Дүйсенбі, 06 қазан, 13:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№75,2187
04.10.2025
PDF мұрағаты

Жаңа ереже: Сатушылар екі түрлі баға көрсетуге міндеттеледі

06.10.2025

138 0

Фото: BAQ.KZ - архив

Қазақстанда бөліп төлеу арқылы тауар сататын кәсіпкерлер үшін жаңа талап енгізілмек. Енді әрбір сатушы тауар бағасын екі түрде көрсетуге міндетті болады – қолма-қол төлеу бағасы және бөліп төлеу бағасы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл норма бірнеше министрлікпен келісіліп, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы №264 бұйрығына өзгеріс енгізуді көздейді. Құжат жобасында былай делінген:

Сатушы (оның ішінде интернет-дүкен) сатып алу-сату шартын жасасар алдында тұтынушыға тауарды өз қаражаты есебінен бөліп төлеу арқылы өткізу және бір реттік төлем арқылы өткізу кезінде оның бағасын бөлек көрсете отырып, тауардың құны, төлем рәсімі, жеткізу шарттары мен кепілдік мерзімі туралы ақпарат ұсынуы тиіс.

Бұл шешім сатушыларға қосымша жүктеме әкелмек, өйткені олар бағаларды қайта есептеп, кассалық және онлайн жүйелерін жаңартуы қажет. Алайда, тұтынушылар үшін бұл ереже ашықтық пен айқындықты арттырады – енді әркім тауардың шынайы құнын көре алады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова тауарларға екі түрлі баға қойылуы керек деген бастаманы бұған дейін көтерген еді.

Қарыз жүктемесі мен сауда айналымына ықпалы

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, бөліп төлеуді банк арқылы рәсімдеу несиемен теңестіріледі, сондықтан бұл ереже халықтың қарыз алу қабілетіне тікелей әсер етуі мүмкін.

Бөліп төлеу банктер арқылы рәсімделгендіктен, ол да кредитке тең болып есептеледі. Қазірдің өзінде тұтынушылық қарыз көлемі 2025 жылдың бірінші жартысында 8,5 триллион теңгеден асып отыр. Егер бөліп төлеу жүйесі қысқартылса, халықтың қарыз алу мүмкіндігі азаяды. Бұл қысқа мерзімде сауданың төмендеуіне әсер етуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде азаматтардың қаржылық тәртібін жақсартуға ықпал етеді, – дейді сарапшы.

Бауыржан Ысқақ қазіргі таңда сауда орындарының көпшілігі бағаны әдейі 15-20% көтеріп қоятынын айтады. Сөзінше, бұл банктерге төленетін комиссия шығынын жабу үшін жасалады.

Егер жаңа ереже бойынша банктердің қатысуы қысқарса, кейбір сатушылар бұл үстемені азайтуы мүмкін. Бірақ бәсеке төмен салаларда, әсіресе электроника мен тұрмыстық техника нарығында, баға сол күйі қалуы да ықтимал, – дейді экономист.

Оның пікірінше, бұл өзгеріс банктер үшін тиімсіз, өйткені олар бөліп төлеу мен тұтынушылық несиелерден айтарлықтай пайда көріп отырған. Ал сатушылар мен тұтынушылар үшін әсері аралас болуы ықтимал.

Бастапқыда клиенттер азайып, сауда көлемі төмендеуі мүмкін. Бірақ банк комиссиясы қысқарса, сатушылардың маржасы өседі. Ал егер баға расында төмендесе, тұтынушы ұтады. Алайда баға өзгермесе, халық қолжетімді қаржы құралынан айырылады, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Сарапшы түйіндей келе, бұл шараның қысқа мерзімде тұтынушылар үшін қолайсыз, бірақ ұзақ мерзімде қаржылық тұрақтылықты арттыруы мүмкін екенін атап өтті.

Айдархан Құсайынов: “Мемлекеттің қадамы тепе-тең, бірақ тәуекелі бар”

Тағы бір сарапшы Айдархан Құсайынов жаңа талаптың нарыққа әсерін сәл басқаша бағалайды.

Мемлекет бұл шара арқылы қолма-қол төлем бағасы төмендейді, ал бөліп төлеу бағасы сол қалпында қалады деп күтеді. Бірақ керісінше болуы да мүмкін — қолма-қол баға өзгермей, бөліп төлеу бағасы қымбаттауы ықтимал. Ресми инфляция 9% делінгенімен, нақты көрсеткіш бұдан жоғары: азық-түлік бойынша 12,7%, азық-түлік емес тауарларда 10,7%, – дейді сарапшы.

Құсайынов баға айырмашылығын қалай және кімнің бағалайтыны туралы сұрақтар ашық екенін атап өтті.

Баға айырмашылығын кім есептейді? Егер айырмашылық 1 теңге болса, бұл бұйрықты орындау ма, әлде формалды көзбояушылық па? Ал талапты орындамағандарға қандай жауапкершілік қарастырылған? Бұл нақты анықталуы керек, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, ереже формалды түрде орындалса немесе айырмашылық аз болса, бұл мемлекеттің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Сонымен бірге ол үкіметтің жалпы бағытын теңгерімді деп бағалады.

Иә, бұл араласу еркін нарық қағидаларына сай емес, бірақ бір жағынан қолма-қол төлей алатындардың мүддесін қорғайды. Ал табысы төмен тұтынушылар көбірек төлейді. Сонымен қатар мемлекет әлеуметтік маңызы бар тауарларға бұрынғыдай қатты баға реттеуін қолданбайды. Яғни бір сегментте бақылау күшейсе, екіншісінде әлсірейді, – дейді Құсайынов.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: