Мәжіліс депутаттары бизнестен қазақстандықтардың жалақысын көтеруді талап етті.
Депутаттар барлық тауардың, әсіресе азық-түліктің қымбаттағаны халықтың қалтасын қағып жатыр дейді. Тамақтың өзін кредитке алатындар қатары артқан, деп хабарлады КТК.
«Мемлекет экономиканың нақты секторына айтарлықтай көмектесіп келеді. Қыруар қаржы да бөліп жүр. Өйткені қазір екінші деңгейлі банктер тарапынан бизнеске қолдау жоқ. Міне, мемлекет бар жағдайды жасап отырған соң, бизнес те қызметкерлеріне оң көзқарас танытуға тиіс. Патриоттық дегенді сөзбен емес, іспен дәлелдеуі керек. Қазір бәрі қымбат болғандықтан қарапайым халықтың жалақысын көтеру керек», – деді мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.
Қазақстанда отбасы бюджетінің орташа тапшылығы 35 пайызды құрайды екен. Тиыны жетпеген халық сол тапшылықты екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдардан кредит алып, сонымен жабуға мәжбүр. Әсіресе қарыз күнделікті ішіп-жейтін тамаққа көп жұмсалады дейді депутаттар.
Миллиардтап алынған қарыздың 60 пайызы тұтынушылық кредиттер. Төменгі палата үкіметке бұл мәселені шешу үшін ұлттық компаниялар басқа елдердің бизнесіне инвестиция салмау керек деп есептейді. Сонда ғана қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттен қаржыны молырақ алып, әлеуметтің әлеуетін жақсартатынына сенімді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!