Қызылорда облысында кәсіпкерлер 12 африкалық түйеқұсты жерсіндірді. Алдағы уақытта аймаққа тағы 100 бас түйеқұс әкелінеді.
Сырдария ауданы Бесарық ауылында арнайы салынып жатқан қоражайда 100 түйеқұс күтімге алынып, инкубатор арқылы 2 есеге дейін көбейтіледі. Басты мақсат – еті мен жұмыртқасын өндіріп, ішкі және шетелдің нарығына шығару. Айта кетері, 1 түйеқұс орташа есеппен 80 келі ет береді екен.
«Етінің бағасы, шамамен, 1 келісі 7 мың-12 мың теңге арасында. Сұранысқа байланысты. Жұмыртқасының бағасы 3-5 мың аралығында. 1 жұмыртқасының салмағы 2,5 келіден 4 келіге дейін болады. 1 аналығынан маусымына 50-60 дана жұмыртқа алуға болады екен», – дейді серіктестік директорының орынбасары Жасұлан Әбдірашитұлы.
Мамандардың айтуынша, түйеқұс бұл аймақтың қатаң климатына тез бейімделеді. Өйткені ыстық пен суыққа төзімді келеді екен. Азық талғамайды. Төрт түлікке беретін жоңышқа мен құрама жемді жей береді.
Жоба жүзеге асса, қосымша 10 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұған дейін ауданда өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту аясында 450 адам жұмыспен қамтылған.
«Құны 3 миллиард теңгеге тең жобалар тізімін жасақтадық. Оның ішінде ауданымыз аграрлық сала болғанмен де, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласына басымдық беріп отырмыз», – деді Сырдария аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!