. Ол өз кезегінде отбасы қорын сарқып қана қоймайды, қалтаңызбен бірге жүйкеңізді де жұқартады.

4. Отбасындағы басқару мәселелері. Отбасындағы бүкіл шаруашылықты келесі функциялар арқылы жүзеге асырамыз:

– жоспарлау (қысқа, орта және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар құру);

– ұйымдастыру және үйлестіру (отбасының әрбір мүшесінің атқаратын қызметтері мен міндеттерін бөлу, өкілеттілік беру және жауапкершілік жүктеу);

– мотивация (отбасы мүшелерінің әрқайсысының мақсат, мүдделерін, қызығушылықтарын, мұқтаждығы мен қажеттіліктерін ескеру);

– бақылау (артылған сенім мен жүктелген жауапкершілікті, тапсырылған істі тиянақты орындауын қадағалау, күтілген үміт пен нақты нәтижені салыстыру).

Сонымен қатар, басқару құрылымы арқылы:

– орталықтандырылған басқару (бір адамға бағыну, мысалы, қазақ отбасы тәжірибесінде жиі кездесетіндей, отағасы немесе отанасының айтқанынымен келісу, сөз қадірін ұғыну, құлақ асу, тоқтамға келу);

– орталықтандырылмаған басқару (бытыраңқылық, яғни әркім өздігінше, өз білгенінше әрекет ету, кейде жалған демократияға да саяды…);

Басқару стильдері арқылы:

– автократтық (өктемдік, үстемдік ету, менмендік пен тәкәппарлық таныту, мысалы, кезкелген жағдайда өзін ғана көреді, өзін ғана тыңдайды: «өзім білемін», «мен айттым бітті», «менің ұсынысым талқылауға жатпайды», т.б.);

– либералдық (немқұрайдылық басым, жауапкершіліктен қашқақтап, тіпті отбасының ең күрделі мәселелерін шешуге де қатыспайды, «мейлі, солай-ақ болсын», «өз білгендеріңше жасаңдар»);

– демократтық (барлығының пікірі тыңдалып, ортақ келісімге келу, бірлескен шешім қабылдау, «жеті рет пішіп, бір рет кесу»).

Басқару деңгейлері арқылы:

– қарапайым құрылымды: ата-ана; бала-шаға (сызба 1).

Отбасының  қалған барлық мүшелері
Отағасы / отанасы  

Сызба 1. Отбасындағы басқарудың қарапайым құрылымы

– көп деңгейлі (сызба 2). «Қойшы көп болса, қой арам өледі», «Жаман үйді қонағы билейді». Бұл тип қазақ отбасында жиі кездеседі. Отбасының қоғамдағы және әулеттегі орны мен қарым-қатынасынан өзге, оның ішкі мәселелеріне де кірісіп, тіптен «кімге не, қашан және қанша беру керек екендігін» шұқып көрсетіп отыратын, билігі мен ықпалдылығын жүргізгісі келетін тамыр-таныстар мен туыс-туғандар қаншама…

Таныстар / туыстар  
Әулет / туғандар  
Отағасы / отанасы  
Отбасының  қалған барлық мүшелері  

Сызба 2. Отбасындағы көпдеңгейлі басқару құрылымы

5. Отбасылық бюджет түрлері. Отбасылық бюджетті құру сіздің отбасыңызда қолданылатын отбасылық бюджет түріне тікелей байланысты. Сондықтан отбасылық бюджет жоспарын құрмай тұрып осыны анықтап алған дұрыс. Сіздің отбасыңыз қай типке жатады?

Негізінен әлемдік тәжірибеде қолданылатындай, барлық отбасылық бюджеттер төмендегідей 3 категорияға бөлінеді:

– Бірлескен отбасылық бюджет;

– Дербес (бөлек) отбасылық бюджет;

– Араласқан (іскерлік) отбасылық бюджет.

Ендігі жерде түсінікті болу үшін жоғарыда аталған отбасылық бюджет типтеріне жеке жеке тоқталайық.

Бірлескен отбасылық бюджет – ерлі-зайыптылардың кірістерін бірге жинақтауы. Сол қаражатты отбасының барлық жалпы шығындары мен жеке шығындарына жұмсау туралы шешімді бірлесе қабылдауы. Бұл жағдайда жеке қаржы және отбасылық бюджет өзара байланысты болады.

Артықшылығы: отбасы мүшелерін «бірлікке», «бірлесе әрекет етуге» шақырады.

Жағдайы: жұбайлардың әрқайсысының өздерінің қаржылық мәселелерін шешуде тәуелсіздікке деген ұмтылысы туралы хабарлауға құлықсыздығы. Табыстарды жеке-дара емес, бірге басқаруға ниетті болуы.

Бұл отбасылық бюджеттің ең көп тараған түрі болып табылады жәнеде осы тәсілді көп отбасылар қолданады.

Дербес (бөлек) отбасылық бюджет – әр отбасы мүшесі өз табыстарына жеке дара иелік етеді. Батыс елдеріндегі отбасылар негізінен осы категорияны жиі қолданады. Мұны «батыстық демократия» белгісі ретінде сипаттайды: ерлі-зайыптылар бір шаңырақтың астында өмір сүргенімен, бір-біріне қаржылық тұрғыда тәуелді болғылары келмейді. Отбасы шығындарын да жеке төлейді, тек қаражат мол кететін шығындарға келгенде ғана бірлесіп шешім қабылдайды. Бұл үрдіс соңғы жылдары біздің еліміздегі біраз отбасылардың тәжірибесінде де кездеседі. Ерлі-зайыптылардың екеуінің де жоғары табысы бар және ешкімге тәуелді болғысы келмейтін отбасыларда қолданылады.

Артықшылығы: қаржылық себептер бойынша қақтығыстар жоқ.

Кемшіліктері: бірлескен сатып алулар жасауды қаламауы.

Араласқан (іскерлік) отбасылық бюджет – бірлескен және дербес (бөлек) отбасылық бюджет типтеріндегі сипаттарға ие болған бюджет. Бұл жерде отбасы мүшелері ақшаларын бірлесіп жинайды, алайда бұл жайт барлық табысына қатысты емес, алдын-ала келісіліп жоспарланған соманы ғана бірлесіп жинап отырады. Мысалы, тамақ, коммуналдық төлемдер, тұрмыстық шығындар және т.б. сияқты барлық негізгі шығындарды төлегеннен кейін ғана қалған қаражатты өзіңіз басқара аласыз, яғни табысының қалған бөлігін өздері қалағандарынша жұмсайды.

Артықшылықтары: тараптардың қаржылық тәуелсіздігі; жалпы отбасылық бюджеттен жұмсалған ақшаға кінәлі болмауы.

Кемшіліктері: отбасы мүшелерінің бір-біріне сенімсіздігі.

6. Отбасылық бухгалтерия – бұл шығыстар мен кірістер балансын жүргізу. Қазақстанның экономикалық сауаттылық жөніндегі халықаралық орталығының зерттеулеріне қарағанда, 63% қазақстандықтың ақшасы жалақы алатын күнге жетпейді, 38% қазақстандық кірісі мен шығысын мүлдем есептемейді.

Сарапшылар күнделікті қаражатты жазып жүруді ұсынады. Сатып алғандарымызды қағазға түсіріп жүретін болсақ, ақшамыздың қалай жұмсалып жатқанын білетін боламыз. Отбасылық бухгалтерия тек тәртіпке шақырып қоймай, адамды үнемдеу мен қажетсіз қаражаттардан аулақ болуға баулиды, мотивация туғызады.

Сонымен, отбасында кез-келген кәсіпорындар мен мекемелердегі секілді кіріс және шығыс есептері үнемі жүргізіліп отыруы керек. Айталық:

– кіріс мөлшері: күндік, апталық, айлық, жылдық…

– шығыс мөлшері: күндік, апталық, айлық, жылдық…

Белгілі бір кезең соңында жоғарыда аталған кірістер мен шығыстардың айырмасын: қалдық немес қарыз мөлшерін есептейміз (күндік, апталық, айлық, жылдық…).

Сонымен қатар, табыстар мен шығыстардың кіріс немесе шығыс көздерін, олардың түрлерін: қайсысы тұрақты немесе қайсысы өзгермелі (ауыспалы) екендігін анықтаймыз.

Тұрақты шығындар деп отырғанымыз белгілі бір кезеңде қайталанып отыратын және оған төлем жасамау мүмкін емес болатын міндетті шығындар.

Ал, өзгермелі (ауыспалы) шығындар деп отырғанымыз төлем көлемі өсіп немесе кеміп отыратын, тіптен, уақыт өте келе қысқарып қалатын шығындар.

Қарапайым түрде қарастыратын болсақ, жоспарланған және нақты шығындарды бөліп көрсетуге болады. Жоспарланған шығындар келешекте белгілі бір кезеңде жоспарланған шығыстар негізінде ай/жыл басында анықталады. Нақты шығындар есеп беру кезеңінің (ай/жыл) соңында нақты жұмсалған шығындар негізінде анықталады. Жоспарланған және нақты шығындарды үнемі салыстырып және талдап отыру қажет. Сонда ғана келешекте бюджетті қашан және қалай үнемдеу мүмкіндіктері айқындалады.

Табыс көздері: еңбек жалақы, жәрдемақы, қосымша қызметтер, т.б. Мұнда еңбек жалақы тұрақты табыс көзі болып есептеледі. Ал, тұрақты шығыс көздері: коммуналдық қызметтерге жұмсалатын қаржы.

Ескеретін жайт! Мен еңбек жалақымен жұмыс жасайтын барлық отбасыларына ортақ болып келетін негізгілерін ғана айтып отырмын, дегенмен, әрбір отбасының кіріс және шығыс көздері, қаражат көлемі мен деңгейлері, олардың тұрақты немесе өзгермелі болуы көп жағдайда тек қана өздеріне байланысты.

Отбасылық бюджетті құру барысында ең көп кездесетіні айлық жаспарлау. Мұнда міндетті түрде келесі айдағы кірістеріңіз бен жұмсалатын шығындарыңызды есептеу керек. Барлығын алдын-ала ойластырып, есептегеннен кейін ғана келесі айға бюджетіңізді нақты жоспарлай аласыз.

Ең дұрысы, отбасы бюджетінің кестесін құру жұмысыңызды жоспарлы, жинақы жүргізуге жәрдемдеседі. Отбасылық бюджет кестесін әр түрлі тәсілдермен қағазға, MS Exel-ге, арнайы бағдарламаларға жасауға болады. Мысал ретінде бірлескен отбасылық бюджет типіне жататын 4 адамнан тұратын (жасқа толмаған және 3 жастағы  балалары бар ерлі-зайыптылар) жас отбасының айлық отбасылық бюджет кестесінің ең қарапайым үлгісін ұсынамыз.

Кесте 1. Кірістер мен шығыстар балансы

көрсеткіштерКіріс/шығыс көздеріжоспарфактауытқу
123456
К І Р І С Т Е Р
Отағасының (күйеуінің) табысыНегізгі еңбек жалақысы 200 000200 0000
Қосымша табысы 000
Отағасының (күйеуінің) табысы200 000200 0000
Отанасының (әйелінің) табысыӘлеуметтік жәрдемақы 19 86519 8650
Қосымша табысы 40 12543 135+ 3 010
Отанасының (әйелінің) табысы59 99063 000+ 3 010
Отбасындағы барлық табыс мөлшері259 990263 000+ 3 010
Ш Ы Ғ Ы С Т А Р
Міндетті шығындар Несиені өтеу33 00033 0000
 Қор жинау20 00025 000+ 5 000
Барлық міндетті шығындар мөлшері53 00058 000+ 5 000
Отбасына кететін шығындарТұрақты шығындарКоммуналдық төлемдер21 00022 500+ 1 500
Интернет6 4906 4900
Өзгермелі (ауыспалы) шығындарАзық-түлік40 00043 000+ 3 000
Киім-кешек20 00015 000-5 000
Тұрмыстық химия3 0003 500+ 500
Демалыс, көңіл көтеру20 00018 000– 2 000
Отбасына кететін барлық шығындар110 490108 490– 2000
Балаларға кететін шығындарБалабақшаға15000150000
Ойыншықтар5 0006 100+ 1 100
Көңіл көтеру10 0008 000– 2 000
Балаларға кететін барлық шығындар30 00029 100– 900
Отағасының (күйеуінің) жеке шығыныТемекіге7 5008 100+ 600
Көлікке15 00017 000+ 2 000
Шаштаразға10001200+ 200
Моншаға200020000
Отағасының (күйеуінің) барлық жеке шығындары25 50028 300+ 2 800
Отанасының (әйелінің) жеке шығыныСПА және сұлулық салоны18 00016 000-2 000
Косметика, парфюм8 0007 000-1 000
Отанасының (әйелінің) барлық жеке шығындары26 00023 000-3 000
Күтпеген көлденең шығындар1500013 000– 2000
Отбасының барлық шығындары259 990259 890– 100
Отбасының барлық үнемделген қаржысы03 110+3 110
            Ескертпе автордың есептеулері

