Жұма, 27 желтоқсан, 06:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Табыс теңсіздігі немесе халық табысын арттырудың жолы қандай?

31.07.2022

2167 0

Ел игілігі үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар қатары аз емес. Оның ішінде өз мақсатына жете алатын бағдарламалар болады. Мұндай бағдарламалардың шарапатын ел сезінеді, үміт күтеді, сенеді. Халықтың жүрегіне жеткен, бір сөзбен көкейіне қона кеткен бағдарламаның бірі – «Халық табысын арттыру» бағдарламасы. Әзірге бұл бағдарлама бойынша білек сыбана жұмыс басталып кетпегенімен, көпшілік жылы қабылдады. Бәлкім, атауы ұнады, болмаса үлкен үміт күтті ме, әйтеуір қуанған ел аз болмады десек артық айтқандық емес.

Шынында, табысыңды арттыру­ға мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап жатса, қуанарлық жаңа­лық екені даусыз. Себебі күн сайын инфляция жеңген, ақшаның құны қалмаған уақытта табысты арттыру – көкейкесті мәселе. Бағдарлама атын естігенде, елдің елең ете қалғаны да осы. Сонымен бағдарлама нені көздейді? Халық табысын арттырудың жолы қандай?

Жыл басындағы Мәжіліс оты­рысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігіне тоқталып, арнайы бағ­дарлама қабылдау қажеттігін тап­сырған болатын. Президент тап­сырмасымен сәуір айында «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» қабылданды.

Бағдарламаны әзірлеу барысын­да жүргізілген талдаулар халық табысының төмендігін, елдегі кедей­шілік деңгейінің өсе түскенін айқындаған. Сандарды сөйлетсек, Қазақстанда табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен халықтың үлесі – 5,3%. Экономикалық ынты­мақ­тастық пен даму ұйымының әдіс­темесі бойынша Қазақстандағы кедейшілік деңгейі орта есеппен 10%-ды құрайды. ЭЫДҰ елдерінде кедей халықтың үлесі 11,6%, (АҚШ-та – 16,8%, Израильде – 17,7%, Чилиде – 16,8%, Канадада – 14,2%, Аустралияда – 12,8%, Ұлы­британияда – 10,8%).

Талдауларға сүйенсек, 12 өңірде (Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы) табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен халық үлесінің өсуі байқалуда.

5 өңірде (Ақмола, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақтан об­лыстары және Шымкент қ.) көр­сеткіш республикалық орташа деңгейден жоғары (5,3 %).

Бағдарламада көрсетілгендей, жалпы ішкі өнім құрылымында жұмысшылар еңбекақысының төмен үлесі байқалады. 2020 жылы басқа елдермен салыстырғанда 31,2% (Ресейде – 46,7%, Беларусьте – 49,7%, ЕО-да – 47,9%).

Кедейшілік неге көбейді? Бұл – қо­ғамның өзекті сауалының бірі. Са­рапшылардың айтуынша, елде жұ­мыс істейтін кедейлердің саны өс­кен. Талдау нәтижесі көрсеткен­дей, соңғы 10 жылда халық табы­сының үлесі 10,8 процентке төмен­деген. Мұның бір себебі – өнімсіз жұмыспен қамтылу үлесінің өс­кені. Яғни халықтың едәуір бөлігі өнімділігі төмен еңбекпен айналысады және табысы да төмен. Екінші мәселе – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасындағы кедейшіліктің өсуі. Халықтың тағы бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығанмен, айтарлықтай деңгейде табыс таппауы кедейшіліктің өсуіне әсерін тигізіп отыр. Нақты ақпаратқа жүгінсек, Қазақстанда өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған 2 млн-нан астам адам бар, олардың 85%-ы айына 100 мың теңгеден аз табыс табады, 10%-ының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш шамамен 30%-ға жетеді.

Сонымен қатар экономиканың өнімділігі төмен салаларында жұ­мыспен қамтудың басым болуы да кедейшілік деңгейінің артуына әсерін тигізіп отыр. Елдегі жұмыс­пен қамтылу деңгейіне талдау жасалғанда 4,9 млн адам немесе жұмыс істейтін халықтың 56,3% өнімділігі төмен еңбекпен айналысатыны анықталған. Бұл  жалдамалы 3 млн жұмысшы жалақы­сы аз, өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейді дегенді білдіреді.

Елдегі халық табысының төмен­дігін, кедейшілік үлесін есепке ала отырып, талдау негізінде қабыл­данған бағдарламаның алға қойған мақсаты бар. Яғни бағдарлама жүзеге асқанда елде 2 млн жұмыс орнын құру, халықтың нақты табысының 4-5 пайыз орташа жыл­дық өсу қарқынына ықпал ету. Бағдарлама 4 бағыт бойынша іс-шараларды қамтиды: Бірінші, бюджеттен төленетін жалақына арттыру. Екінші, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысын арттыру. Үшінші, халық табысының сатып алу қабілетін арттыру. Төртінші, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін шаралар қабылдау.

Премьер-министрдің орынбаса­ры Ералы Тоғжановтың айтуынша, бағдарламаның маңызды бөлігі жаңа экономикалық өсуге арналған. Сонымен қатар халықтың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, жаңа дағдылар мен кәсіпке баулитын жанама шаралардан құралған. Бағ­дарлама аясында 1,1 млн-нан аса жұмысшының еңбекақысын арт­тыру көзделген. Соның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлығы өспек. Дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 173,5 мыңнан 250 мың теңгеге дейін артпақ.

Премьер-министрдің орынбаса­ры­­ның айтуынша, бағдарламаның жанама шаралары – өңдеу­ші өн­дірістің өнімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, кәсіп­тік даярлауға бағытталған. Азамат­тардың кәсіпкерліктен түсетін табысын арттыру мақсатында елі­мізде 50-ден аса ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру көзделген. Оның бір көрінісі ретінде Қызылорда облысындағы шыны зауыты айналасында 8 шағын зауыт­тан тұратын шағын және орта кәсіп­керлік белдеуі құрылмақ.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін халықтың сатып алу қабілетін қорғау мақсатында импортты азайту міндеті орындалуы тиіс. Бұл мақсатта ірі 87 тауарлы сүт фермасы, 14 ет комбинаты, 17 құс фабрикасы іске қосылып, 6,6 мың гектар бақ пен қант зауыты пайдалануға берілмек. Премьер-министр орынбасары Е.Тоғжановтың Сенат депутаттары алдында жасаған баяндамасына сүйенсек, алдағы уақытта бақша сүт, бал өнімдерін өндіретін 9 мыңнан аса отбасылық қосалқы шаруашылықты біріктіретін 280 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланған. 2025 жылға дейін 450 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспары агроөнеркәсіп саласын дамыту «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске аспақ.

Халықтың әлеуметтік осал топ­тарын жұмыспен қамту да бағ­дарламадан тыс қалмаған. Сонымен қатар әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда. Бұл мақсатта әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар ашылып, нәзік жандар өз кәсібін бастауға тегін сабақ алады. Нәтижесінде жыл сайын 20 мың әйелді жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жұмысты Аналар кеңесі үйлестірмек.

Сондай-ақ креативті индустрия­ны елде дамыту бағдарламасы ая­сында жүзеге асыруға мүмкіндік болмақ.

«Бүгінде табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бі­рі – креативті индустрия саласы. Әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы 2,3 трлн долларды құрайды. Осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын-сауық нарығында же­тінші орынға шықты. Бүгінде бұл елдің креативті экспорт көлемі 12 млрд доллардан асты. Сондықтан креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Біріншіден, елімізде 3 мыңға жуық мәдениет ұйымы бар. Ең алдымен осы ұйымдардың креативті идеялар үшін ашықтығын қамтамасыз етеміз. Екіншіден, мәдениет ұйымдарында құрал-жабдықтар қоллдана отырып, жаңа креативті өнім шығаруға ниетті азаматтарға толықтай мүм­кіндік беріледі. Үшіншіден, қазір мәдениет ұйымдарының мүлкін пайда табу мақсатында тиімді пайдалану механизмдерін реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Түскен табыс сол ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға және қызметкерлердің жалақысын арт­тыруға жұмсалады. Бұл мәдениет ұйымдарын экономикалық айна­лым­ға енгізуге мүмкіндік береді», – дейді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бағдарлама аясында халықты жұ­мыспен қамтудың барлық мүмкін­діктерін қарастыру назарға алынған. Мәселен, жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге ар­налған жастар практикасы», «Ұр­пақ­тар келісмшарты» жобасы жүзеге аспақ. Сондай-ақ түлектер­ді жұмысқа орна­ластыруға жәрдем­десу үшін ЖОО-лар жанынан мансап орталықтарын құру, жас­тарға 400 АЕК дейінгі мөлшерде өтеусіз гранттар беру арқылы 10 мың жаңа бизнес идеяны іске асыру көзделген. Ал зейнет алды жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған «Күміс жас» бағдарламасын іске аспақ.

Өңірдегі ахуал қалай?

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, бүгінде жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру бағыты бойынша жұмыс жүруде.

– Бұл шаралар өз кезегінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын халықтың үлесін азайтуды, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді және жыл соңына дейін 31 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруды көздеп отыр. 1 шілдеге дейін облыста 11836 жаңа жұмыс орны құрылды. 3029 жұмыс орны тұрақты, 8807 жұмыс орны уақытша. Бұған қоса, өңірлік жұмыспен қамту картасына енгізілген ұлттық жобалар шеңберінде бүгінгі күнге 559 жұмыс орны құрылды. Ұлттық жобаға қатысуға 16474 адам тіркелсе, 6228 адам бос жұмыс орнына, 1299 адам электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқудан өтіп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алған. Субсидияланатын жұмыс орнына 8720 адам жұмысқа орналасып, оның 463-і әлеуметтік жұмыс орнына, 1004 адам жастар тәжірибесіне, 7169 адам қоғамдық жұмыстарға, 43 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 18 адам «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына, 23 адам «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа орналасты, – дейді басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев.

Сондай-ақ 156 адам кәсіп бастауға қайтарымсыз грант алса, 359 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын оқуда.

Тағы бір атап айтарлығы, бүгінде «Отбасының цифрлық картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілген.

– Ақпараттық жүйе әлеуметтік қолдауды және жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтарды «ерте анықтау» принціпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте цифрлық карта арқылы әлеуметтік жағдайы жоқ, қолдауды қажет ететін азаматтардың портреті жасалып, нақты қажеттіліктері анықталады. 1 қыркүйектен бастап әлеуметтік көмек түрлеріне үміткер азаматтарға автоматты түрде смс хабарламалар жіберіледі, – дейді басқарма басшысы.

Елде бағдарламаны жүзеге асыру жұмысы басталып кетті. Ең бастысы, бағдарлама нәтижесін халық сезінуі тиіс. Елді жұмыспен қамтуға, кедейшілікті азайтуға, халықтың табысты болуын мақсат еткен бағдарламадан күтеріміз көп. Ендігі міндет – бағдарламаның мақсатына жетуі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: