БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы алғашқы жылы жиналған қаражаттың шамамен 0,54%-ын құрайды. Осылайша, айына 1 миллион теңге зейнетақы алу үшін шамамен 184,6 миллион теңге жинақтау қажет, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандықтардың жалақысынан ай сайын ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) аударылатын міндетті зейнетақы жарналары болашақтағы зейнетақы төлемдеріне арналған. Төлем мөлшері ЖЗШ-дағы жинақ көлеміне тікелей байланысты.
Зейнетақы төлемдерін есептеу әдістемесіне сәйкес, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлемдердің жылдық жалпы сомасы алғашқы жылы жинақтың 6,5%-ына тең. Кейбір азаматтарға мысалы, мүгедектігі бар адамдарға және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге қосымша коэффициенттер қолданылады.
Яғни, жинақ көлемінің 6,5%-ы – бұл негізгі база. Ол 12 айға бөлінеді. Осылайша, алғашқы жылы ай сайынғы зейнетақы төлемі жинақтың 0,54%-ына тең болады.
Айта кетейік, 2025 жылы БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі зейнетақы мөлшері 32 360 теңге, ал келесі жылы ол 35 596 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ, әдістемеге сәйкес, жыл сайын зейнетақы төлемі 5%-ға арттырылып отырады немесе ең төменгі деңгейге дейін жеткізіледі.
Енді есептеу формуласын біле отырып, зейнетақының түрлі мөлшеріне жету үшін қанша қаражат жинау керектігін анықтауға болады (мемлекеттік және басқа да төлемдер есепке алынбаған).
Орташа төлем
Соңғы мәліметтерге сәйкес, БЖЗҚ-дан төленетін орташа айлық зейнетақы 36 мың теңге шамасында.
Жылдық төлем – 432 мың теңге, бұл жинақтың 6,5%-ына тең. Демек, мұндай зейнетақы алу үшін шотта 6,6 миллион теңге болуы керек.
200 мың теңге
Халықаралық еңбек ұйымының стандартына сәйкес, зейнетақы жалақының шамамен 40%-ын құрауы тиіс. Егер орташа жалақы деңгейін алсақ, ай сайын 200 мың теңге зейнетақы алу үшін 36,9 миллион теңге жинақтау қажет.
500 мың теңге
Ай сайын 500 мың теңге зейнетақы алу үшін жинақ көлемі шамамен 92,3 миллион теңге болуы керек.
1 миллион теңге
Жыл басында БЖЗҚ-дан ең жоғары айлық төлем шамамен 1 миллион теңгеге жеткен.
Мұндай зейнетақы алу үшін жеке зейнетақы шотында 184,6 миллион теңге жинақталуы тиіс.
Осылайша, зейнетақы көлемі 200 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін болу үшін жеке зейнетақы шотында 36,9 миллионнан 184,6 миллион теңгеге дейін қаражат жинау қажет.
Бұл есептеулерде мүгедектік пен зиянды еңбек жағдайы үшін қосымша төлемдер, мемлекеттік зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер ескерілмеген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!