Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 19:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кімдердің несиесі кешіріледі?

14.11.2022

2070 0

«28 мың адамның несиесі кешіріледі» деген ақпарат тарағалы елдің есі кеткені рас. Несиеге байланған жұртшылық «кімнің несиесін кешіреді екен?» деп алаңдаулы. Жалпы, бұл ақпарат қайдан шықты?

Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің өкілі «432 мың қарыз алушы микронесие бойынша 33,1 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешекті қайта құрылымдау, кепілсіз микронесиелер бойынша 107 мың қарыз алушының 0,8 миллиард теңгесі ішінара есептен шығару және 28 мың қарыз алушының 600 миллион теңге сомасында қарызын есептен шығару көзделеді», – деген ақпарат берген.

Бұл жалпы жұртқа дүйім елдің несиесі кешірілетіндей болып тарағаны жасырын емес. Тіпті бұл ақпаратты қате түсініп, қай банк екенін сұрағандар да аз болмады. Оқырманға нақты ақпарат беру үшін елге белгілі экономист Мақсат Халықтан осы мәселені елге түсіндіріп беруін сұраған едік.

– Жақында микроқаржы ұйымдарындағы 28 мың адамның несиесі кешірілетін болды деген ақпарат тарады. Негізі бұл жария ететіндей, халыққа барлығыңыздың несиелеріңізді кешіріп жатырмыз деп мақтана айтатын дүние емес. Мұны несиені кешіру емес, есептен шығарды деп айтқан дұрыс. Бұл ешқандай жеңілдік, кешіру емес. Бұл – микроқаржы ұйымдарындағы қайтпай қалған, проблемалық несиелерді есептен шығару. Бұл қарыз неге қайтарылмайды деген сұрақ тууы заңдылық. Қазір көптеген несие бар. Онлайн несиелер немесе біреудің құжатын пайдаланып, оның атына несие рәсімдеген алаяқтардың ісі секілді факторлар өте көп. Нәтижесінде алаяқтың ісі екені белгілі болып, бұл қарызды біреу төлемейтіні анық. Осындай проблемалық несиелерді есептен шығарып отыр. Себебі оны ешкім қайтармайтынын түсініп отыр. Тіпті оны кімнен сұрайтынын да білмейді. Демек, кімнің тарапынан болса да халықтың несиесі кешіріліп жатыр деудің өзі артық. Енді есептеп көрелік. Есептен шығарылатын соманың көлемі 600 млн теңге. Бұл қаржыны 28 мың адамға бөлгенде әр адамға орташа есеппен 20 мың теңгеден келеді екен. Әрине, бәрі 20 мың теңге несие алды деген сөз емес екені белгілі. Біреу 100 мың, енді біреу 150 мың, тағы біреуі 5 мың алған шығар. Осындай қайтпай қалған қарыздарды, яғни проблемалық несиелерді есептен шығарып жатыр. Себебі бұл микроқаржылық ұйымдарының несие портфелін нашарлатып көрсетеді. Бұл микроқаржы ұйымдарының болашақта инвестиция тартуына, өзге банктермен жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні сөзсіз.

Экономистің пікірінше,  мұндай қадамға бару әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, биылғы жазда 90-ыншы жылдары кәсіпкерлердің несие алып, қайтпай қалған қарызын банктер есептен шығаруы да осыған ұқсас жағдай.

Демек, бұл банктер несиені кешіреді деген сөз емес.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: