Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов 2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдеріне салынатын салыққа қатысты өзгерістерді түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшы жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ салымшылары үшін қандай жаңалықтар енгізілгені, салық салу тәртібінің қалай өзгеретіні және азаматтардың нені ескеруі керек екенін егжей-тегжейлі түсіндірді.
2026 жылдан бастап салық болмайды
Мұрат Шәріповтың айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын төлемдеріне жеке табыс салығы салынбайды. Бұл төлемдер қатарына зейнетақы төлемдері, мұрагерлерге берілетін қаражат және тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге бағытталған жинақтар кіреді. Салық тек қана Қазақстан азаматы емес тұлғалардан ғана ұсталады, – деді спикер.
Қазір жағдай қалай?
Қор өкілінің түсіндіруінше, қазіргі таңда зейнетақы қорынан алынатын барлық төлемнен 10% мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталып келеді.
Мысалы, тұрғын үй алу немесе емделу мақсатында алынған қаражаттан да осы салық алынады.
Келесі жылдан бастап бұл 10% салық мүлде алынбайды. Алайда азаматтар бұрын салықты бірден төлеп қойған болса, ол қаражат қайтарылмайды. Егер кейінге шегерілген салық міндеттемесі болса, ол жойылады, – деп нақтылады Шәріпов.
Кімге жеңілдік бар?
Мұрат Шәріпов атап өткендей, жаңа өзгерістерге сәйкес, Салық кодексінің 346-бабында көрсетілген кейбір санаттағы азаматтарға жеңілдіктер беріледі.
Бұл қатарға мүгедектігі бар тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі баланы асырап алған ата-аналар, Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар және басқа да әлеуметтік топтар кіреді.
Бұл азаматтар 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш беріп, өздерінің осы санатқа жататынын растайтын құжаттарын тапсыруы керек. Егер құжаттар заңға сәйкес болса, бұрын төленген салық бюджеттен қайтарылады, – деді спикер.
Қайтару үшін не істеу керек?
Жеке табыс салығын қайта есептеу үшін азаматтар БЖЗҚ бөлімшесіне өтініш және тиісті құжаттарды тапсырады. Құжаттар расталғаннан кейін, төленген қаражат зейнетақы шотына қайтарылады. Кейбір азаматтар заңдағы жеңілдіктер күшіне енбей тұрып, салықты бірден төлеп қойған. Мұндай жағдайда салық қайтарылмайды. Ал кейінге шегерілген төлем болса, міндеттеме алынып тасталады, – деп түсіндірді басқарушы директор.
Бұған дейін мұндай жеңілдіктерді пайдалану мерзімі үш жыл болған еді. Енді бұл мерзім бес жылға дейін ұзартылды.
Осы жеңілдікті қолдануға үш айдай уақыт қалды. Жыл соңына дейін өтініш тапсырып үлгерген жөн, – деп ескертті Шәріпов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!