1- кестеден көріп тұрғандарыңыздай, ең алдымен ерлі-зайыптылар нақты табыстарының барлығын есептеп көрсетеді. Ай-сайынғы жалпы кіріс көлемін есептеп алғаннан кейін алдымен міндетті шығындарыңызды жазу керек. Оларға несиені өтеу, жинақ жинау (қауіпсіздік қоры) сынды міндетті қаражат жұмсалатын категориялар жатады.

Осыдан кейін ғана, мына категорияларға жұмсалатын отбасы шығындарын жазасыздар:

1.       Барлық отбасылық шығын;

2.       Балаларды қамтамасыз ету үшін жұмсалатын шығындар;

3.       Күйеуінің жеке шығындары;

4.       Әйелінің жеке шығындары.

Сонымен қатар, табысыңыздың бір бөлігін тосыннан болатын «форс мажор» жағдайларға/шығындарға да сақтап қойғаныңыз жөн.

Ал, отбасыңыз араласқан отбасылық бюджет типіне жататын болса, онда отбасылық бюджет кестесін қалай құру керек?

Ол үшін ерлі-зайыптылар ең бірінші жеке шығыстарын алдын-ала келісілген көлемде (мысалы, отбасының барлық табысының, не жеке табысының пайызынан) есептеп алып, қалған бөлігін отбасының қажеттіліктеріне береді. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл типтегі отбасы мүшелері жинақтарын бөлек жинауы мүмкін.

Дербес (бөлек) отбасылық бюджет кестесін қалай құру қажет?

Дербес (бөлек) отбасылық бюджет кестесін құрарда, ерлі-зайыптылар  өз табыстарына байланысты жеке-жеке бюджет кестесін құрады. Ал  шығындарға ортақ отбасылық төлемдер, балаларға кететін шығын, жеке шығындары жатады.

Жоғарыда берілген 1-кесте мәліметтеріне қарапайым талдау жасайық. Мысалы, отбасының барлық табысын 259 990 теңге болады деп жоспарлаған едік. Бірақ, барлық нақты табыс көлемі 263 000 теңгені құрап, жоспарлы табыстан 3 010 теңгеге артық болды.

Ай соңында есептеу нәтижесі барлық жоспарлы шығынымызды нақты шығын көлемімен салыстырғанда 100 теңге (259 990 – 259 890 = 100 теңге) үнемдегенімізді көрсетті.

Жалпы, байқасаңыздар, біздің мысалымызда 100 теңге үнемделген қаржыдан бөлек, бұл айда жалпы табысымыздың 25 000 теңгесін, яғни 9,5%-ын қауіпсіздік қорына жинаққа салдық. Бұл да жаман емес. 

7. Қауіпсіздік қорын қалыптастыру. Әр адамның алдына қойған қаржылық мақсаты бар. Біреу көлік алуды, біреу үй салуды, той жасау, тағы басқа нәрселерді жоспарлайды. Сол жоспарлар үшін қаржы жинақтауы керек. Батыста бұл қордың көлемі 3-6 айға дейінгі уақытқа жететін шамада есептеледі. Егер адам ауырып қалса немесе жұмыссыз қалса, жарты жылға дейін жететін қаржысы болуы керек. Ал, бізде той жасарда «той халықтың қазынасы», «бір мәнісі болар», «бардым-бердім, келер-берер» деген үмітпен көзді жұмып, несие рәсімдейміз. «Ағайын-туған қолдайды» тұрпаттағы психологиядан аулақ болуымыз керек. Қандай жағдайда болмасын ең алдымен өзіңе, өзіңнің мүмкіндіктеріңе сенгеніңіз ләзім.

Заман өзгеріп келеді, біз нарықтық экономикада өмір сүрудеміз. Сондықтанда, еліміздегі Ұлттық Қор секілді әр отбасында «қауіпсіздік қоры» болуы шарт.

Бүгінгі қаржы нарығы түрлі құралдарды, яғни түрлі мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Біреу артық қаржысын жер алуға, біреу мал алуға, тағы біреу банктік депозитке салуға, ал тағы біреу акция сатып алу арқылы инвестиция жасайды. Енді бірі өз кәсібін ашуға құлықты.

Бәрін салмақтап барып, шешім қабылдаңыз. Нағыз дағдарыс енді келе жатыр дегенді жиі естиміз. Ендеше, ақшаны барынша ақылмен жұмсауды бүгіннен бастау керек.

8. Нәтижелілік және тиімділікті бағалау. Әрдайым белгілі бір кезең ішінде отбасылық бюджетті қалыптастыру, бөлу және атқарылуы бойынша экономикалық, әлеуметтік, жалпы отбасылық және жеке тұрғыдағы тиімділігін есептеп, анықтап, бағалап отыру шарт. Ең бастысы, нарықтағы жағдайды дұрыс бағамдау, қаржыны ұтымды басқаруды үйрену, яғни бюджеттік кірістер мен шығыстарды шынайы жоспарлау, қауіпсіздік қорына қаражат жинақтауды дағдыға айналдыру және мүмкіндігінше қарыздарды болдырмауға күш салу керек.

Мамандар жоғарыда өзіміз ұсынып отырғандай кесте жасап, сол кестеге барлық шығыстар мен кірістерді жазып отыруды ұсынады. Сонда бір айда қанша табыс кіріп, қанша шығыс шыққанынан нақты хабардар боласыз. Осылай бір айда сіздің отбасыңызға қанша ақша жұмсалатынын білесіз. Егер кірісіңізден шығысыңыз көп болса, не нәрседен бас тартуға, қай нәрсені арзандау алуға болатыны жайлы ойланып, отбасыңыз үшін ұтымды шешім қабылдаңыз. Сонымен қатар, нәтижелілік және тиімділікке қол жеткізуге бағытталған төмендегі жайттарды өз тәжірибеңізге енгізгеніңіз абзал.

1. Үш ай бойы өзіңіз бекіткен бюджеттің шегінен шықпауға бел байлаңыз. Сол үш айда жаңа қаржылық тәртіпке үйреніп, нәтижесін көре бастайсыз.

2. Отбасылық бюджеттеріңіздегі несиелік төлемдердің айлық табысыңыздың 30%-ынан аспауына қол жеткізіңіз.

3. Табысыңыздың 10%-ын «қауіпсіздік қорына» жинап отырыңыз. Мамандар көп адамдардың табысының 10%-ының қайда, қай мақсатта жұмсалғанын біле де бермейтінін айтады. Демек, бұл сома сіздің бюджетіңізге айтарлықтай әсер етпейді деген сөз.

Қазіргі таңда отбасы бюджетін жоспарлау бойынша ғаламторда, әлеуметтік желілерде де, дәстүрлі және электорндық форматта  материалдар өте көп. Олармен танысып, тәжірибелермен бөлісіп, пікір алмасуға кең мүмкіндіктер жасалған, тек орнымен, ретімен пайдамызға жаратқан абзал.

Қорыта айтқанда, білім мен тәжірибені зерделеу, сондай-ақ шығындарды нақ қажеттілікке қарай жоспарлауға дағдылану немесе үнемдеу үшін өзіңізді бір нәрседен бас тарту қабілетін меңгеру тиімді оң нәтиже беретіндігі сөзсіз. Ең бастысы, үнемдеу мүмкіндіктерін қарастырыңыз, бұл мәселе  назарыңыздан тыс қалмасын. «Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, ал қоймай жесең, не қалады?». Өзіңнің шығыстарың мен табыстарыңды бақылау керек, яғни, шығысымыздың кірісімізден көп болмауына көңіл бөлуіміз керек, сондай-ақ табысымыздың 10%-ын қаншалықты ерте үнемдеп бастасақ, алға қойған мақсаттарымызға соншалықты тез жетуге мүмкіндіктеріміздің арта түсетіндігін қаперімізге алып, жадымызға мықтап сақтайық.

Гүлшат Мұсаева,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, э.ғ.м., Қызылорда қалалық мәслихат депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: