Қыркүйектің қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 549,07 теңгеге дейін әлсіреді. Яғни бір айда теңгенің құлау көрсеткіші 1,9% пайыз болды. Неге теңгенің курсы қайта-қайта құбыла береді? Теңге күшейгеннен көрі көбірек әлсірейді? Бұл сұрақтардың жауабын сарапшы Айбар Олжайдан білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың басында теңге бағамы долларға шаққанда 526,11 болған. Ал бүгін Қазақстан қор биржасында курс 536, 88 көрсетіп тұр. Сонда жыл басынан бері теңге шамамен 2,9 пайызға әлсіреген.
Теңгенің бізді қоршап тұрған көрші елдердің валютасынан басты айырмашылығы – теңге еркін айналымдағы толық конверттелетін халықаралық валюта. Біз саналы түрде осындай шешім қабылдағанбыз. Соның арқасында көптеген ішкі және сыртқы инвесторлар біздің биржаға келуде, жұмыс істеуде. Яғни теңгенің өз өмірі бар, ал оның бағамын нарық бекітеді. Мысалы, Әзірбайжан мен Қырғызстанның валюталары таргеттелген курс режимінде, яғни еркін валюта емес, олардың билігі манат пен сом бағамын бекітіп отырады, – дейді Айбар Олжай.
Сарапшы әр валютаның сипаттамасы мен қазіргі жағдайын түсіндірді.
Теңге дәл қазір ТМД аумағының басты валютасы. Себебі ол еркін конверттеледі. Сондықтан теңгенің курсын ешкім арнайы бекітпейді. Бағам Қазақстан қор биржасындағы (KASE) алып-сату нәтижесінде белгілі болады. Қазақстан қор биржасында валюталық сауда-саттық алаңшасы деген бар. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы сол алаңшадағы USD/KZT жұбы саудасының қорытындысы бойынша анықталады. Таңғы сауда сессиясы Астана уақытымен сағат 10:15-те басталып, 11:00-де аяқталады. Сонымен бірге, түскі және кешкі сессиялары бар. Демек сағат 11-00-ден кейін сол күнгі теңгенің алғашқы нарықтық бағамы анықталады. Ал сол күннің қорытынды курсы кешкі сессия аяқталған 17-00 сағаттан кейін белгілі болады. Осы сауда-саттыққа банктер, шетел валютасымен операция жасайтын түрлі компаниялардың тапсырмасын орындайтын брокерлер, валюта айырбастау фирмаларының өкілдері қатысады. Орта есеппен, қазіргі таңда валюта биржасында 33 белсенді ойыншы бар. Банктер де осы тізімге кіреді. Осы нарықтық қатысушылар тарапынан жасалатын сұраныс пен ұсыныс көлемі теңгенің күн сайынғы құбылуына әсер етіп, оның бағамын анықтап отырады, – дейді ол.
Демек биыл орта есеппен USD/KZT жұбында бір күнде 220 миллион долларға сауда-саттық операция жасалып жүр. Бір айда шамамен 20 жұмыс күні бар деп есептесек, биылғы алғашқы 9 айда теңгенің доллармен алыс-беріс айналымы 39-40 миллиард долларға жеткен.
Теңгенің курсы долларды сатып алу/сатудың Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта тіркелген өткен ең төменгі бағасы мен ең жоғарғы бағасының ортақ мәнінен құралады. Мысалы, ең төменгі мәміле бір долларға 545,86 теңге, ал жоғарғы мәміле долларына 549,07 болса, осы екеуін қосыңыз да, екіге бөліңіз. Сонда теңге құны сол сессия нәтижесінде 547,46 болып белгіленеді. Биржалық стакан деген ұғым бар. Егер биржада ойыншылар долларды көбірек алып жатса, онда долларға сұраныс көп болып, оның курсы өседі. Керісінше теңгеге сұраныс көп болса, демек теңге күшейеді деген сөз. Бәрі таза нарық, – деді сарапшы.
Айбар Олжайдың айтуынша, теңгені басып шығаратын Ұлттық Банк курсты реттеу режимінен 10 жыл бұрын кетіп қалған. Қазір Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу режимінде жұмыс істейді. Яғни басты бағыты – инфляцияны белгілі бір шек аясында ұстап тұру. Бір сөзбен айтқанда, теңге тағдыры нарықтың жеке қолына берілді. Ал мемлекет бар күшін тек инфляцияға салады.
Бұл өте жақсы. Себебі, бұған дейін бірнеше рет орын алған күтпеген девальвациялардан кейін халықтың теңгеге деген сенімі жоғалып кеткен болатын. Ал девальвациялар әу баста теңгені нарық емес, мемлекет өзі реттеп отырғандықтан болды. Яғни, оның курсы жасанды түрде, түрлі саяси науқандарға, мысалы Назарбаевтың сайлауы қарсаңында, соған қатысты қолдан ұсталып отырды. Теңгені қолдан ұстап тұру өте қымбат. Оған бір айда 2-3 миллиард доллар керек. Ашығын айту керекпіз, мысалы 2014-2015 жылдары бізде мемлекеттің алтын-қор резерві, шамамен 20 миллиард доллар босқа жағылып кетті, – деді ол.
Ұлттық Қордан республикалық бюджетке қаржы аударғанда, биржада қордан келген долларды теңгеге ауыстыру қажет болады. Оның іс-қимыл кестесі алдын-ала жарияланады. Нарық қатысушылары бәрін көріп, бақылап жүреді. Яғни, мемлекет валюта нарығында күтпеген іс-қимылдар жасамайды. Одан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры керісінше халықтан теңгелей жиналған зейнетақы салымдарын бекітілген график бойынша долларға ауыстырып отырады
Ұлттық Банк алтын операцияларын айналдырады. Ол не деген сөз? Еліміздегі алтын өндіруші компаниялар сол алтындарын Ұлттық Банкке өткізуге міндетті. Ұлттық Банк олармен теңгемен есептеседі. Сол уақытта, нарықта басы артық теңге массасы көбейіп, инфляция күшеймеуі үшін Ұлттық Банк сол алтынның нарықтық құнын доллармен биржаға шығарады, яғни алған алтынына парапар долларды биржада сатады. Сонда мемлекет те күнделікті режимде осы биржаның қатысушысы болып табылады. Мемлекет екі жағдайда, Ұлттық Қор ақшасын бюджетке аударған кезде және алтын операцияларын айналау кезінде долларды сатады. Ал Жинақтаушы зейнетақы қорына доллар керек кезде керісінше долларды сатып алады. Күнделікті режимде мемлекеттің биржа операцияларындағы үлесі шамамен 12-13 пайыз болады. Қалғаны нарықтікі, – деді сарапшы.
Теңге биыл неге әлсіреуде?
Егер елге импорт көп келетін болса, онда биржада долларға сұраныс көп болады. Себебі, импортерлерге сырттан тауар сатып алу үшін доллар керек. Ал экспорттық түсім импорттан артық болатын болса, тиісінше теңгенің позициясы жақсы болады.
Біздің негізгі экспорттық түсім мұнай бағасынан келеді. Егер мұнай бағасы арзандаса, бізге экспорттан келетін мұнай долларлары азаяды. Мұнай компанияларының салық пен жалақы төлеу үшін биржада доллар сататын операцияларының көлемі қысқарып қалады. Онда биржада теңгеге деген сұраныс азайып, биржалық стакан доллардың қүнын көтеріп, теңгені керісінше түсіре бастайды. Мұнайдан кейінгі фактор – рубль. Теңге мен рубльді бірнеше миллиард долларлық экспорт пен импорт байланысы ұстап тұр. Сондықтан рубль құласа, биржадағы ойыншылар психологиялық тұрғыда теңгенің де құлауын күтеді де, теңгенің барлығын құтылу үшін асығып биржада сата бастайды. Үшінші фактор – маусымдық құбылыстар. Жыл сайын 4 рет жүретін салық аптасы кезінде компаниялар салық төлеу үшін долларларын теңгеге айырбастай бастайды. Ол кезде теңге күшейеді. Және жазғы демалыс пен қысқы жаңа жылдық демалыс маусымы алдында халық шетелге шығу үшін долларды айырбастау бекетінде көптеп ала бастайды. Сол кезде теңге әлсіреп, доллар күшейеді, – деді Айбар Олжай.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!