Сейсенбі, 24 желтоқсан, 18:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Самұрық-Қазынаның» жаңа кезеңі бастала ма?

22.01.2022

1964 0

Мемлекет қаржысына иек артқан квазимемлекеттік сектор мәселесі бүгін ғана қозғалған жоқ. Үнемі айтылып келеді. Алайда бұл жолы айтылып қана қоймай, нәтиже болатыны анық. Айта кетелік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісінің отырысында квазимемлекеттік секторлар жұмысын реформалау қажеттігін атап айтты. Тіпті реформалауға келмесе, қажеті де бола қоймайтынын ашық айтты. Президент сөзінен кейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жайы қоғамда ашық талқылана бастады.

Жалақысы жоғары, аты дардай белді компанияның ел экономикасы үшін қаншалықты тиімді екені жөнінде Президент былай деді: «Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді.

Қордың КЕГОК, Қазақгаз және Қазақстан темір жолы сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы ала-тын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн».

Тағы да айта кетелік, ел қазынасына иек артқан квазимемлекеттік секторлардың ел қазынасын еселеудің орнына, масыл болуға айналғаны бүгін көтерілген мәселе емес.

Мәселен, 2017 жылы «Green Point» талдау департаменті ел экономикасына квазимемлекеттік секторлардың тиімділігіне сараптап, мынадай тұжырым жасапты:

– Квазимемлекеттік құрылымдар іс жүзінде мемлекеттік органдардың элементі бола отырып, мемлекеттік басқарудың тиімсіз аккумуляторы болып саналады.

– Шын мәнінде, бұл құрылымдар пайда әкелетін компаниялар үшін қосымша әкімшілік шығын.

– Жұмыстарының ашық еместігі.

– Қарызға тәуелділігі ұлттық қор немесе бюджет есебінен шешілуі.

– Нәтижесінде нарықта таза бәсекелестік жасай алмауы.

Ал 2019 жылы Үкіметтің отырысында осы мәселе талқыланғанын айта кетейік. Бұл туралы республикалық басылымдар да жазды. 2019 жылдағы жағдайдан үзінді келтірсек: «Мемлекеттің қатысуы бар компаниялар Үкіметтің қамқорлығына қарамастан табысты бола алмай отыр. Оның себебі компания басшыларының шығынға ұшыраудан қорықпауы. Егер жылды «минуспен» жауып жатса, келер жылы қайтадан мемлекеттен көмек ала қояды. Мәселен, өткен жылы квазимемлекеттік сектордың таза табысы 18 пайызға ұлғайғанымен, шығыны 5 есеге көбейіп кетіпті. Бұл туралы маусым айының басында Есеп комитетінің төрағасы Мәжілісте мәлімдеген еді. Қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттің қатысуымен 155 акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 219 республикалық мемлекеттік кәсіпорын бар. 2015-2018 жылдары, Есеп комитетінің мәліметінше, осы компанияларға республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңге бөлініпті. Ал олардың мемлекетке төлеген дивиденді мен төлемі 148 млрд теңге ғана болған. Мемлекеттің қатысуы бар акционерлік қоғамдардың 23

пайызы, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің 14 пайызы 2018 жылды шығынмен жауыпты. Сонымен қатар бұл компаниялардың инвестициялық қызметтері нөлге тең екені де жасырын емес. Жоғарыдағы статистикаға сүйенсек, мемлекеттік компаниялардың қызметі бюджет қаражатын игеру ғана секілді. Бұлар нарықтағы бәсекелес ортаға түспейді. Олардан әлгі мемлекеттік органдар табыс табуды емес, қаражатты игеріп, жұмыстың атқарылуын талап еткендіктен, компания менеджменті қаражатты үнемдеуге бас қатырмайды. Осының нәтижесінде жоғарыда аталған миллиардтаған шығындар есептеліп жатады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысына тексеріс жасау қажеттігін мәлімдеді. «Әрбір ұлттық холдинг немесе ұлттық компания Қазақстанға, азаматтарға пайда әкелуі керек. Квазимемлекеттік компанияның шығындарын біржола ұмыту керек. Олар тек табыс қана әкелуі керек. Даму институттары тек осы мақсат үшін ғана құрылған. Олардың жұмысы экономиканы дамытып, халыққа қызмет ету. Құрылымын кеңейтіп, табыстарын арттыру олардың негізгі мақсаты емес. Олардың көпшілігі монополистер. Ал табысы бизнес пен халықтың шығыны», – деген Мемлекет басшысы Үкімет пен Есеп комитетіне квазимемлекеттік сектордың қызметіндегі әлеуметтік-экономикалық пайда мен зиянды бағалау әдістемесін дайындауды тапсырды. Бағалау қорытындысы бойынша олардың жұмысын әрі қарай жалғастыратыны немесе тоқтататыны туралы шешім қабылданбақ»…

Содан бері де екі жыл уақыт өтіпті. Ал квазимемлекеттік секторлардың жұмысы сол баяғы ізбен жүріп келеді. Мемлекет басшысы бұл жолы Үкіметке тиімді шешім қабылдауды тапсырды.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Үкімет пен жекешелендіру жөніндегі комиссиядан нақты шешім күтетінін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтқан болатын.

Қордың портфельді компаниялары – ұлттық экономиканың жүйе құраушы құрылымдары. Сондықтан қазір экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру және ресурстарды ел игілігіне бағыттау жөніндегі міндеттердің орындалуы қордың жұмысына байланысты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет, ең алдымен, тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек. Сонымен қатар мемлекет пен халықтың мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті.

Президенттің пікірінше, мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет.

Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Президент Үкіметтен және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді», – деп жазды.

Америкалық экономистер Гвартни, Холкомб және Лоусон «Тhe scope of Government and Wealth of Nations» еңбегінде елдің ЖІӨ-дегі мемлекеттік шығыстардың үлесі неғұрлым жоғары болса, экономиканың орташа өсуі соғұрлым төмен болатынын дәлелдеген. Демек, мемлекетке арқа сүйеген квазимемлекеттік құрылымдарды үлкен реформа күтіп тұр.

***

Үкіметте «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау мәселелері жөнінде кеңес өтіп, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялардың қызметін реформалауды тапсырды.

«Самұрық-Қазына» қорының жұмысын реттеу үшін Ұлттық экономика министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау агенттігіне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына нақты ұсыныс енгізу қажет. Ұлттық экономика министрі мүдделі мемлекеттік органдармен, Стратегиялық жоспарлау агенттігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге қор компанияларының қызметінің тиімділігіне талдау жүргізіп, оны реформалау үшін нақты ұсыныстар дайындасын», – деді Үкімет басшысы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: