Кәсіпкерлермен өткен кездесуде үкімет өкілдері жаңа Салық кодексінде қарастырылған өзгерістерді түсіндіріп, шағын және орта бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесуде кәсіпкер салық жүйесінің тиімділігі мен тең мүмкіндіктерге қатысты өз сұрағын көтерді. Ол үкіметтің қарапайымдатылған салық салу режимін сақтап қалу туралы шешімін оң бағалап, бұл шешім бизнес қауымдастығының үнін ескерген маңызды қадам екенін атап өтті.
Кәсіпкердің айтуынша, шағын бизнес пен ірі бизнес арасындағы ынтымақтастық деңгейін арттыру экономикалық өсімнің жаңа көзіне айнала алады. Мысалы, дамыған елдерде мұндай интеграция ЖІӨ-ні 5-10 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ол жаңа Салық кодексіндегі кейбір шектеулер шағын бизнестің ірі компаниялармен жұмыс істеуіне тосқауыл болуы мүмкін екенін атап өтіп, мұндай жағдай тең экономикалық мүмкіндіктер қағидатына қаншалықты сай келетіні жөнінде сұрақ қойды.
Егер Қазақстанның мақсаты – баршаға тең мүмкіндік беретін әлеуметтік мемлекет құру болса, онда шағын бизнесті ірі сегменттен шектеу бұл мақсатқа қалай көмектеседі? — деді кәсіпкер.
Ержан Біржанов: “Кәсіпкерлердің басым бөлігі жеңілдетілген режимде қала береді”
Кәсіпкердің сұрағына жауап берген Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі аясында шағын және орта бизнеске арналған жеңілдіктер сақталғанын айтты.
Кеше қабылданған шешім көптеген мәселені шешті. Бұрын кәсіпкерлер жеңілдетілген режимнен жалпыға ортақ салық жүйесіне өтеді деп қауіптенген еді. Қазір бұл мәселе жойылды – салық төлеушілердің шамамен 1,9 миллионы арнайы салық режимінде қалады. Олардың арасында өзара есеп айырысуда ешқандай шектеу немесе тосқауыл болмайды, — деді Біржанов.
Вице-министрдің айтуынша, жалға алу және өзара қызмет көрсету салаларындағы бұрынғы шектеулер де алынып тасталды.
Бұрын 2000 шаршы метрге дейінгі жалға алу бойынша шектеулер болған еді, қазір олардың барлығы жойылды. Яғни, бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасалды, — деп түсіндірді ол.
Біржанов сонымен бірге салық ауыртпалығын азайту бағытында қосымша ұсыныстар қарастырылып жатқанын атап өтті.
Қазір депутаттар тарапынан салық мөлшерлемесін төмендету бастамалары бар. Бұл бағытта да жағдайды жеңілдету мәселесі талқыланып жатыр, — деді вице-министр.
Азамат Әмрин: Арнайы салық режимі тек халыққа қызмет көрсететін бизнеске арналуы тиіс
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин өз кезегінде арнайы салық режимінің қолданылу аясын нақтылау қажеттігін айтты.
Арнайы салық режимі тек халықпен тікелей жұмыс істейтін B2C бизнеске арналуы керек. Мысалы, мейрамханалар, қызмет көрсету орындары. Ал егер кәсіпкер заңды тұлғалармен жұмыс істесе, онда бұл басқа деңгейдегі есеп пен бақылауды талап етеді, — деді Әмрин.
Оның айтуынша, B2C бизнес үшін табыс шегі 2 млрд 350 млн теңгеге дейін ұлғайтылған.
Бұл шешім екі жыл бойы бизнес өкілдерімен және депутаттармен бірлесіп талқыланды. Негізгі мақсат – әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету және көлеңкелі айналыммен күрес. Өйткені көлеңкелі бизнес ең алдымен өз әріптестеріне әділетсіз бәсеке тудырады, — деді вице-министр.
Азамат Әмрин сонымен бірге жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін “таза парақтан бастау” мүмкіндігін беретінін, микробизнеске тексерулерді азайту және салықтық жүктемені жеңілдету шаралары қарастырылғанын айтты.
Біз жаңа жүйені енгізе отырып, бизнеске сенім артамыз. Басты мақсат – кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және олардың дамуын ынталандыру, — деп түйіндеді Әмрин.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!