Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кәсіпкерлермен кездесуде жаңа Салық кодексіндегі бизнес санаттары мен жеңілдетілген салық режимін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа ережелер шағын және микро бизнес субъектілерінің қызметін реттеуге және көлеңкелі еңбекақы төлеу тәжірибесін азайтуға бағытталған.
Микробизнес деп орташа штат саны 15 адамнан аспайтын, ал жылдық кірісі 30 мың айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 110 миллион теңгеден) аспайтын субъектілер саналады. Ал шағын бизнес үшін бұл көрсеткіш 16-дан 100 адамға дейінгі штат және 30 мыңнан 300 мың АЕК аралығындағы табыс, яғни шамамен 1 миллиард теңгеге дейін, — деді Ержан Біржанов.
Вице-министр түсіндіргендей, жаңа кодекс бойынша шағын бизнес өкілдері 100 миллион теңгеден жоғары табысқа жеткен жағдайда ғана жалақыны шегерімге енгізе алады. Бұл норма, оның айтуынша, бизнесті қызметкерлерінің еңбекақысын ашық көрсетуге ынталандыру мақсатында енгізілген.
Бұған дейін көптеген кәсіпкер өз қызметкерлерін минималды жалақымен көрсетіп келген. Бірақ ертең ол қызметкер зейнетақы не сақтандыру төлемдерін алғанда зардап шегеді. Сондықтан біз бизнеске де, жұмысшыға да әділ жүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз, — деді ол.
Сондай-ақ Ержан Біржанов жеңілдетілген салық режимі шағын бизнеске тиімді екенін атап өтті.
Арнайы салық режимі бойынша салық жүктемесі бар болғаны 4%. Ал жалпыға бірдей режимде бұл 20%. Сондықтан бұл жерде бизнестің мүддесіне қайшы ештеңе жоқ. Керісінше, біз заңда ашық есеп жүргізуді және жұмысшылардың нақты табысын көрсетуге ынталандыруды көздеп отырмыз, — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа талаптар шағын кәсіп иелеріне салық салу тәртібін жеңілдетіп, сонымен қатар еңбек қатынастарын заңдастыруға ықпал етеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!